«100 есімге» кірген қазақстандық оқушыны NASA шақырды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық Тимур Рысбеков - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» тізіміне енген тұңғыш оқушы. Дарынды жастың әлеуметтік, медицина және ғарыш саласы бойынша бірнеше өнертабысы бар. Жақында оқушы Америкаға аттанғалы отыр. Онда NASA ұйымдастырып отырған байқауға қатысады. Бұл туралы ҚазАқпарат Хабар 24-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір Тимурдың 72 өнертабысы бар. Оның 28-ін патенттеген. Ал мына өнертабысын ғарыш саласына арнап жасаған. Қалта телефоны арқылы басқарылатын робот ашық ғарышта кез келген тапсырманы орындай алады. Тимур жақында  бұл жұмысын Америкаға апарып бағын сынап көрмек.  

«Тамыз айында біз командамызбен халықаралық платформаға шықтық. Әлемнің сарапшылары жобамызды жоғары бағалап, NASA ұйымдастыратын үлкен байқауға шақырту алдық. Оған әлемнің 30 елінен үздік өнертапқыштар келеді. Мен бұл байқауға көлемді мәліметтер қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ерекше бағдарламаны ұсынбақпын. Сонымен қатар оянуы мүмкін вулкандарды анықтай алатын құрылғыны апарамын», - дейді өнертапқыш Тимур Рысбеков.

Тимур Рысбеков 2017 жылы халықаралық байқауға қатысып, 77 химиялық реактивтерді анықтай алатын роботты жасап ұсынған еді.

Сол кезде NASA сарапшылары баланың өнертабысына қатты қызуғышылық танытқан. Тіпті әріптестік байланыс орнатуға ұсыныс білдірген. 

«Баламның өзіне қызықты саланы тапқаны мен үшін үлкен бақыт. Өткен жылы оны Канадаға оқуға шақырды. Ол жақта бір жыл оқып, көптеген ұсыныстар мен шақыртулар алды. Алайда Тимур елге оралды. Балам туған елінің гүлденуіне үлес қосып, өзі секілді дарынды балаларға қолдау көрсеткісі келеді. Әрі заманауи инновацияларды біздің елдің атынан шығарғысы келеді»- деді Тимур Рысбековтың анасы Дана Рысбекова. 

 Тимур Рысбековтің алғашқы өнертабысы қарапайып есептегіш калькулятор болған. Бүгінде жасөспірімнің қорғаныс, ғарыш, медицина салаларына арналған 72-ден аса жобасы бар. 

«Болашақта отандық өнім шығаратын компания құрып, әлемдік нарыққа Қазақстанның атын шығаруды армандаймын. Ал жалпы адамзат тарихында ғалым, өнертапқыш ретінде өз есімімді қалдырғым келеді. Елбасының тапсырмасымен қолға алынған «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жалғасын табуда. Ол тізімде әлі талай еліміздің мақтанышы болатын жастарымыздың болатыны сөзсіз», - дейді Тимур.

Соңғы жаңалықтар