+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

10 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2016 жылғы 10 желтоқсан 06:50
Бөлісіңіз:
10 желтоқсан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2016 жылғы 10 желтоқсанға арналған күнтізбесін ұсынады.

10 желтоқсан. СЕНБІ

Бүгін - Адам құқықтарының халықаралық күні. 1948 жылғы желтоқсанның 10-ында БҰҰ Бас Ассамблеясы Жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясын қабылдады. Барлық елде 1950 жылдан бастап аталып өтеді.

Бүгін - Дүниежүзілік футбол күні. БҰҰ-ның шешімімен бекітілген. Миллиондаған адамға тек ойын ғана емес, өмір стиліне айналған спорттың бұл түріне халықаралық қоғамдастық ерекше құрмет көрсетеді.
Футбол ойыны туралы алғашқы деректерді тарихшылар біздің заманымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы Қытай жылнамасынан тапқан. Ол Цу Чю деп аталған. Футбол ойыны қытай жауынгерлеріне дене формасын қалыпты сақтауға септігін тигізген деседі. Ал кейбіреулер футболдың ізашары деп 8-ші ғасырда Англияда өмір сүрген саксондардың жабайы ойынын атайды. Олар ұрыстан кейін шайқас даласында дұшпанының шабылған басын тепкілеп ойнаған. Футболды біздің заманымызға дейінгі екі жарым мыңжылдықта Ежелгі Грекияда, Римде де ойнаған.

Бүгін - Адам құқығы күні. 1950 жылы 4 желтоқсанда БҰҰ Бас ассамблесяның пленарлық жиналысында 10 желтоқсанды Адам құқығы күні деп белгілеу туралы құжат қабылданды.

Бүгін - Таиланд корольдігінің Ұлттық мейрамы - Конституция күні. Бүгінде Таиланд - конституциялық монархиялық басқарудағы ел. 1932 жылдан бастап, бүгінгі монарх - Ұлы мәртебелі король - Пумипон Адулядетқа (1946 жылдан бері басқарып отыр, 9-шы Рама) өз билігін Ұлттық Ассамблея, атқарушы билікті Министрлер Кабинеті, сот билігін - сот арқылы жүзеге асырады.

Бүгін - Нобель сыйлығын тапсыру күні. Жыл сайын Норвегия королінің қатысуымен Осло университетінің үлкен залында және Швецияның Стокгольм қаласында Нобель сыйлығын тапсыру салтанаты өтеді. 1900 жылы құрылған Нобель қорының бастапқы капталы 31 миллион швед кронасы болды. Алғашқы Нобель сыйлығы 1901 жылғы желтоқсанның 10-ында табыс етілді. Физика, химия, физиология және медицина бойынша сыйлықтар Стокгольмде, ал бейбітшілік сыйлығы Осло қаласында беріледі. 2004 және 2005 жылдардағы ақшалай сыйлықтың көлемі 10 миллион швед кронасын құрады.

Бүгін- Жануарлар құқығын қорғау күні.
Бұл күн 1998 жылы Адам құқығы декларациясына қол қоюдың 50-жылдығында мақұлданды.

Бүгін - Шеб-и-Аруз - Түркияның Кония қаласындағы дәруіштердің раксама биі фестивалінің басталатын күні.
Жыл сайын 10-17 желтоқсан күндері аралығында өткізілетін бұл шара ислам әлемінің атақты ғұламасы, әулие, ақын Мәуләнә Жәлеладдин Руми (1207-1273) ілімін насихаттауға арналған.

Бүгін - Программистер күні (бейресми). Көптеген программистер өздерінің кәсіби мерекесін жылдың 256-шы күні тойлайды. Бірақ 10 желтоқсанды да программистер мереке ретінде атап өтеді. Бұл күні бірінші программист - Ада Лавлейс дүниеге келген.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

86 жыл бұрын (1930) Алматыда тұңғыш Қазақ мемлекеттік Медицина институты ашылды (ҚазММИ). Оның ректоры болып Ленинград әскери-медициналық академиясының түлегі Санжар Асфендияров тағайындалды.

