«100 нақты қадам» индустриалды саясатқа серпін беруде

None
None
АСТАНА. Қазақпарат - Жуырда елімізде 5 институционалдық реформаны және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға қатысты 30-дан астам заң жобасы мақұлданған болатын.

Бұл заң жобаларының бірқатары экономикалық секторды дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Мәселен, индустриялық-инновациялық саясатқа тың серпін беретін көп өзгерістер енгізілді.

«Қазақстанның индустриялық-инновациялық саясаты мәселелері бойынша заңнамасына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мемлекет басшысының 5 инсти­туционалдық реформасын жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 55,56,57,59,63,86 қадамын жүзеге асыруға бағытталған. Сонымен қатар, қолайлы инвес­тициялық ахуал орнату, энергия сервистік қызметтер нарығын дамыту, туризм индустриясын одан әрі жүйелі жолға қою, нақты өндірістік жобаларды жүзеге асыру үшін жергілікті және шетелдік жоғары технологиялы компанияларды тарту, инновациялық кластерлерді алға бастыру мақсатында жасалған. Заң жобасы 3 кодекс пен 6 заңға түзетулер енгізуді қарастырылады. Заң жобасы аясында ірі трансұлттық компанияларға қатысты бірқатар салықтық жеңілдіктер енгізу көзделуде. Бұл туралы ҚР Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев: «Жобаларды табысты жүзеге асыру мен ірі трансұлттық компа­ниялардың жұмысын жалғастыру үшін инвесторларға берілетін жеңілдік режімін сақтап қалу керек. Осыған байланысты, инвестицияланып жатқан жоба аясында пайдаланылатын шикізаттар мен материалдар импорты барысында жаңа салықтық, кедендік жеңілдіктер жасалғаны дұрыс», - деген еді. Бұдан бөлек өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін әсіресе әлемдік нарықтардағы жағдайды өзгерту аясында, оның ішінде көршілес елдерде бірегей технологияларға қол­жетімділіктің маңызы зор. Бұл тұрғыда басым бағыттар мен салалар бойынша Renault-Nissan, Shevron, LG, Airbus, IBM, Microsoft сияқты және тағы басқа халықаралық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде, сондай-ақ басым бағыттар бойынша әлеуетті серіктестер іздеу жүріп жатыр. Қазірде 20-дан астам трансұлттық корпорациямен келіссөздер аяқталды. Сонымен қатар, Қазақстанда энергия сервистік қызметтер нарығы операторының рөлін Инвестициялар және даму министрлігі жанындағы Электр энергетикасын және энергия үнемдеуді дамыту институтына тапсыру қарастырылуда. Алдағы уақытта Германияның үздік тәжірибесіне сүйеніп, министрлік жанындағы энергияны үнемдеуді дамыту институты базасында энергожүйелі қызмет нарығы операторы қызметін заңнамалық тұрғыда бекіту ұсынылуда. Сөйтіп, жаңа сала жасақталып, бұл институт энерготиімділік картасын жасап, жүргізетін болады. Айта кету керек, бұл институттың жұмысына әдістемелік база жасауға көмек беру үшін немістің «Dena» энергетикалық агенттігі тартылып жатыр. Сондай-ақ кем дегенде 3 стратегиялық инвесторлар тартылады. Қабылданған шаралар нәтижесінде шамамен 100 жобаны жүзеге асыру көзделген. Жалпы, ИДМ басшысының айтуынша, энерготиімділік саласының инвестициялық тартымдылығын арттыруда заңнамалық кедергілерді алып тастау ұсынылды. Яғни, энергоресурстар есебінен энергожүйелік компаниялардың қызметін төлеуді ұзақ мерзімді жоспарлау қарастырылып отыр. Автокөлік құрастыру саласындағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін импорттық автокомпоненттерді қосымша құн салығын төлеуден босату ұсынылуда. Бүгінгі таңда LG Electronic, General Electric, Toyota, KIA, Huindai, Peugeout, Siemenes сияқты компаниялармен бірқатар ортақ жобалар бар. Осы жобаларды табысты жүзеге асыру үшін және олардың трансұлттық компанияларда жақсы жұмыс жасауы үшін жеңілдікті режимді сақтау қажет. Сол үшін де аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде пайдаланылатын шикізат пен материалдарды импорттау кезінде салықтық кедендік жеңілдіктер енгізу ұсынылады.

Соңғы жаңалықтар