100 есім: Мүсінші Айдос Есмағамбетов музей ашқысы келеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Белгілі қазақстандық мүсінші, «100 жаңа есім» жобасының «Мәдениет» номинациясы бойынша жеңімпазы Айдос Есмағамбетов гиперреалистік эксклюзивті мүсін жасау саласын дамытуды жалғастыратынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен кішкентайымнан сурет салдым. Әкем де сурет өнерін жақсы меңгерген, музыкадан хабары бар адам. Жалпы, ата-анам өнерге жақын адамдар. Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын бітіріп, кәсіби білім алдым. Оқу орнында негізгі бағыттарды меңгердім. Жалпы, гиперреализм бағыты оқу орнында енгізілмеген, кейіннен пайда болған технология. Яғни кез келген университетте мүсін, кесіндеме секілді нақты мамандықтар ғана бар, ал гиперреализм сияқты мамандық жоқ», - деді Айдос Есмағамбетов.

Осы орайда ол гиперреалистік эксклюзивті мүсіндерді жасауды өзінің ізденісі арқыл меңгергенін жеткізді.

«Басқа да шетелдік танамал гиперреалистердің еңбектерін зерттеуге тырыстым. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылған танымал мамандардың еңбектерін іздедім. Олардың пайдаланып жүрген материалдарын зерделеп, өзімнің зерттеу тәжірибелерімді, эксперименттерді жасадым. Атап айтқанда, біздің салада нақты жинақталған технология жоқ. Оның барлығы ақпарат жинаумен, ізденіспен келеді. Бұған көп уақыт керек», - деді мүсінші.

Бұл тұрғыда Айдос Есмағамбетов елімізде бұл саланы дамытумен ары қарай да айналысатынын атап өтті.

«Мақсатыма тоқталсам, мадам Тюссо музейі секілді елімізде музей ашылғанын қалаймын. Елордада осындай музей ашылса, сол жерге тұлғалардың мүсіндерін қоюға болар еді. Осында белгілі тарихи тұлғалар тұрса, Қазақстан халқы және шетелдік туристер тарапынан қызығушылық болады деп ойлаймын. Қазіргі кезде өз қаражатыма жылына 1-2 мүсін жасап келемін. Сондықтан бұл саланы дамыту үшін «100 жаңа есім» жобасының аясында алдағы уақытта да назар аударылып отырса деген ұсыныс бар. Жалпы, «100 жаңа есім» жобасы сала мамандарын кеңінен танымал етуге ықпал етеді деп білемін. Біраз маманға осы жоба тың серпін берді деген пікірдемін», - танымал мүсінші.

Бұдан бұрын хабарланғандай, былтыр күзде өзінің 60 жылдық мерейтойын атап өтетін «Қазақконцерт» ұйымы Абайдың 175 жылдығына орай ұлы ақынның жаңа эксклюзивті мүсінін таныстырды.

Елімізде сирек кездесетін гиперреалистік бағыттағы мүсіннің авторы – талантты суретші әрі мүсінші Айдос Есмағамбетов. Ол бұған дейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Барак Обаманың, Абылай ханның және генерал-полковник Сағадат Нұрмағамбетовтің гиперреалистік мүсіндерін жасаған.


Соңғы жаңалықтар