100 магистрант пен 50 PhD докторанты ҚР ҰҒА табалдырығын аттады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР БҒМ білім беру мен ғылымның бірігуіне ықпал ететін жаңа жобасы өз жұмысын бастады. Бүгіннен бастап 100 магистрант пен 50 PhD докторанты ҚР ҰҒА 10 ғылыми-зерттеу институтының негізінде білім алатын болады.

Аталған жоба әзірге сынақ ретінде 2014 жылдың 1 қыркүйегінен бастап әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті түлектері арасында өткізіледі. Кейін әр жылы өзге де жоғары оқу орындарының магистранттары қатысатын болады. Эксперименталды оқу бағдарламасының ашылу салтанатына ҚР БҒМ министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, ЖОО ректорлары, магистранттар мен докторанттар қатысты. «Бүгін біз үшін өте маңызды күн. Тұңғыш рет жас магистранттар пен докторанттар ҰҒА табалдырығын аттады. Бұл осы уақытқа дейін жасалған үлкен жұмыстың нәтижесі. ХХІ ғасыр - білім мен технология ғасыры екендігін ескерсек, ғылыми жетістіктер мен дамуды білімді мамандарсыз елестету мүмкін емес. Қалыптасқан ғалымдар өз білімдерін келер ұрпаққа қалдырып кетуі керек. Жақсы нәтижеге қол жеткізілген жағдайда бұл жоба өзге де оқу орындарында қолданылатын болады», - деді А.Сәрінжіпов. Аталған жобаның ерекшелігі, оқытушы ретінде бірқатар ғылыми ұйымдардың ғалымдары дәріс береді, оқу бағдарламаларын ғылыми- зерттеу институттарының ғалымдары дайындайтын болады. ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың айтуынша, биылғы оқу жылына түсуге 350 адам ынта білдірген. Оқу гуманитарлық және техникалық, экономикалық мамандықтар бойынша жүргізіледі. «Қазір оқу кестесі жасалып, ұстаздар бекітілді. Аудиториялар жиһазбен жабдықталды. Құрал-жабдықтарды жеткізу мәселесі шешілуде. Оқу орны ғылыми институттарға оқу процесін автоматтандыруға бағытталған өзінің жеке инновациялық бағдарламалық «универ» жобасын табыстады», - деді Ғ.Мұтанов. Министрдің айтуынша, жаңа жоба Елбасының осы уақытқа дейін айтып келген ғылым мен білімнің бірігуі мәселесін оңтайлы шешуге септігін тигізбек.

Соңғы жаңалықтар