«100 есім»: Мал тезегінен тоқ өндіретін қостанайлық шаруа өз жетістігімен бөлісті

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Еңбек Ері, Қостанай облысындағы «Қарасу» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Алмат Тұрсынов былтыр «Қазақстандағы 100 жаңа есім» қатарына енді. Ерен еңбегінің арқасында Елбасының  жоғары бағасына ие болған Тұрсыновтың ісі көпке үлгі. Ол әлемге атақты болмаса да, өз ісінің шебері, қоғамға сіңірген еңбегі арқылы біраз жұртшылыққа танымал. «ҚазАқпарат» ХАА тілшісімен болған сұхбатта А.Тұрсынов өзі басқаратын шаруашылық туралы айтып, ондағы цифрландыру жүйесінің артықшылықтарымен бөлісті.

- Алмат Жанәбілұлы, сізді жұрт ауыл шаруашылығының нағыз маманы ғана емес, үнемі жаңашылдыққа бастап отыратын басшы ретінде біледі. 90-ы жылдары топырақты залалсыз пайдалану бағдарламасын енгізгеніңіз де көпшілік есінде. Десе де, қазіргі күні осы шірінді көңінен биоотынды өндіру кешені қаншалықты жұмыс істеп жатыр?

- Жер игерудегі жаңашылдықтар өткен ғасырдың соңында қолға алынды. Шынына келгенде, кәсіпкерлік - көзді жұмып, жер тырналай беру емес. Оған ғылым, жаңа технология тұрғысынан келу керек. Қостанай облысындағы астық алқаптары біраз жыл бойы күтілмегендіктен түрлі зиянкестерден зардап шегетін. «Қарасу» сауда-өнеркәсіп компаниясына кіретін шаруашылықтар облыста бірінші болып химиялық пар өндірісін енгізді. Бұл әдіс ластануды 60% азайтып, топырақты арамшөптерден тазартуға септігін тигізді. Негізі сол уақыттарда озық технология астықтың түсіміне әсер етеді деген түсінік болмады. Гектар айналымын жердің табиғи құнарынан деп ойлағандар көп болды. Уақыт өте келе шаруашылықтың ілгерілеуі үшін тағы бір жобаның керектігі білінді. Сол себепті 2011 жылы Қараман ауылында органикалық қалдықтар өңдейтін кешен пайдалануға берілді. Малдың тезегін далаға тастамай, одан тоқ өндіріп отырмыз. Елімізде ешбір баламасы жоқ өндіріс ошағының қауқары жоғары. Аталған биогаз орталығы мал бордақылау алаңынан алыс емес. Әрине, мал тезегі деген кезде көбі басқаша қабылдауы мүмкін. Бұл таза экологиялық өнім. Қондырғының жақсы жұмыс істеп тұруына жылына 16-17 мың тонна көң керек. Бүгінде мемлекеттің қолдауы арқасында бұл саланы да цифрландыруға көшірдік. Кәсіби мамандар білуі тиіс, бақылауды қадағалаудың автоматты жүйесі деген бар. Жұмсалатын газ бен энергияның көлемін дәл есептеп береді. Міне, алдағы уақытта осылардың барлығы бір базаға қосылады, яғни бір орталықтан басқаруға мүмкіндік аламыз. 

- Елбасы сізді марапаттағанда ауыл шаруашылығы саласында заманауи инновациялық технологияларға мән бергеніңізді ерекше атап өтіп еді. Жалпы өз шаруашылығыңыздағы цифрлық жүйелердің қолданылуына тоқталсаңыз?

- Расын айту керек, күнделікті бағып жүрген төрт түлігімізге чип салып, оның жағдайын компьютерден бақылап отырамыз деп кім ойлаған. Сондай-ақ, малдың ауруын анықтау үшін ветеринарларға жүгіріп, қағаз жинап жүретінбіз. Қазір олай емес. Бір дәрінің ішіне барлық вакциналық қоспаларды енгізіп, екпе жасайды. Түліктің физиологиялық жағдайы бірден ауру, сау екені электрондық базаға енгізіледі. Ал оны смартфоныңызға кіріп қарауға болады. Қазір шаруаларға осы заманауи технологияларды үйреніп алу ғана қалды. Шынында да цифрландыру бағдарламасының жемісі мол. Әр малдың туғанынан бергі мәліметті түгел электрондық форматқа түсіруге мүмкіндігіміз бар. Бұл өз кезегінде тәжірибелі шаруашылық иелері үшін аса қажет нәрсе.

 Мәселен, біз 2014 жылдан бастап шаруашылықтағы асыл тұқымды жылқыларға чип орнаттық. Енді олардың соңынан жүріп бақташы жалдаудың реті жоқ. Бұған қоса жылқының қандай айғыр мен биенің құлыны, тұқымы қандай, жасы - бәрі базада толығымен сақталып тұрады. Тағы бір айта кетерлігі, біздің компанияға қарасты егін аумақтарын телефонымдағы арнайы бағдарламаға енгізіп алдым. Әр ауыл, аудандағы жер көлемін қарап шығуға болады. Сол жер қанша гектар, құнарлығы, шығымдылығы экранда көрсетіледі. Тіпті, былтырғы жылы егіс алқабына дән сепкен күніміз, жауын-шашын мөлшері туралы ақпараттар да шығып тұрады. Бұған дейін мәліметтік құжаттардың бәрін агроном жинап жүрді. Ол шамамен орташа мәліметті ғана бере алатын. Ал мына базада барлығы нақты, дәл жазылған.

