«100 нақты қадам»: Сот жүйесі айқын бағытпен дамуда

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас болып көрсетуде баламасы жоқ, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын Ұлт жоспары - Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін жасаған ғасырлық межесі. Өткір де ұтқыр идеяға құрылған 5 институционалдық реформа дегеніміз: қазіргі заманғы мемлекеттік аппаратты қалыптастыру, заң үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім , болашағы біртұтас ұлт, транспарентті және есеп беруші мемлекет. Осы реформалар мен алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыру үшін ел Президенті 100 нақты қадамды айқындап берді.

Заңдарды мүлтіксіз сақтаған мемлекет қана өркен жайып, гүлдене бермек. Президенттік реформада басты бағыттардың бірі ретінде заң үстемдігіне басымдылық беріліп отырғаны да сондықтан.

«100 қадам» Ұлт Жоспары реформасында сот жүйесіне баса назар аударылған. Бұл мемлекеттің одан әрі дамуындағы соттардың ерекше рөлін көрсетеді. Қазіргі уақытта сот төрелігін тиімділік деңгейі экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және өзге де салаларын табысты жаңғыруын айқындаушы фактор болып табылады. Бұл бәсекеге қабілетті ұлтты дамыту үшін қажетті шарт. 

Бүгінде Жоғарғы Сотта жүктелген екінші институционалды реформаның барлық 11 қадамы заңнамалық тұрғыдан іске асырылуда.

«Аталған бағыттағы жұмыс тиісті мерзімде және лайықты деңгейде жүргізілді. Ұлт Жоспарында сот жүйесі бойынша бекітілген барлық жаңашылдықтар 2016 жылдан бастап іске асуда. Бұл жаңашылдықтардың барлығы отандық сот жүйесін неғұрлым жаңғырта түсті», - дейді ҚР Жоғары Сотының Қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы Абай Раxметуллин.

Қазақстанда жаңа Азаматтық процессуалдық кодекс пен «Жоғары сот кеңесі туралы» жаңа заң қабылданды. Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңға, қылмыстық-процессуалдық кодекс пен әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Бұл заңдардың әлеуеті зор екендігін атап өткен жөн. Мемлекет басшысының жаңа редакциядағы «Азаматтық-процессуалдық кодекске» жариялы түрде қол қоюы - оның ел өміріндегі маңыздылығын айқын көрсетті. Президент жаңа кодекс республиканың құқықтық кеңістігі түбегейлі жаңаша өзгерістер әкелетіндігін айрықша атап өткен болатын. Азаматтық-процессуалдық кодекс сот төрелігі тиімділігін арттыру және сот даулары бойынша бітімгершілік институтын қалыптастыруға бірқатар мәселелерін шеше алады. Жалпы алғанда, жаңартылған заңнама қоғамның сот жүйесіне деген сенімін арттыруға ықпал ететін болады.

Сот жүйесінің басты проблемаларының қатарында мемлекет басшысы судъяларды іріктеудің олқылығын, томаға тұйықтығын атады. Сол себепті Қазақстанда судья қызметіне іріктеу тетіктері мен талаптары күшейтілді.

 «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында сапалы судьялар корпусын қалыптастыруға ерекше мән берілген. Судьялар корпусы абыройлы, кәсіпқой, руxани бай, тәжірибелі, өз кәсібіне жауапты азаматтар алынуы тиіс. Сол себепті Жоғары сот кеңесі түбегейлі реформаланды. Құқықтық сот институты Жоғары Сотқа берілді.

Ұлт жоспарының 17-қадамы - бұл судья лауазымына іріктеудің тетіктері мен талаптарын күшейту. Енді аудандық сот судьясы қызметіне 25 жастан асқан, жоғары заңгерлік білімі бар, жоғары руxани-моральдық қасиеттерге ие және репутациясы мінсіз азаматтар ғана алынады. Кандидат осы салада, нақ осы сот ісінде кемінде 5 жыл жұмыс істеуі тиіс және кемінде 10 жыл заңгерлік салада істеген болуы қажет. Оған сот жүйесінде қызмет атқарған кеңесшілер, xатшылар, көмекшілер, судьялар жатқызылады. Сонымен қатар осы іспен етене жақын прокурорлар мен заңгерлер де кіреді.

