100 есімге енген волонтер: Қарттар мен жануарларға көмектескенімізді сынайтындар бар

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Мейірімділер клубы» волонтерлық қозғалысының негізін қалаған Гүлмира Әбдірашева туралы көпшілік қауым өте жылы пікірде. Ол - мұқтаж жандарға көмектесу үшін өзі секілді жүздеген адамды біріктірген адам. ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта Гүлмира волонтерлық қызметтегі қуанышты сәттер мен кедергілер жөнінде әңгімелеп берді.

Гүлмира Әбдірашева Қостанай облысының Лисаковск қаласында туған. Оның әкесі - энергетик, анасы - медициналық қызметкер.  Дәл осы еңбек адамдары Гүлмира мен оның сіңлісіне үлкендерді құрметтеуді, айналадағы адамдарға көмектесуді үйреткен.

2015 жылы басталған «Мейірімділер клубы» қозғалысы бүгінде Астана, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Қостанай және Ақтөбе қалаларында жұмыс істейді. Бұл уақытта жақсылыққа жаны құмар адамдар өте өзекті мәселелерге қоғам назарын аудара алды, көпбалалары отбасылар мен ата-ана қарауынсыз қалған балаларға көмектесті.

- Гүлмира ханым, қозғалыс үшін Instagram желісін таңдауыңыздың себебі неде, алғаш рет қандай игі істі қолға алып едіңіздер? 

- Бұл туралы ойланбаппын. Үш жыл бұрын да Instagram өте танымал желі болатын, сондықтан дәл осы әлеуметтік желіні таңдадық. Өзім сегіз жылдан бері волонтер болып келемін, ал бөлек қозғалыс ашу идеясы жалғызбасты 113 әжені құттықтағаннан кейін пайда болды.

- Волонтерлық қызметтегі есте қалған оқиғалармен бөліссеңіз?

- Бір әжейге қажетті заттарын әкеп, үнемі көмектесіп тұрамыз. Ұзақ ауырғаннан ол кісінің сіңірлері тартылып, саусақтары сіресіп қалған. Сөйте тұра, әжей бізге өз қолымен тізген моншақтарды әзірлеп отырады. Оны алмасақ, ренжиді. Осылайша, моншақтарды өзге жалғызбасты әжейлерге беруді ұйғардық. Олар бұл моншақты қастерлеп ұстайды. Себебі, бұл - «Сен жалғыз емессің. Мен қасыңдамын» деген үндеу секілді.

Бір күні маған 16 жастағы қыз хат жазды. Хатты жазғанына қысылып отырғанын, бірақ өте қиын жағдайда екенін айтты. Оның анасы төсек тартып жатыр екен. Анасына ескі тігін машинасын тауып беруді сұрады. Сол сәтте барлық құрбыларыма хабарласып, киім іздедім. Көйлек, пальто, тіпті тігін машинасы да табылды. Бәрін алып, көрсетілген мекенжайға бардым. Пәтердің іші қараңғы, жарықты үнемдеп тұтынады екен. Кейінірек сол қыз барлық еріктілердің балаларына тегін киім тігіп берді. Барлығымыз ол қыздың көбірек тапсырыс алуына көмектесеміз.

Клубта барлығы автоматты түрде жүзеге асырылады. Мәселе туындаса - шешу керек. Әрине, өз мүмкіндіктерімізге қарай. Көмектесіп болған соң, келесі мұқтаж жандарға кетеміз. Өз еңбегіміз үшін «Оскар» күтпейміз, адамдардың «Рахмет!» деген сөзінің өзі үлкен қуат береді. Ғибадатшы Николай Сербскийдің сөзі бар: «Сіздің құныңыз қаншалықты екенін білесіз бе? Сіздің қамқорлығыңызсыз өмір сүре алмайтын қанша адам болса, сіз де соншалықты құндысыз».

- Америкалық сатирик Патрик О'Рурк ақша таратып, кедейлікті жеңуге болмайды деп еді. Бұл ойға қалай қарайсыз? Шектен тыс қайырымдылық масылдыққа әкеп соқпай ма?

