100 есім: Отанды сүюді, қазақ тілін құрметтеуді ата-анамнан үйрендім - Наталья Дементьева

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат  - Отанды сүюді, қазақ тілін құрметтеуді ата-анамнан үйрендім. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауына қатысушы, бүгінде Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры,  Қазақстан халқы Ассамблеясы Ақмола филиалының мүшесі Наталья Дементьева айтты.

Кейіпкеріміздің айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік жылдары тағлымды жолдан өтіп, әлем назарын өзіне аударды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осынау ірі жетістікті халықтар достығымен, ел ішіндегі тұрақтылықпен байланыстырады. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» байқауы - көпұлтты мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосқан отандастар тағдырын кеңінен насихаттау, жастарға үлгі ету. Бұл ынтымақ ұйтқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының жарқын қызметімен де сабақтас.

«Мен Қазақстанның қарапайым қызы ретінде Отанымның гүлденуін өмірімнің басты мәні санаймын. Өз замандастарымыздың белсенді ұстаным иесі екендігін мақтан етемін. Өйткені, біз үнемі қозғалыстағы, ізгі тілектердегі елдің азаматтарымыз. Ақмола Ассамблеясының мүшесі үнемі алда болуы қажет деп санаймын. «Нұр Отан» партиясының көп арналы жұмыстарының ортасында жүруге тырысамын», - дейді Наталья Дементьева.

Қазіргі күні кейіпкеріміз Көкшетау гуманитарлық-техникалық лицейінің директоры қызметтін абыроймен атқаруда. Өзінің Отанға, оның тіліне деген махаббатын ата-анасынан дарығанын айтуда. Ал көпшілік алдында өзін ұстауды Наталья мемлекеттік тілді меңгерушілер арасында өткен байқауда, сонымен қатар телеарда авторлық бағдарлама жүргізу арқылы үйренген.

«Менің ата-анам үйіміздегі балалардың барлығына Отанды сүю, қазақ тілін құрметтеу сезімін ұялата білді. Өзім педагогикалық университеттің қазақ бөлімін бітірдім. Алғашқы еңбек жолым да мемлекеттік тілге қызмет етумен байланысты болды. Педагогтық жұмысымды облыстық телевидениедегі «Мың бір сөз», «Танымал», «Под единым шаныраком», «Ақ дастархан», «Мы научились!», «Живой родник» сияқты авторлық бағдарламалардың жүргізушілігімен жалғастырдым.

Аталған бағдарламалардың барлығы мен үшін ыстық. Онда мемлекеттік тілді меңгеру, дәріптеумен бірге достық, бірлік идеялары кеңінен сөз болды. Ақмола облыстық Ассамблеясымен бірлескен жоба қазіргі күні жаңа мазмұнмен көрермендердің көзайымына айналып отыр. Менің осындай қарапайым еңбегім бағаланып, жеті жерлесіммен бірге «Қазақстанның 100 жаңа есімі» атанауымның өзі ортақ үйіміздің шаңырағы биік, мақсаты асқақ екендігін көрсетті»,  - деп сөзін қортындылады кейіпкеріміз.

Фото: atyrau.assembly.kz

Соңғы жаңалықтар