70 жыл бұрын (1946) Қаратау тау-химия комбинаты жұмыс істей бастады.

53 жыл бұрын (1963) ЖОО Алматы мемлекеттік медициналық институты (АММИ) болып өзгертілді. 2001 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетіне «Ұлттық университет» мәртебесі берілді.

33 жыл бұрын (1983) Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1983 жылғы 19 тамыздағы № 331 Қаулысы негізінде Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облыстық Қуыршақ театры ашылды.
Бұл жылдар ішінде театр ұжымы тек елде ғана емес, шетелде де танымал болды. Мұнда Орталық Азиядағы қуыршақтардың ең үлкен топтамасы жиналды. Мұражайға арналған арнайы бөлмеде түрлі ертегілердің кейіпкері болған 500-ден астам қуыршақ бар. Мұнда әлем халықтарының түрлі ертегілерінің кейіпкерлері жиналған.

25 жыл бұрын (1991) Алматыдағы Республика сарайында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Ант беру рәсімі өтті. Осыдан кейін Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен Президент өз қызметіне кірісті.

25 жыл бұрын (1991) Алматыда ашылған Жоғарғы Кеңестің жетінші сессиясында Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп атауға шешім қабылдады.

25 жыл бұрын
(1991) Алматы қаласында Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернатта батырдың ескерткіш мүсінінің ашылу салтанаты өтті. Оған Кеңес одағының батырлары: С.Нұрмағамбетов, Т.Бигелдинов, Білім беру министрі Ш.Шаяхметов, мектеп әкімшілігі мен оқушылар, батырдың ұрпақтары мен жерлестері қатысты.

25 жыл бұрын (1991) Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Алмас» қорын құру туралы Жарлығы шықты.

23 жыл бұрын (1993) Қазақстан Республикасының «Жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заңы қабылданды.

19 жыл бұрын (1997) Ақмола қаласы (қазіргі Астана) Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланды.

19 жыл бұрын (1997) Қазақстанда тұрмысы төмен азаматтарды қолдау бойынша Жалпы ұлттық қор құрылды.

17 жыл бұрын (1999) Оңтүстік Қазақстан облысындағы №2 Сарыағаш орта мектебіне қазақтың белгілі жазушысы Асқар Сүлейменовтің есімі берілді.

15 жыл бұрын (2001) Астана қаласының Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Отырар кітапханасы ғылыми орталығының тұсаукесері өтті. Тұсаукесерде Қ Р ҒК қолжазбалар мен бағалы кітаптар (50-ге жуық бағалы құжат) көрмеге шығарылды. Көрме республикалық кітап мұражайы мен ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп ұйымдастырылды.

11 жыл бұрын (2005) Астанада Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қырғызстан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жұмағұл Сааданбековтің «Нұрсұлтан Назарбаев. Көшбасшылық заңдары» атты шығармасының тұсаукесер рәсімі өтті.
Дипломаттың бұл еңбегінде Елбасы саяси-әлеуметтік, әкімшілік реформалардың көшбасшысы ретінде қарастырылып, ұлтаралық бейбітшілік пен келісімді сақтаудағы орасан еңбегі жайлы баяндалады. Жаңа туындының таныстырылымында Грузия мен Беларусь Республикаларының елшілері, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары өз пікірлерін білдірді.

11 жыл бұрын (2005) 10-13 желтоқсан аралығында Астанада І Халықаралық жас скрипкашылар байқауы өтті.
Байқауды «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Қазақ ұлттық музыка академиясының ұйымдастырды. Шараға арнайы музыка мектептерінен келген кіші топтағы 10-12 жас және жоғары топқа жататын 13-15 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Бас жүлдені Қазақ ұлттық музыка академиясы жанындағы музыкалық мектеп оқушысы Лейла Ахметова мен Қырғызстаннан келген Айзада Болатбекқызы жеңіп алды.