Оның үстіне ҚР Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 19-қадамы аясында судьялардың жаңа этикалық кодексін әзірлеу тапсырылған. Мұндай Кодекстің қабылдануы арқылы азаматтар судьялардың іс-әрекеттеріне байланысты Жоғарғы Сот жанындағы сот жюриіне шағым тастай алады.

Судьялардың Этикалық кодексінде судьяларға Президент пен халық ескерген талаптардың барлығы кіріп отыр. Кодекс Бангалор принципі мен ең үздік халықаралық тәжірибенің негізінде жасалады. Судьялардың жаңа кодексі судьялардың кезектен тыс жетінші съезінде қабылдау жоспарлануда. Ол биыл маусым айында өткізіледі. Жоғары Соттың ақпараты бойынша, бұл кодекстің жобасы дайын болып та қалды.

Сонымен қатар, жоғарыда айтқан Жоғарғы Сот жанындағы Сот жюриі азаматтардың судьялар мен судьялық корпустың іс-әрекетіне қатысты арыздарын қарайды. Ұлт Жоспарының 19-шы қадамында азаматтар судьялардың әрекеттері бойынша еліміздің Жоғарғы Сотының жанынан құрылған арнайы сот алқасына шағымдануы туралы айтылған. Осы шараны жүзеге асыру үшін 2015 жылдың 4 желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» конституциялық заңына, сонымен қатар «ҚР Жоғары сот кеңесі» заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Жоғарғы Сот жанындағы сот жюриі екі комиссиядан тұратын болады. Бұл - біліктілік комиссиясы және тәртіп комиссиясы.

Біліктілік комиссиясы 7 судьядан тұрады, олардың құрамына облыстық соттардың екі судьясы, Жоғарғы Соттың екі судьясы және отставкадағы үш судья кіретін болады. Ал тәртіп комиссиясы 9 судьядан тұратын болады. Олардың құрамына аудандық және оған теңестірілген соттардың үш судьясы, облыстық және оған теңестірілген соттардың 3 судьясы және Жоғарғы Соттың 3 судьясы кіретін болады.

Біліктілік алқасы жоғарыда айтылған заңдарға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты судьялыққа үміткерлер бір жыл тағылымдамадан өткеннен кейін, сол судьяға үміткерлерден біліктілік емтиханын қабылдайтын болады. Олар судьялық қызметке тағайындалғаннан кейін, бес жылдан кейін тағы да осы біліктілік алқасында емтихан тапсыратын болады. Сонымен қатар аудандық, облыстық және Жоғарғы Сот судьялары жоғарғы тұрған лауазымға байқауға қатысқан кезде өздерінің біліктілігін арттыру үшін осы комиссияда емтихан тапсыратын болады.

Аудандық соттардың төрағаларына, облыстық соттардың алқалық төрағаларына және облыстық соттардың төрағалары лауазымдарына байқауға қатысқан кезде осы біліктілік алқасында емтихан тапсырады. Тәртіптік комиссияда судьялардың әрекеттеріне келіп түскен істер бойынша, тәртіптік мәселесі бойынша қаралатын болады. Сонымен қатар Жоғарғы Соттың және облыстық соттардың төралқа мәжілісіне келіп тұрған ұсыныстарды қарайды. Міне, Ұлт Жоспарының 19-қадамында көрсетілген сот жүйесіне қатысты мәселелер осындай. Бұл мәселелер сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стамбұл жоспарын орындау барысында енгізілген.

«100 нақты қадам» реформасы аясында енгізілген тағы бір жаңашылдық - прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу міндеті алынып тасталды. ҚР Президенті жариялаған «100 қадам» Ұлт жоспарының 26-қадамында Сот ресімдерін оңайлату және сот процестерін жеделдету үшін азаматтық-құқықтық даулар жөніндегі соттарға прокурордың қатысуын қысқарту туралы айтылды. Жалпы азаматтық істерге прокурорлардың қатысуы Кеңес заманынан қалған үрдіс болатын. Қазір елімізде экономиканың шарықтап, дамуына байланысты, нарықтың қатынастардың тереңдеп енуіне байланысты, жаңа қоғамдық қатынастар пайда болды. Осы қоғамдық қатынастарды реттейтін жаңа заңдар пайда болды. Осы өзгерістердің негізінде прокурорлардың азаматтық істер бойынша сот процесіне қатысу қажеттілігі болмай қалды.

