100 есім: Татьяна Немцан ауылдастарын «жасыл» технологияны пайдалануға үйретуде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Арнасай ауылында «Халықтық «жасыл» технологиялар академиясы» білім тарату орталығының құрылғанына биыл 3 жыл толады. Орталық БҰҰ Даму бағдарламасымен және «Coca-Cola» Халықаралық қорының гранттық қолдауымен ашылды. Орталықта күн коллекторы, биогумус, тұман түсіру, диодтық жарық, аквапоника және гидропоника тәрізді «жасыл» технологияларды тиімді пайдаланудың үздік тәжірибелері сыналып, Қазақстандағы барлық елді мекендерге таратылуда. Осы ауылдағы 168 отбасы өз аулаларында жылыжай және шағын фермалар ашып, тамшылатып суару әдісі мен ресурс үнемеудің жарқын үлгісін көрсетуде. Осы орайда, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту мақсатында «жасыл» технологияларды қолданудың тиімділігін насихаттап келе жатқан осы орталықтың басшысы, «Қазақстанның 100 жаңа есіміне» енген Вечяслав орта мектебінің және «Ақбота» қоғамдық қорының директоры Татьяна Немцан атқарып отырған жұмыстары жөнінде әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

- Татьяна Николаевна, соныдан соқпақ салып, жаңашыл істі бастауыңызға және осы бір ілкімді шаруаға ұжымыңызды жұмылдыруға не себеп болды?

- Жаңа заманның сұранысына толық жауап беретін мектеп ұжымының менеджменті шынтуайтында бизнес менеджментінен ешбір айырмасы жоқ. Оның түпкі негіздері бір деп айтуға болады. Әрине, білім ордасының жетекшісі ең алдымен, алдына қойған мақсат-мұратын, оған жету жолдарын жаза баспай айқын белгілеп алуы керек. Көп ретте, осы бір фактор дұрыс бағаланбайды да, бастаған іс нәтижесіз қалып жатады. Бәлкім, ілгері жылжу барысында жаңадан пайда болған тың ойлардың, үздік идеялардың негізінде алғашқы бағыт байытыла түсуі мүмкін. Біздің алғашқы мақсатымыз білім берудің тиімді әдістерін жетілдіру болатын. 2003 жылдан бері педагогикалық ұжымның бар күш-қуаты білім ошағының барлық инновациялық процестерді жетілдіруге жұмсалды. Жалпы сөз арасында ұжымдаса еңбек ету үлкен қажыр-қайратты талап ететіндігін екпін түсіре айта кетуге тиіспін. Жалаң ұранмен жадағай ұмтылыс табысқа жеткізе бермейді. Біз өз жұмысымызды кезең-кезеңімен жүзеге асырдық. Бұл жерде де сәл таратып айта кету керек шығар. Алдымен, ісімізге қуат берген тәжірибесі мол білікті мұғалімдер. Екіншіден, бойларында жылт еткен жаңалыққа деген құмарлығы басым, жігер оты жалындап тұрған жастар. Міне, осы екі бірін-бірі толықтыратын, бірін-бірі байытатын арнаның ағысын бір жылғаға салып едік, ісіміз алға баса бастады. Сондай-ақ, ортақ мақсатқа жету жолында адамдарды қанаттандырып отыру, қызықтыру үлкен маңызға ие.
null

- Тиімді технологияны жүзеге асыру қашанда ауыр. Олай болатындығы бұрынғы ескі сүрлеуден пышақ кескендей біржола арылудың өзі оңайға соқпайды. Ескіден арыла алмай тұрып, жаңаға иек арту мүмкін емес. Осы орайда, тығырықтан шығу үшін қандай шаруа істедіңіздер?

- Әуелі әлеуметтік көшбасшылардың озық ойлы пікірлерін топтастырып, әбден електеп өткізіп, іске кірістік. Қазір жоба бойынша қыруар жұмыстар жүргізілуде. Оның ең бастысы Астанада өткен «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңындағы ілкімді істер дер едім. Айталық, бүгінгі күні суды, жарықты, табиғи ресурстарды барынша тиімді пайдалану өте маңызды мәселеге айналып отыр. Жалғыз біз ғана емес, төрткүл дүние осы бір өзекті тақырыптарды електен өткізіп, тығырықтан шығар жол іздеуде. Міне сондықтан да, біз су мен жарықты үнемдеу үшін жаңа технологиялар жасап, шығара бастадық. Бұл технологиялар «жасыл технологиялар» деп аталады.  Қарапайым тілмен айтқанда экологиялық тазалықты сақтау үшін жасалынған өнім. Ілкімді істің нәтижесі де бірден көріне бастаған. Арнасай ауылында орналасқан әлеуметтік нысандарда суға, жарыққа, жылуға кететін шығындар азайды. Нақтылап айтатын болсақ, осындай құрал-жабдықтар орналасқан «Жасыл технология» халық академиясының» мекемелерінде жарыққа жұмсалатын шығын 75 пайызға, жылу мен суға жұмсалатын қаржы тиісінше 30 және 50 пайызға азайды.
null

- «Жасыл технология» халық академиясы» білімді тарату орталығында қанша технология бар?