9 жыл бұрын (2007) Алматының «Алтын бесік» ықшамауданының бір көшесіне Әнет баба есімі берілді.
Әнет баба Кішікұлы (1626-1723) - Тәуке ханның уәзірі, «Жеті жарғыны» жүйелеушілердің бірі. Бұхара медресесін тәмамдаған. Әнет бабаның қазақ билер институтының қалыптасуындағы рөлі зор. Өзінің бес ұлымен жоңғар шапқыншылығы кезінде қаза тапқан.

8 жыл бұрын (2008) Фонтенбло қаласында (Франция) «Н.Назарбаев - ұлысаралық және конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделін жасаушы» атты кітабының тұсаукесер рәсімі болды. Мерекелік шараға қаланың саясаткерлері мен ғалымдары, қоғам қайраткерлері және қазақ диаспорасының өкілдері мен қазақ студенттері қатысты.

7 жыл бұрын
(2009) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Азаматтық іс жүргізу кодекстеріне сот жүйесін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Заң «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға және Конституцияға енгізілген өзгерістерге сәйкес процессуалдық заңнамаға келтірілген, елімізде үш буынды сот жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

6 жыл бұрын
(2010) Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағында Ұлы Отан соғысының ардагері, Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлына арналған ескерткіштің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Жаңа ескерткіштің ашылуына даңқты жауынгер-жазушының ұрпақтары, замандастары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Жалпы биіктігі 6 метрлік ескерткіштің тұғыры граниттен, ал батырдың мүсіні қоладан соғылған. Бұл - батырдың сом тұлғасын айшықтайтын қаладағы алғашқы естелік. Авторлары - Нұрбол Далбай мен Расул Сатыбалдиев.

6 жыл бұрын (2010) Алматыдағы ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақтың ұлы қолбасшылары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті.

6 жыл бұрын (2010) Алматыдағы Қазақ-Британ техникалық университетінде көрнекті ғалым, абайтану ғылымының негізін салушы Қайым Мұхамедхановтың 95 жылдығына арналған конференция өтті.
Шарада Қ.Мұхамедхановтың жеке мұрағатынан тың деректер ұсынылды: Онда Қазақстанның тарих, мәдениет, ғылымы саласындағы 1930-1940 ж.ж. танымал тұлғалардың беймәлім фотосуреттері көрсетілді. С.Марков, Т.Иванова, Қ.Сәтпаевтың хаттары, әсіресе Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановтың «Абай жолы» романын жазу кезіндегі өзара жазысқан хаттары, ондағы фактілер қатысушылардың ерекше қызығушылығын оятты.
Қайым Мұхамедханов (Ғабдулқайым) (1916-2004) - 5 қаңтарда Семей қаласында туған.
Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылданды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абайдың ақын шәкірттері: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды.
Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы. Қазақ ССР Гимнінің авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абай мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) «Алтын» медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; жарияланған 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. «Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы.Әзербайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мол алан», татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған.

6 жыл бұрын (2010) «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Мидия (АҚШ) портында сұйытылған мұнай газ терминалының (liquefied petroleum gas (LPG)) құрылысы аяқталғаны туралы хабарлады. Оның жалпы құны шамамен 3,8 млн. АҚШ доллары болды.

6 жыл бұрын (2010) «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 30 наурызындағы № 2155 Заңына сәйкес, Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2010 жылдың 11 желтоқсанында «Номад алтыны» топтамасымен «proof» сапасындағы естелік 500 теңгелік күміс тиынын шығарды.
Тиын 925 сынамалы күмістен жасалған, салмағы - 31,1 грамм, диаметрі - 38,61 мм, дайындалу сапасы - «proof», тиражы - 5 мың дана.

