100 мыңнан астам ақмолалық латын қарпінде диктант жазды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 14 қараша күні республика бойынша өткен латын қарпіндегі жалпыхалықтық диктанқа 100 мыңнан астам ақмолалық қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Диктант мәтіні 80-ге жуық сөзден тұрды. Жазуға есептелген уақыт - 30 минут. Ереже бойынша, жазылған диктанттың мәтінін суретке түсіріп, оны Тілдерді дамыту жөніндегі өңірлік бөлімге жіберу қажет болды.

Ақмола облыстық тілдері дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыповтың айтуынша, жалпыхалықтың шараға бастапқыда 80 мың адам қатысады деп жоспарланса, бүгін барлығы 102 мың 500 ақмолалық қатысты.

«Диктантқа мемлекеттік органдар, бюджеттік ұйымдар, кәсіпорын, мектеп оқушылары, студенттер мен мұғалімдерден бөлек, жасы 15-тен асқан кез келген адам үйінде отырып, интернет арқылы қатыса алды. Осы орайда, ұйымдастыру жұмыстарының жоғары деңгейде өткенін атап өткен жөн. Нәтижесінде, Ақмола облысының әрбір жетінші тұрғыны өңірдің латын әліпбиіндегі қазақ тіліне кезең-кезеңмен өтуге дайындығы мен латын қарпін қолдануда өзінің деңгейіне көз жеткізді. Диктант жазуда Көкшетау қаласының тұрғындары белсенділік танытты», - дейді Марал Жақыпов.

Еске салайық, 14 қараша күні сағат 11.00-11.30 аралығында бүтін ел бойынша латын қарпіндегі жалпыхалықтық диктант өтті. Қазақстандықтар диктантты арнайы белгіленген орындарда және emle.kz, tilalemi.kz сайттарында, «Шалқар» және Қазақ радио арналарында тікелей эфирде мәтін аудиосын тыңдай отырып жазды. Тақырыбы - «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Шара аяқталған соң, мәтіннің жазбаша нұсқасы emle.kz, tilalemi.kz сайттарында жарияланып, әр қатысушы жаңа қазақ әліпбиін меңгеру деңгейін тексере алады.

Ұйымдастырушы - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі. Ведомство басшысы Арыстанбек Мұхамедиұлы атап өткендей, латын графикасындағы әліпбиге негізделген тұңғыш жалпыхалықтық диктантқа 2 миллионға жуық тұрғын қатысты.

 

 

Соңғы жаңалықтар