2014 жылы республика бойынша барлық қаралған істердің ішінде шамамен 73 мың істер бойынша, прокурорлар қатысқан. Бұл барлық қаралған істердің шамамен 11,3 пайызын құрайды.

Ал апелляциялық тәртіптерде прокурорлар небәрі 1030 наразылық келтірген, кассациялық тәртіпте небәрі 520 ғана наразылық келтірген. Ал бақылау тәртібінде небәрі 94 наразылық келтірген. Осы келтірілген деректер, прокурорлардың азаматтық істер бойынша қатысуының қажеттілігі шамалы екендігін дәлелдейді. Дегенмен биыл 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жаңартылған Азаматтық істерді жүргізу талаптары бойынша прокурорлар егер сот процесінде мемлекеттің мүддесіне қарсы даулар қолданатын болса, өзінің құқықтары мен бостандықтарын өз беттерінше қорғай алмайтын халықтың мүдделерін қорғап және сот немесе прокуратура сол процеске қатысу керек деп тапқан жағдайда қатыса алады.

Ұлт жоспарында көтерілген мәселелердің бірі - ол ҚР сот жүйесінің инновациялық жаңа технологиялармен қамтамасыз ету. Осыған байланысты, биыл республикадағы барлық соттар бейнетіркеу жүйесімен жабдықталатын болады. Осы арада ҚР Жоғарғы Сотымен көптеген игі істер атқарылды. Сот кабинеті бағдарламасы бойынша, 2015 жылдың 12 айында электронды түрде 382 мың 238 құжат түскен. Оның ішінде 309 500 талап арыздары болса, 883 - қадағалау тәртібімен берілген арыздар, 6977 - шағым, 1708 - апелляциялық шағым, 5269 - кассациялық шағым болып табылады.

Бүгінде жаңа аудио-бейнетіркеу (АБТ) жүйесімен сот отырыстарының республика бойынша 922 залы жабдықталған.

Тұтастай алғанда, 2016 жылдың жай-күй бойынша, АБТ жүйесімен ел бойынша сот отырыстарының жабдықталуы 73,6 пайызды құрайды. Ал үстіміздегі жылдың аяғына дейін республикадағы барлық соттар осы жүйемен жабдықталатын болады.

АБТ жүйесінің негізгі басымдығы, сот процестерін аудио-, бейнетіркеу - барлық қатынасушыларды, судьяны, мемлекеттік айыптаушыны, адвокаттарды, сондай-ақ барлық тараптарды тәртіпке шақырады, процесс барысында шешілмеген және қанағаттанбаушылықты туғызған даулы сәттер болған жағдайда, тараптардың екеуі де дұрыстығына не бұрыстығына көз жеткізу үшін электрондық жазбаға жүгіне алады, АБТ жүйесі процесте өз қызметтік өкілеттіліктерін жүзеге асыратын судьялар мен басқа да адамдар үшін қасақана жала жапқан немесе осындай жағдайлар болып жатса, белгілі бір кепіл бере алады.

Сонымен қатар осы инновациялық технологиялар туралы айтқан кезде, судья Жоғарғы Сотта қолданылып жатқан талдау бағдарламасын да тілге тиек еткен жөн. Талдау бағдарламасының негізінде республикадағы соттардың қараған істері бойынша сот тәжірибесін жинақтап, белгілі бір жүйеге келтіруде үлкен мәселелер атқарылуда. Жоғарғы Соттың интернет ресурсына бір тәулікте шамамен 50 мыңға жуық адам кіре алады. Ал өткен жылы СМС хабарламасы арқылы соттардың 3 миллион істері бойынша 7 миллион хабарлама жіберілді. Міне, осындай істер Жоғарғы Сотта атқарылып жатыр.

Елде жасалған реформалардың тағы бірі - Қазақстанда 1 қаңтардан бастап, инвестициялық даулар бойынша сот өндірісі құрылды. Бұл Мемлекет басшысының 5 институционалды реформасын жүзеге асырудың "100 нақты қадам" Ұлт жоспарының 23-қадамында белгіленген болатын.