- Сіз 4 жыл бойы ҚР Президенті жанындағы Ұлттық инвесторлар кеңесінің мүшесі болдыңыз. Жалпы, қостанайлық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері ТМД мемлекеттерімен бәсекеге түсе ала ма?

- Қазақ - мал баққан ел. Ауылда отырып-ақ, ТМД ғана емес, әлем елдерімен бәсекеге түсуге болады. Әуелі, нарық көзіне шығудың жолын білген дұрыс. Содан соң шаруаны дөңгелетуге деген төзім, ынта-жігер керек. Мәселен, біз мал басын асылдандыруды қолға алдық. Бүгінде 6 мыңға жуық ірі қара малымыз бар. Облыстағы ең ірі бордақылау алаңы да бізде, қазір өңір бойынша ет экспортынан көш басындамыз. Сөзсіз, бұл көрсеткіштерге бірден қол жетпейді. Менің білетінім - қатаң бәсекелестікке құрылған нарықтық экономикада ұсақ-түйек дүние жоқ. Біз сапалы өнім арқылы шетел нарығына шығу жолын таңдадық. Ол өз жемісін берді де. Өнімдерімізге өз жерімізде жайылған мал етін ғана пайдаланамыз. Біріншіден, экологиялық таза өнім. Өзімізге шетелден әкелінген мал етін қабылдай алмаймыз. Көпшілікке белгілі, Австралия, Бразилиядан әкелінген еттерге ылғал сақтау үшін түрлі қоспалар егіледі. Ал, бұл тұтынушы көлемін азайтары анық. Өнімді сатып алушы тараптың талабынан шығу үшін ізденісте жүреміз. Бүгінде бір ғана шұжықтың 140 түрін шығарамыз. Мұның сыртында қазы-қарта, жал-жая, консервіленген, оралған ет өнімдері де біршама.

- «Қарасудың» машиналар паркі мен ауыл шаруашылығы техникасының механизмдері қаншалықты жаңарып тұрады?

- Сапалы ауылшарушылық техникаларының болуы қолға алған әр жобаның жетістігі саналады. Ал, егер техникалар заманауи құрылғылармен жабдықталса, екі есе өнім аласың деген сөз. Біз жақында JPS құрылғылары бар комбайндарды қолданысқа енгіздік. Аталған астық жинау машиналарында жанармай шығыны қоса есептеледі. Астық жинап жатқан комбайн өнімнің салмағын, сапасын өзі анықтайды. Бункердегі астықты жүк көлігіне құйған кезде де монитордан оның толған-толмағаны көрсетіп тұрады. Сонымен қатар, бір ғана тұқым салатын машинаны мысалға алайық. Ол белгілі бір гектар аумаққа егін салды дейік. Бұрын механизаторлар бір айналып өткен жерінен жаңылып қалмау үшін дәлдікті, екі ортаның арақашықтығын сақтайтын. Біздің қазіргі машиналарда JPS құрылғылары бар, мониторға қарап отырып, карта бойынша жұмыс істейді. Бұрын осының есебі қағаз талонға жазылып келді. Оны жазып отыру үшін де қол көмегі керек-тін. Қазір бәрі компьютерде сақталады да, мәліметтерді базаға жинайды.

Елбасы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын іске асырудың маңыздылығына назар аударып, кездесуге қатысушыларға қоғам тарапынан артылған жауапкершіліктің мол екенін ескертті. Сіз бір сұхбатыңызда облыста әлеуметтік салаларға қолдау қажеттігін айтқан едіңіз. Осы бағытта сіздің шаруашылықта қандай жаңалықтар бар?

-  Елбасы бәрімізді әлеуметтік жауапкершілікке шақырды ғой. Өзіңді ғана ойламай, халықтың жағдайын түзеуге тырыссаң, табыс тетігіне қол жетізу оңайға түседі дер едім. Бұл тек «100 есімге» енгендердің ғана емес, әрқайсысымыздың көкейімізде болуы тиіс. Сонда ғана толайым жетістіктерге жетеміз. Компанияда 3 мыңнан астам жоғары білікті маман еңбек етіп жатыр десек, олардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуі - басты міндетіміз. Соңғы жылдарды алсақ, «Қарасу» ЖШС әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Қарасу өзенінің арнасы тазартылып, батпақтанудан құтқарылды. Сонымен қатар серіктестік қаржысына аудан орталығында жасыл белдеу жаңғыртылды. Мұнда жыл сайын жергілікті климаттық жағдайға бейімделген ағаш түрлері отырғызылады. Жеке компанияның қаржыландыруымен 50 тұрғын үй, 140-тан астам пәтер, балалар спорт мектебі салынды және қайта жаңғыртылды. Жалпы, кез келген өндірістің алға жылжуы үшін еңбек күшінің әлеуметтік жағдайы жоғарғы деңгейде болғаны абзал.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

 

 

Соңғы жаңалықтар