6 жыл бұрын (2010) Астанада «Ардагерлерді ардақтайық» шарасы аясында Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне арналған госпитальде кітап қоры 4,5 мың дананы құрайтын кітапхана ашылды.

5 жыл бұрын (2011) Елорда мыңында «Қазатомпром» Ұлттық атом компаниясының басшысы Владимир Школьник пен Францияның атом энергиясы мен баламалы энергия көздері бойынша Комиссариатының басшысы Бернар Биго қазақстандық кремнийдің негізінде күн батареяларын шығару бойынша зауыттың капсуласын салды. Жобаның жалпы құны 34 млрд. теңге.

5 жыл бұрын (2011) Афина қаласында Қазақстанның Елшілігі біздің мемлекетіміздің тәуелсіздігінің 20-жылдығын мерекелеуге байланысты салтанатты қабылдау кешін ұйымдастырды. Оның бағдарламасына Қазақстан туралы кітаптар, фотокөрме және қазақстандық жас таланттардың өнер көрсетуі кірді.
Қабылдау аясында танымал британдық журналист және жазушысы Кристофер Роббинстің грек тілінде шыққан «Қазақстан - алма отаны» кітабының тұсаукесері өтті.

5 жыл бұрын (2011) Астанада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің дамуы мен қалыптасуының негізгі кезеңдері жинақталған салтанатты саяси-заңды құжат болып саналады.

4 жыл бұрын (2012) Түркияның жетекші индустриялық-дамыған провинцияларының бірі - Қоджаеліде Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды. Салтанатты рәсім аяқталған соң, Құрметті консулдықты ашу және қазақ-түрік дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуына байланысты қабылдау кеші ұйымдастырылды. Шараға қатысушылар Қазақстан туралы фотокөрмені тамашалады.

4 жыл бұрын (2012) Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ мемлекеттік экономикалық университетінде «Тұрар Рысқұловтың мұрасы мен қазіргі заман» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

3 жыл бұрын (2013) Ислам ынтымақтастығы ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде штаб-пәтері Астанада орналасқан Ислам азық-түлік қауіпсіздігі ұйымы құрылды. Аталған ұйымның Жарғысына 19 мемлекет қол қойды.

3 жыл бұрын (2013) Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында еліміздің ғаламтор кеңістігінде қазақ тілінде ақпарат тарататын интернет-сайттар арасындағы байқауының қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті. Байқауды ұйымдастырушы: Мемлекеттік тілді дамыту қоры. Байқаудың мақсаты - Қазақстандағы интернет жүйесінің қарқынды дамуына, соның ішінде ақпараттық ресурстар мен сервистерді дамытуға, қоғамның ақпараттық мәдениеттілігін жоғарылатуға, желілік қауымдастыққа жаңа пайдаланушыларды тартуға, қазақтілді үздік ресурстардың Интернет желісіндегі танымалдылығын арттыруға ықпал ету.
Бұл шара қазақстандық интернет-кеңістікті, ақпараттық русурстар мен сервистерді дамыту, үздік қазақтілді интернет-ресурстарды анықтау, тәуелсіздік жылдары қалыптасқан құндылықтарымызды дәріптеп жүрген интерент-сайттарды ынталандыру мақсатында өткізіліп отырған алғашқы байқау болды.
Байқауға қатысуға барлығы 12 өтініш түсті. Байқау комиссиясы жеңімпаздарды 5 аталым бойынша анықтады. «Өткір тіл» аталымы бойынша мемлекеттік тіл мен ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік интернет-сайт болып www.ult.kz ақпараттық порталы таңдалды. «Рухани азық» аталымы бойынша, үздік деп әдебиет пен мәдениетті насихаттаушы www.massagan.com интернет-сайты танылды. «Терең ізденіс» аталымы бойынша тарихымызды насихаттаушы www.abay.kz сайты үздіктер қатарына шықты. Ал «Шынайы өмір» аталымы бойынша қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеретін www.minber.kz және «Спорт тынысы» номинациясында спорт және салауатты өмір салтын насихаттаушы www.alasharena.kz сайты үздік деп танылды.
Байқау жеңімпаздарының әрқайсысы бас демеуші «Самұрық-Қазына» АҚ-ның 150 000 (жүз елу мың) теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығымен, әрбір аталым бойынша әзірленген естелік мүсінбелгі және Мемлекеттік тілді дамыту қорының арнайы дипломымен марапатталды.

3 жыл бұрын (2013) «Еңбекпен қамту-2020» бағдарламасын жүзеге асыру арқасында Жарма ауданында күн батереясымен жылынатын және тұруға жарамды вагондар өндірісіне кірісті. Көшіп-қонуға ыңғайлы вагондар мал шаруашылығымен айналысатындар үшін аса қолайлы.
Вагон баспананың құны 1 млн. 900 мың теңгеден 3 млн. теңге аралығында.
Вагон-үйлер 30 градус аяз бен 40 градус ыстыққа төзе алады.

3 жыл бұрын (2013) Астанада Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков пен Түрік Республикасының Ұлттық Қорғаныс министрі Исмет Йылмаз электронды-оптикалық құрылғылар өндіретін «Қазақстан АСЕЛСАН инжиниринг» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорнын ашты.

2 жыл бұрын Мексика астанасында қазақстандық боксшы Геннадий Головкинге ресми түрде WBC (Interim) белбеуі ұсынылды. Былғары қолғап шебері оған Марко Антонио Рубиомен кездесуде ие болды.

2 жыл бұрын (2014) Астанада қазақ тіліндегі Н.Ә.Назарбаевтың таңдамалы сөздер жинағының көптомдығы жарық көрді. 9 кітаптан құралған 7 томдық жинақта Қазақстан дамуының әлеуметтік-экономикалық және мемлекеттік саяси кезеңдері айтылған. 1989-2013 жылдар аралығындағы Мемлекет басшысының маңызды тұжырымдамалық және бағдарламалық сөздері ұсынылды.

Бір жыл бұрын (2015) Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Кім ақылды» ұялы телефон ойыны мен «Менің Қазақстаным» қосымшасын ұсынды. Бұл жобалар Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Жібек жолы» әлемдік сыйлығында қаламақы ретінде берілген қаржы есебінен жүзеге асты. «Кім ақылды» - бұл әртүрлі тақырыптағы сұрақтар, дауыс эффектілері мен анимациялар жинақталған зияткерлік әлеуметтік ойын-викторинасы.

213 жыл бұрын (1803) Петербордың Бержа зауытында алғашқы кеме құрылысы аяқталды. «Елизавета» деп аталатын бұл ағаш кеменің ұзындығы 18 метр, 4 аттың күші және дөңгелек ескегі бар болатын.
10 жыл бұрын (2006) ауыр инфаркттан Чилидің мемлекеттік және әскери қайраткері Аугусто Пиночет көз жұмды. Билік басына 1973 жылы әскери төңкерістен кейін келген ол елде ширек ғасыр уақыт биледі.

ЕСІМДЕР

127 жыл бұрын (1889-1970) ғалым, география ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым Академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, КСРО География қоғамының құрметті мүшесі, Қазақстанда гляциология ғылымының негізін салушылардың бірі ПАЛЬГОВ Николай Никитич дүниеге келді. Ресей Федерациясында туған. Мәскеу құрылыс училищесін, Бүкілодақтық сырттай оқыту институтын бітірген. Қазақстан Ғылым Академиясы география секторының меңгерушісі, КСРО География қоғамы қазақ бөлімшесінің төрағасы қызметтерін атқарған.
Ғылыми жұмыстарының негізгі бағыты - мұздықтардың пайда болуы, олардың көлемін, қуатын анықтау. Іле Алатауы жоталарындағы мұздақтардан бастау алатын өзендердің гидрогеографиясын және гидрологиялық режимін зерттеуге елеулі үлес қосты. Жетісу, Сырдария облыстары жерін алғашқылардың бірі болып топографиялық картаға түсірді. Тянь-Шаньдағы екі мұздық, Полюстік Оралдағы бір мұздық Пальгов есімімен аталады.




