100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елімізде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталып кетті.

Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, халықтың спортпен жаппай шұғылдануы үшін спорттық инфрақұрылымды дамыту қажет. Елімізде 38,6 мың спорттық нысан бар. Оның 27,5 мыңы білім нысандарына тиесілі, 11,1 мыңы дене шынықтыру және спорт нысандарына жатады», - деді Ақтоты Райымқұлова.

Министрдің айтуына қарағанда, бұл нысандар еліміз үшін жеткіліксіз.

«Елбасы өзінің Жолдауында ел бойынша 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу керек деген тапсырма қойған болатын. Осы орайда, жергілікті әкімдіктермен бірге, салынатын жобалардың бәрі мақұлданды. Ол үшін терең талдау жасадық. Соның нәтижесінде, өңірлерде спорттық залдарға деген қажеттілік – 1 млн 457 мың шаршы метрді құрайтынын анықтадық. Жетіспеушілік – 51 пайызды, оның ішінде ауылдық жерде 80 пайызды құрап отыр», - деді ол.

Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылы салынатын жобалар тізімін нақтылап қойған. Яғни, осы жылы 22 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерсе, 2020 жылы - 34, 2021 жылы – 44 нысан салынбақ.


Соңғы жаңалықтар