100-ден астам ерекше күтімді қажет ететін бала Бурабайда мәдени ошақтарды тамашалауда

None
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат – Бүгінгі мерекеге орай ерекше күтімді қажет ететін 107 астаналық бала ата-аналарымен бірге Бурабайдағы бірнеше тарихи-мәдени және танымдық орынды аралап, тамашалап жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біздің қорымыз 2009 жылдан бері жұмыс істейді. Біз ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелейміз. Жыл сайын 1 маусым — халықаралық балаларды қорғау күніне орай балаларды Бурабайға демалысқа, мәдени ошақтарды көрсетуге алып келеміз. Пандемияға байланысты соңғы 2 жыл үзіліс болды. Міне, биыл балаларды мерекеге орай қуантудың тағы сәті түсіп отыр. Жалпы ерекше күтімді қажет ететін балалармен жұмысты сонау 2003 жылы Көкшетаудан бастадық. Содан бері аудандық, облыстық және республикалық деңгейде түрлі шара ұйымдастырып келеміз. Бізге негізінен жеке демеушілер көмектеседі. Әр баланың өзіндік ерекшелігі бар, күтім керек. Олардың дені үйден шықпайды, ата-анасының қарауында», - деді «Құлыншақ» ерекше балаларға арналған қайырымдылық қорының жетекшісі Амангелді Қайырбеков.

Мерекелік шара аясында астаналық балалар Бурабайда бірнеше орынды аралап, тамашалап жатыр. Оның қатарында «Ботай-Бурабай» тарихи музейі, «Абылай хан» алаңы, мультимедиалық интерактивті кешен және «Бурабай даму» визит орталығы бар.

«Балалардың диагнозы әртүрлі. Атап айтқанда: аутизм, даун синдромы, астма және арбаға таңылғандар. Балалардың бүгінгідей таза ауа, табиғат аясында болуы оларға оң серпін береді. Бурабайға 107 бала ата-анасымен бірге келді. Мерекелік бағдарлама балалар мен ата-аналардың көңілінен шығады деген ойдамыз», - дейді ол.

Сондай-ақ, сапар барысында балалар дәрігері де қарастырылған. Көмек керек болған жағдайда медициналық мамандар дайын.

«Менің 8 балам бар. 5 қызым, 3 ұлым бар. 2 ерекше күтімді керек ететін балам бар, олар 2017 жылдан бастап «Құлыншақ» қайырымдылық қорының қамқорлығында. Яғни бір балам аутизммен ауырады, екінші баламның бірнеше диагнозы бар. Қор балаларымызға үнемі қамқорлығын көрсетіп, түрлі іс-шара ұйымдастырып тұрады. Бүгінгі демалысқа да балалар қуана-қуана келді. Ұнап жатыр», - деді Зульфия Тілеуова.

Айта кетсек, аталған шара «Құлыншақ» қорының ұйытқы болып, Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасының қолдап, ұйымдастыруымен өтіп жатыр.


Соңғы жаңалықтар