107 жыл бұрын (1909-1999) ғалым-педагог, филология ғылымының кандидаты, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, республиканың жоғарғы мектебіне еңбек сіңірген қайраткері Сәрсен АҚМҰРЗИН дүниеге келді. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында туған. Батыс Қазақстан облысы Сламихин (Жалпақтал) педагогикалық техникумын бітірген. Орал қаласындағы қазақ орта мектебінің (№11 мектеп-интернат) директоры, Батыс Қазақстан педагогикалық институтының оқытушысы, ректоры, проректоры, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 28 ғылыми еңбектің авторы. Негізгі ғылыми еңбектері жоғары оқу орындары мен орта мектептерде қазақ тілі мен әдебиетін оқыту әдісін жүйелеуге, қазақ әдебиетінің даму тарихын қарастыруға арналған. Қызыл Жұлдыз, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет белгісі» ордендерімен және медальдармен марапатталған.

106 жыл бұрын (1910-1971) қоғам қайраткері, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген шахтері Файзолла СЕРҒАЗИН дүниеге келді.
Ақмола губерниясының Атбасар уезінде (Ақмола облысы) туған. Мәскеу тау-кен институтын, КСРО көмір өнеркәсібі академиясын, Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік техникумын бітірген.
1929-1931 жылдары - Қазақ АКСР НКВД істері меңгерушісі. 1936-1950 жылдары - шахта телімі бастығы, «Қарағандыкөмір» тресінің инженер-диспетчері, шахтаның бас инженері, «Қарағандыкөмір» комбинаты ашық жұмыстары басқармасының бас инженері. 1952-1957 жылдары - «Ленинкөмір» тресінің басқарушысы. 1957-1963 жылдары - Қарағанды ауыл шаруашылығы кеңесі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары. 1963-1964 жылдары - Қарағанды облыстық өндірістік атқару комитетінің төрағасы. 1964-1967 жылдары - Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы. 1967-1970 жылдары - Қазақ КСР Көмір өнеркәсібі басқармасы бастығының бірінші орынбасары. 1970-1971 жылдары - «Қарағандыкөмір» комбинаты бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, 2-дәрежелі «Шахтер даңқы» белгісімен марапатталған.