Ол инвесторлардың қатысуымен болатын дауларды жедел шешуде әрі заңды құқықтарын қалпына келтіруде өте тиімді. Соның негізінде біздің елде инвестициялық тартымдылықты қамтамасыз етуге, құқықтық ашықтық принципін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге 2016 жылдың 1 қаңтарынан енгізілген жаңа азаматтық-процессуалдық кодекс инвестициялық даулар бойынша азаматтық істерді қарау ісі регламенттелді.

Бұның алдында ондай істер жалпы мамандандырылған экономикалық соттарда қаралып келді және ұзақ қарастырылатын. Олар 4 инстанциядан өтуге тиіс болды. Сол үшін Жоғары сотта 7 судьядан тұратын арнайы сот алқасы құрылды. Жаңа алқаның мақсаты - инвестициялық дау-дамайларды қарастыру.

Осындай жаңашылдықтардың арқасында, инвестициялық дауларда үлкен тәжірибеге ие болған қазақстандық судьялар Астананың xалықаралық арбитраж орталығында жұмыс істей алады. Бұл туралы Жоғары Соттың арнайы мамандандырылған сот алқасының төрағасы Айгүл Қадырбаева мәлім етті.

«Астана» орталығын құруда модель етіп алған Дубай қаржы орталығының тәжірибесіне келетін болсақ, онда Малайзия, Сингапур, Ұлыбритания және басқа да шетелдік судьялармен қатар, жергілікті Араб Әмірліктерінің азаматтары судья болып қызмет ете алады. Сондықтан мен xалықаралық арбитраждық сотта қазақстандық азаматтардың жұмыс істеуіне де жағдай жасалады деп ойлаймын», - дейді А.Қадырбаева.

Еске сала кетейік, Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасымен Астана қаржы орталығы құрылуда. Оның аясында шетелдік инвесторлар үшін xалықаралық арбитраждық соты құрылады. Халықаралық сот және арбитраж ұлттық сот жүйесіне кірмейді, ол ағылшын-саксон құқығы негізінде тәуелсіз қызмет атқаратын болады.

 «Бұл орталық қатысушыларының дауларын негізінен шетелдік судьялар ағылшын тілінде қарайтындығын білдіреді. Астана қаржы орталықтың қызметін жүргізетін негізгі органдарды құру бойынша ұйымдастырушылық жұмыс ҚР Ұлттық банкіне жүктелген. Сарапшылардың болжамынша, қаржы орталығының жұмысы қазақстандық экономиканың дамуына қуатты серпін береді», - деді ол.

Осындай реформалардың арқасында Қазақстан бас бостандығынан айырылғандардың үлес саны бойынша әлемдік рейтингте 55-орынға түсті. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы сотқа 10,4%-ға іс көп түсті және қаралды. Жаңа заңнамалық база сот қорғау саласын кеңейтуге мүмкіндік берді. 2014 жылмен салыстырғанда, 2015 жылы ақталғандардың саны 55%-ға артқан. Егер былтыр ақталғандар саны 478 болса, 2015 жылы - 743 болды.

Былтыр мерзімінен бұрын шартты түрде босатылғандар саны 9 мың адамды құраған. Сонымен қатар 5520 адамға жауапкершілік ауыр жазадан жеңіліне ауыстырылды. 2015 жылы сотпен бас бостандығынан айырылғандардың үлесі 25,5%-ды құрады. Бұл 2014 жылмен салыстырғанда 13%-ға кем. Осының нәтижесінде Қазақстан сотталғандардың саны бойынша әлемдік ретингте 55-орынға сырғыды. 100 мың адамға бізде 233 сотталғаннан келеді.

Сот ісін жүргізу саласын реформалау мен сот органдарын жаңғырту бағытында жүзеге асырылып жатқан шаралардың түпкі мақсаты - азаматтардың өз құқықтары мен заңды мүдделерін сот арқылы қоғаудың тиімділігін арттыру. Отандық сот жүйесін одан әрі қарай жетілдіру, жергілікті соттардың рөлін арттыру, судьялардың тәуелсіздігін жоғарылату - басты назарда.

Соңғы жаңалықтар