- Өзіміздегі орта мектепте суға, жарыққа, жылуға шығындарды азайту үшін пайдаланып жатқан құрал-жабдықтардың арқасында 1,5 миллион теңге қаржы үнемделіп отыр. Академияның мекемелерінде түтінсіз жанатын пиролиз пеші жұмыс істейді. Ол көмірдің жануын 30 пайызға үнемдейді. Қазір біз «Богатырь» разрезінен әкелінетін көмірдің жануын 56 пайызға, Майқұдық көмірін 25 пайызға үнемдеп отырмыз. Бұл пеш өте тиімді. Соны көру үшін еліміздің жер-жерінен қызығушылық танытатындар ат ізін суытпай келіп жатыр. Сосын жарықдиодты шамдарымыз бар. Олар жарықты 75 пайызға үнемдейді. Мысалы, бізде 4 үлкен шам бар делік, солар қаншама энергияны үнемдеп отыр?! Басқа жерлерде кәдімгі 12 үлкен шам болса, олар сағатына 1 200 Вт пайдаланады екен. Ал, біз 4 жарықдиодты шаммен 120 Вт-ты пайдаланып келеміз. Сонда бір сағатта 520 Вт-қа аз төлейді екенбіз.
nullnull

- Шалғайдағы шағын ауылда тұрып, жалпақ жұртқа тиімді жаңа технологияларды ойлап шығару, қолданысқа енгізу марапатқа әбден лайық. Өткен жылы «Қазақстанның жаңа 100 тұлғасы» ұлттық жобасының жеңімпазы ретінде өзіңізді және өзіңіз елге танытқан Вячеслав орта мектебінің алдағы асуы туралы айтып өтсеңіз.

- Жалпы, Вячеслав орта мектебін бірегей мекеме деп атауға болады. Мұнда оқушылар бірінші сыныптан бастап туған жерге, табиғатқа деген құрмет пен сүйіспеншілікке баулынып, тәрбиеленеді. Балалар нақты мысалдар арқылы энергияны тиімді пайдалануға үйреніп, осындай технологияларды қолданудың нәтижесін көріп өседі. Қазіргі таңда олар тамшылатып суару әдісін және су себуге арналған жаңбырлатқыш саптамаларды қолданысқа енгізіп отыр.

Сонымен бірге, Вячеслав орта мектебі оқушылары «жасыл» экономика және экология тақырыбында өткізілетін түрлі облыстық, республикалық халықаралық байқаулар мен конкурстарға белсене қатысып, жеңімпаз атануда, жүлделі орындардан көрінуде. Сонымен бірге, олар өздері дайындаған жобаларын мектепте іске асырып отырады. Қазір мектеп оқушылары қала және ауыл шаруашылығын дамытуға энергия көзін тиімді пайдалану тұрғысынан келу, жертөле жайларында аквамәдениетті қалыптастыру секілді жаңа жобалармен айналысуда екен.

Бүгінде білім ордасы «жасыл» экономика мен экологияның тиімді тәсілдерін пайдалану мен қолдану бойынша елімізде үлгі тұтарлық мекеме. Сондықтан, әлі де алар асулары алда деп ойлаймыз.
nullnull

- Осыдан үш жыл 8 Наурыз мерекесі қарсаңында Елбасы Н.Назарбаевтың нәзік жандылармен өткізген кездесуіне қатысқан едіңіз. Кез келген адам армандайтын осы кездесуден алған әсеріңіз туралы айтып берсеңіз?

- Тұла бойдағы тебіренген сезімді толайым айтып шығуға тіл жетпейтін де шығар. Елбасымен кездесуге республикамыздың барлық өңірінде әртүрлі салаларда еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің мерейін биіктету жолында жұмыс істеп жатқан әйелдер қатысты. Солардың бірі болу мен үшін үлкен мәртебе. Әрі Ақмола облысындағы барша қыз-келіншектердің атынан қатысқан соң өзімді лайықты ұстауға тырыстым. Бұл кездесу менің өмірімдегі ең бір тарихи сәт десем де артық айтқандығым емес.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Соңғы жаңалықтар