71 жыл бұрын (1945) әскери қайраткер, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты - Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Мұхтар Қапашұлы АЛТЫНБАЕВ дүниеге келді.
Қарағанды қаласында туған. Армавир әуе қорғанысы жоғары әскери ұшқыштар училищесін, Г.К.Жуков атындағы Әуе қорғанысы әскери академиясын бітірген.
Әскери ұшқыш-инженер. Армия генералы. Саяси ғылымдарының кандидаты. Әуе қорғанысы авиациялық истребительдік полкының ұшқышы, аға ұшқышы, Перм облысындағы Әуе қорғанысы авиациялық истребителдік полкы авиациялық звеносының командирі, авиациялық эскадрильясы командирінің орынбасары, командирі, Самарқан қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясы командирінің орынбасары, командирі, Мары қаласындағы Әуе қорғанысы дивизиясының командирі, Алматы облысы Борандай поселкесіндегі Әуе қорғанысы корпусының командирі, Әскери-әуе күштерінің басшысы - Қорғаныс министрінің орынбасары, Әскери-әуе күштерінің басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштерінің басшысы, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Штаб басшылары Комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен екі рет Қорғаныс министрі болып тағайындалған. 2010 жылдың сәуір айынан Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған.
«Отан ордені» және Алтын жұлдызбен, ІІ дәрежелі «Барыс», «КСРО Әскери күштерінде Отанға қызметі үшін», Ресей Федерациясының «Дружбы народов», «Петр Великий» ордендерімен және жиырма алты медальмен марапатталған.
70 жыл бұрын (1946) ҚР Есеп комитеті аппаратының басшысы Виктор Васильевич СУПРУН дүниеге келді.
Көкшетау облысында туған. Свердлов тау-кен институтын бітірген, кен инженері. 1964 жылдан - Көкшетау облысының Красноармейск ауданында 8 жылдық мектептің мұғалімі. 1965 жылдан - Якут мемлекеттік университетінің, Свердлов тау-кен институтының студенті. 1970 жылдан - Киров облысындағы Верхнекамск фосфорит руднигінде кен учаскесінің ауысым бастығы, кен цехы бастығының орынбасары, директордың өндіріс жөніндегі көмекшісі, директордың көлік және өндіріс жөніндегі орынбасары. 1979 жылдан Брянск фосфорит зауытының бас инженері. 1984 жылдан - Ақтөбе облысындағы Шилісай фосфорит руднигінің директоры, 1990 жылғы мамырдан бас технологы, бас кеншісі, жетекші кен инженері. 1991 жылдан Октябрь аудандық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары. 1995 жылдан - Алға аудандық әкімшілігінің әкімі. 1995 жылғы қазаннан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары, облыстық экономика басқармасының бастығы. 1996 жылдан - Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2002 жылдан - Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары. 2006 жылғы қазаннан - ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі. 2007 жылғы қыркүйектен - ҚР Парламенті Мәжілісі Аппараты жетекшісінің орынбасары. 2008-2012 жылдары -с ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі. Қазіргі қызметінде - 2012 жылғы қыркүйектен бері.
«Құрмет», «Достық», Орыс православ шіркеуінің ІІІ дәрежелі Серафим Саровский, ІІІ дәрежелі Даниил Московский ордендерімен, 3 медальмен марапатталған.

61 жыл бұрын
(1955) «Ардфильм» компаниясының директоры, кинорежиссер, продюсер, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ардақ Жамансарыұлы ӘМІРҚҰЛОВ дүниеге келді.
Жамбыл облысында туған. Бүкілодақтық мемлекеттік кинематографистер институтын бітірген.
Темірбек Жүргенов атындағы Алматы көркем театр институтының (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) оқытушысы, профессоры. 1988-1992 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының кинорежиссері. 1992-1996 жылдары - «Қазақфильм» киностудиясының бас директоры қызметтерін атқарған. 1996 жылдан бастап - қазіргі қызметінде.
Ол түсірген «Отырардың күйреуі» фильмі Монреалда (Канада) өткен Халықаралық кинофестивальда ФИПРЕССИ сыйлығына, Фигейра да Фошта (Португалия) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряная пластина» сыйлығына, Ашхабатта (Түркменстан) өткен Халықаралық кинофестивальда «Серебряный полумесяц» сыйлығына ие болып, Алматыда өткен «Қазақ киносы -бүгін» байқауында Гран-приді жеңіп алды. 1997 жылы режиссердің «Абай» атты фильмі Ташкент қаласында өткен Халықаралық кинофестивальда «Ұлттық дәстүрлерді сақтағаны үшін» номинациясы бойынша «Серебряный Семург» сыйлығына ие болды. 2008 жылы «Қош бол, Гүлсары» кинофильмі Астанада өткен V Халықаралық «Еуразия» кинобайқауында Гран-приді жеңіп алған.
«Шанхай» кинофильміне продюссер болып, «Абай», «Записи Рустема с картинками», тағы басқа фильмдерді түсірген.
«Құрмет» орденімен марапатталған.

