100 есім: Мектепті 10 рет ауыстырған бала ірі банктің тапсырысын қалай алды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «100 жаңа есім» жобасының екінші кезеңінің жеңімпаздарымен кездесті. Олардың ішінде 34 жастағы кәсіпкер Ларион Лян да бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынын айтайын, жас кезімде анама көп қиындық көрсеттім, проблемам көп болды. Басқа балалардың ата-аналары менімен араласуға рұқсат бермеді. Ондай да болды. 11 сыныпты бітіргенше 10 мектепті ауыстырдым. Жоғары білімім де жоқ. Дегенмен, анам маған сенді. Мені адам болады деп үмітін үзбеді. Қазір менің тамаша отбасым бар. Кәсібім де жүріп жатыр. Мен - бақытты адаммын!», - дейді Л.Лян.

Оның айтуынша, табысқа жету жолында қиындықтар да, қателіктер де көп болды. Бірақ ол мойымады, ақшаны қумай, атақ-абыройға жұмыс істеуге тырысты.

«Бүгінде біздің xолдингіміз 12 бизнестік бағытты қамтиды. Біз барлық облыстарда жұмыс істейміз. 350-ден астам корпоративті клиентіміз бар. Біз 6 мыңнан астам жұмыс орнын аштық. Әлі есімде, болашақ жарыма үйленемін дегенде оның анасы отбасыңды асырай аласың ба деп сұрады. Осы сөздер мені қайрады. Мен кез келген жұмысты ала бердім. 2 мың теңгеге пәтерді жинаған кездерім де болды. Ал осы жұмысты сапалы жасағаннан кейін бізге ірі бір банктен үлкен тапсырыс түсті. Сөйтіп, ол банктің 17 аймақтағы барлық филиалдарын жинауға кірістік. Енді, ол кезде қажетті құрал-жабдықтар да, әрбір аймақта адам да болмады. Бірақ біз достарымызға, туған-туыстарымызға телефон шалып, жан-жақтан адам іздедік. Таптық. Сөйтіп, үлкен тапсырысымызды орындауға кірістік», - деп атап көрсетті Л.Лян.

Ал Мемлекет басшысы сөз сөйлегенде Ларионның тәжірибесін еске алып, ақшаны адал жолмен табудың маңыздылығына тоқталды.

«Мен жастарға ылғи айтамын. Біреудің пәтерін жинап, ақша тапқан намыс емес. Ал жұмыссыз жүрген ұят. Жұмыс толып жатыр ғой. Біреудің баласын бағу керек, біреудің үйін жинау қажет. Енді біреулер тамақ істеп бергенге ақша төлеуге дайын. Ақша табудың жолдары көп», - деді Н.Назарбаев.

Айта кетейік, бүгін Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының екінші кезеңі жеңімпаздарымен кездесуі өтті. Олардың ішінде 29 жастағы Ержан Сәлімгереев те бар. Ол үшінші сыныпта оқып жүргенде трансформатордың ішіне кіріп, тоққа түсіп қалды. Сол кезде бір қол және бір аяғымнан айырылды. Бірақ қиыншылыққа мойымай, xалықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем кубогының төрт дүркін иегері, Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы дәрежесіне дейін жетті. Сол жерде Мемлекет басшысы табысқа жетудің жолын айтты. "Бір дипломды пайдаға жарата алмасаң, төрт дипломның қажеті қанша?", - дейді Н.Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар