100% қаржыландырылған кинолар табыстың 20%-ын қайтаруы тиіс - Нұрқиса Дәуешов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 100% қаржылай қолдау көрсетілген жобалар прокаттаудан түскен түсімнің 20%-ын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтаруы тиіс. Орталыққа қайтарылған қаражаттың барлығы жаңа жобалар өндірісіне бағытталады. Бұл туралы «Ұлттық киноны қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының қызметіне арналған баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық киноны қолдау орталығының жұмысы туралы тоқталып өтейін. Биыл қаңтар айында қабылданған кинематография туралы заң жобасын әзірлеу барысында Франция, Германия, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, АҚШ, Канада, Корея және тағы да басқа жетекші өндіруші елдердің заңнамасының оң тәжірибесі негізге алынды», - дейді «Ұлттық киноны қолдау орталығы» КЕАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Нұрқиса Дәуешов.

Оның айтуынша, бұл заң қазақстандық кинематографияның дамуына мүмкіндік береді.

«Осы заң аясында «Ұлттық киноны қолдау орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Орталықтың мақсаты - Ұлттық фильмдер шығаруға бағытталған мемлекеттік қаражатты тиімді бөлу. Екінші мәселе, ұлттық киноны мемлекеттік қаржыландырудың жаңа моделін енгізу. Заң қабылданғанға дейін барлық картиналар прокатты қосып алғанда мемлекет есебінен толық көлемде қаржыландырылған болса, жаңа заң бойынша мемлекет тарапынан толық көлемде жоғары әлеуметтік маңызы бар фильмдер қаржыландырылады. Басқа коммерциялық жобалар инвесторлар мен жеке капиталды тарту арқылы ішінара қаржыландырылады«, - дейді ол.

Сондай-ақ, төраға жаңа заң жобасында мемлекет жұмсаған қаражатты қайтарып алу мәселесі қаралғанын айтты.

»Әлеуметтік маңызы бар фильмдердің түсірілуіне 100% қаржылай қолдау көрсетілген жобалар прокаттаудан түскен түсімнің 20%-ын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына қайтаруы тиіс. Қалған алушылар қаржының пайыздық арақатынасына сәйкес көлемде қаржыны қайтаратын болады. Орталыққа қайтарылған қаражаттың барлығы жаңа жобалар өндірісіне бағытталады«, - дейді Нұрқиса Дәуешов.


Соңғы жаңалықтар