- Әрине, шексіз көмектен адам тұлға ретінде жоғалады. Кез келген көмектің тиімділігі болуы керек. «Мейірімділер клубы» көптеген адамдарды кәсіпке үйретіп, жұмысқа орналастырды. Егер денің сау болса, сенде ешқандай мәселе болмауы тиіс. Тек қана адамға «өз аяғына нық тұруға» көмектесу керек, өмірлік жолында қолдау беру керек.

- Кез келген мұқтаж жанның аянышты тағдыры болады. Оларға көмектесіп жүріп, өзі депрессияға түспеу үшін еріктінің бойында қандай қасиеттер болуы қажет?

- Волонтерлар да ет пен сүйектен жаралған адамдар. Олар робот емес. Өзгенің ауыр тағдырын жүрекке жақын қабылдайды. Кейде еріктілер өздері көмек берген адамдардан түңіліп келеді. Бірақ, уақыт өткен соң,  қайтып келеді. Әлемде қатігездік пен келеңсіздіктер көп, ал еріктілер - сол әлемді жөндейтін, жақсартуға тырысатын жұмысшылар тәрізді. Мен оларды самурайларға, жарық әлем жауынгерлеріне теңеймін.

- Бір сұхбатыңызда еріктілердің мұқтаж жандар тарапынан әділетсіздіктерге ұшырайтынын айтып едіңіз. Сондай қайырымсыз жандарға көмек бергеніңіз үшін өкінген сәтіңіз болды ма? Сол үшін сізді сынағандар болды ма?

- Күн сайын түрлі наразылықтармен бетпе-бет келеміз. «Қарттарға не үшін көмектесесіңдер, олардың күні бітуге таяу. Одан да балаларға көмектесіңдер» дейді. Немесе жануарларға көмектескенімізді сынға алады. Біз өз жолымызбен жүріп келеміз. Барлығына бірдей ұнай бермейміз және бүкіл адамзатты бақытты ете алмаймыз. Бірақ, командамыздағы әрбір адам өз мүмкіндіктерін барынша пайдаланады: кедейлердің шашын алып береді, мысықтарға тамақ береді, жалғызбасты қарттардың үйін тазалап береді, аз қамтылған үйдің балаларын киноға апарады. Бұл үшін ешкімнен қолпаштау күтпейміз. Тек өз ісіміздің дұрыс екенін білеміз. Ең бастысы - жақсылық дәнін себу.

- Қайырымдылық жасай жүріп, өз өміріңізге көңіл бөлу қаншалықты мүмкін? Яғни үйіңізге оралғанда көмектесіп жүрген адамдардың проблемасын сыртта қалдыра аласыз ба?

- Мен үнемі әлемді өзгертіп жатқан адамдар туралы ойлаймын. Барлық аурудың емін тапқысы келетін Илон Маск туралы, өзінің ескі водовозымен жабайы аңдарға су таситын кениялық ер адам туралы, Аружан Сайын, Константин Хабенский, Чулпан Хаматова туралы ойланамын. Мен оларға мықты денсаулық тілеймін. Олар - біздің өміріміздегі нағыз шамшырақтар. Қайырымдылықпен айналысатыны туралы жер-дүниеге жар салып, көп ұзамай бұл істі тастап кеткен адамдарды білемін. Сондықтан, мұндай рухы биік адамдардан шабыт аламын. Facebook желісінде Ольга Савельеваны оқып тұрамын. Өте тамаша адам, қайырымдылық жасаудан бір тынбайды. Оған да адамдар жаман сөздер жазады екен. Олардың көздегені не? Ольга көмектеспей қойса, мұқтаж жандарға сол пікір жазушылар жәрдем бере ме екен? Қайдам...

Барлығымыз өзге адамдардың мәселесін үйге әкелеміз. Түрлі тағдырларды естиміз, үйсіз жануарларды қорлағанын көреміз, үйге келгенде бұл ақпаратты ойдан шығарып тастай алмайсың. Бірақ, қажетсіз эмоцияларды шетке ысырып, шешім шығаруды үйрену керек. Сенің көмегіңнің өзге адамға қажет екенін ұғынған соң, бұрынғы адам болмайсың. Өзгересің.

- Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! 

Соңғы жаңалықтар