10 жылда 1 млн. 335 мың адам ҰБТ-дан өтті - Білім министрі

None
None
АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Биыл біз Ұлттық бірыңғай тестілеуді Қазақстанда оныншы рет өткізіп отырмыз.

Осы 10 жыл ішінде еліміздің 1 млн. 335 түлегі Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтті. Бұл барлық қазақстандық мектеп түлектерінің 80 пайызын құрайды. Бүгін БАҚ өкілдеріне ҰБТ нәтижесі бойынша эксклюзивті сұхбат берген Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов осылай мәлім етті.

«Әрине, осы жылдар ішінде ҰБТ-ға түрлі қадамдар болды. Ең бастысы, біз ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы әлеуметтік маңызды функциялардың орындалатынына баса мән бердік. Ал жетілдіру барысында біздің түлектерімізді бағалаудағы адами факторды араластырмау мәселесіне, сыбайлас жемқорлыққа ерекше назар аударылды. ҰБТ-ны жетілдіруге қатысты мынадай үш маңызды құрамдас бар екені белгілі. Біріншісі, біз он жыл ішінде аса объективті бағалауға қол жеткіздік. Екіншіден, жоғары білімге тең әрі бәріне бірдей қолжетімділік қамтылып отыр. Азаматтар өз ауданынан, өңірінен алысқа бармай-ақ тестілеуге қатысатын мүмкіндікті иеленді», - деді Б. Жұмағұлов.

Оның сөзіне қарағанда, биыл жалпы алғанда ҰБТ жоғары деңгейде өтті. Алдын ала әзірліктер барлық өңірлерде қамтылып, сынақ шаралары атқарылды. «ҰБТ жақсы деңгейде өтуіне ең алдымен жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау органдарының өкілдері, БАҚ, үкіметтік емес ұйымдар белсене атсалысты. Жалпы, демографиялық жағдайға сәйкес, 2013 жылы мектептерден бітіріп шыққан түлектер саны былтырға қарағанда 14 мыңға аз болды», - деді Б. Жұмағұлов.

Соңғы жаңалықтар