100-ден астам қазақстандық актер Walt Disney Pictures-тің дауыс базасына енді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Орталық коммуникациялар қызметінде «Өзіңнен баста» жобасы аясында қазақ тіліне дубляждалған «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмінің тұсаукесеріне арналған баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісованың айтуынша, «Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын дубляждау үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 50-ден астам актер кастигтен өткен. Ал фильм барысында ойналатын саундтректердің барлығын әнші Данияр Өтеген орындап шыққан.

«Өткен жылы біз «Кино туралы» заң жобасына қазақ тіліндегі контенттің тең қолжетімділігі жайлы ұсынымдарды шығарғанбыз. Ұсыныстарымыз қабылданған заңға енбесе де, жұмысымызды сол бағытта әрі қарай жалғастырамыз. «Өзіңнен баста» жобасына демеушілік көрсетіп жатқан бизнес өкілдеріне, компанияларға шексіз алғысымды білдіргім келеді. 8 жыл ішінде 4 млн доллардан астам қаржы жиналды. Осылайша бизнестің көмегімен бүгін шетелдік киноның қазақ тіліндегі қоры қалыптасып, балаларымыз сүйікті Disney кейіпкерлерін тамашалай алады. Сонымен қатар соңғы екі жылда онлайн-кинотеатрлар мен Disney арамыздағы орнаған серіктестігіміздің арқасында дубляждалған фильмдерді кез келген уақытта көруге болады», - дейді Динара Шайжүнісова.

«Ойыншықтар хикаясы-4» туындысын қазақша саундтрекпен әрлеген Данияр Өтеген Walt Disney Pictures студиясының дауыс базасына 100-ден астам қазақстандық актер енгенін айтты.

«Бұл отандық актерлердің мүмкіндігін кеңейтеді. Дауыстар базасында біздің актерлердің болуы фильмдерді дубляждау жұмысын жеделдететін болады. Сондықтан бұл істі болашақтың қамына жасалған шаруа деп айтуға болады», дейді әнші.

20 маусымнан бастап көрерменге жол тартатын «Ойыншықтар хикаясы-4» фильмін дубляждау шығындарын BI Group құрылыс компаниясы көтерген.

«BI Group холдингі жаңа фильмнің қазақша дубляжына қолдау көрсетті. Бұл осымен біз қолдау көрсетіп отырған сегізінші фильм. «Аладдин», «Дамбо», «Арыстан патша» секілді шетелдің танымал фильмдері қазақ тілінде сөйлесе - бұл мемлекеттік тіліміздің де мерейі артады. Біз алдыңғы кезекте ана тілімізді дамытатын жобаларды қолдауға тырысамыз. Соның арқасында қазақстандық балалардың сапалы киноконтентке қолжетімділігі арта түседі. Жоба маңыздылығын ескере отырып, 2018-2019 жылдар аралығында біз, 400 млн тенгеге қаржылай көмек көрсеткен едік. Оның ішінде 2018 жылы - 150 млн тенге, 2019 жылы - 250 млн тенге. Алда келе жатқан 2020 жылы 350 млн тенгеге қаржылай қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Киноны қазақша сөйлету арқылы үй-ішімізді қазақ тілінде сөйлете алатынымызды түсінетін уақыт жетті. Үйде қазақша сөйлесек те, балалардың тілі орысша шығып жатады. Себебі, көретін мультфильмдері орын тілінде. Қазақстандағы бизнес өкілдеріне үндеу жолдағым келіп отыр. Бұл іске баршамыз қолдау көрсетейік», - деді BI Group компаниясының құрылыс индустриясын цифрландыру жөніндегі директоры Асхат Тұрғынбекұлы.

Соңғы жаңалықтар