56 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Тұңғыш ПрезидентіЕлбасы атындағы ұлттық қорғаныс университетінің бастығы Асхат Наурызбайұлы РЫСПАЕВ дүниеге келді.
Омбы қаласында (РСФСР) туған. Алматы жоғары жалпыәскери командалық училищесін, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы әскери академиясын бітірген.
1982-1985 жылдары - мотоатқыштар взводының, ротасының командирі. 1985-1992 жылдары - Совет аудандық әскери комиссариаты бөлім бастығының аға көмекшісі, Фрунзе аудандық әскери комиссарының орынбасары. 1992-2000 жылдары - ҚР Қорғаныс министрлігінде аға офицер, басқарма бастығының орынбасары - бөлім бастығы, кадрлар департаменті бастығының орынбасары, кадрлар және әскери білім департаменті бастығының орынбасары. 2000-2001 жылдары - ҚР ҚК Бас Штабы Қарулы Күштердің перспективалы бағдарламаларын дамыту орталығы бастығының орынбасары. 2001-2002 жылдары - ҚР Қарулы күштері әскери білім бас басқармасы бастығының орынбасары. 2002 жылы - ҚР Білім министрлігінің кадрлар департаменті бастығының орынбасары. 2002-2008 жылдары - ҚР Білім министрлігі кадрлар департаментінің бастығы. 2008-2012 жылдары - ҚР Білім министрлігінің ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бастығы. 2012 жылғы сәуірден ҚР Ұлттық қорғаныс университетінің ректоры. 2013 жылдан қазіргі қызметте.

56 жыл бұрын (1960) ТЕЛЕУОВ Мұрат Қойшыбайұлы - Қызылорда облыстық медициналық орталығының директоры.
1960 жылы 10 желтоқсанда Ақтөбе облысында дүниеге келген. 1982 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын «емдеу ісі» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1984 жылы Мәскеу Ленин орденді мемлекеттік медицина институтын «дәрігер - емдеуші» мамандығы бойынша тәмәмдаған. 1990 жылы Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық хирургия ғылыми орталығында «хирургия» мамандығы бойынша білім алған. 2008 жылы «Қайнар» Университетінде «Экономика» мамандығы бойынша білім алған. Медицина ғылымының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1983 жылы Мәскеу қаласындағы 1-қалалық ауруханасының урология бөлімшесінде мейіргер қызметінен бастаған. 1984-1988 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Алға аудандық ауруханасында хирург-ординатор болып жұмыс атқарды. 1991-1992 жылдар аралығында Ақтөбе облысы Алға аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары. 1993-2000 жылдар аралығында А.Н. Сызғанов атындағы Хирургия ұлттық ғылыми орталығының бас ғылыми қызметкері. 2000-2001 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау істері агенттігінің хирургиялық көмек бөлімінің бастығы. 2001-2007 жылдар аралығында Семей мемлекеттік медицина академиясының ректоры. 2008-2009 жылдар аралығында Республикалық жедел медициналық жәрдем ғылыми орталығының бас директоры. 2009-2011 жылдар аралығында Қарағанды мемлекеттік медицина университетінің ректоры. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрлігінің ғылым және адами ресурстар департаментінің директоры болды. 2013 жылы желтоқсанда Қызылорда облыстық медицина орталығының басшысы болып тағайындалды.
146 ғылыми басылымның, 23 жаңа әдістің авторы. Жоғары білікті дәрігер-хирург. 2003 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі, 2003-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысының облыстық мәслихатының ІІІ шақырылым депутаты болған.

«Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы қызметі үшін» Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің кеуде белгісімен, «Қазақстан конституциясына 10 жыл» және «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.

45 жыл бұрын (1971) Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданының әкімі Ерлан Қуанышұлы АЙТАХАНОВ дүниеге келді.
Шымкент облысында туған. М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген, экономист, заңгер.
1994-1995 жылдары - «Alem Bank Kazakhstan» экономисі. 1995 жылы - Орталық Азия ынтымақтастық және даму банкінің бас маманы. 1995-1997 жылдары - «Газойл» фирмасының қаржы директоры. 1997-1998 жылдары - «Қазақстан темір жолы» РМК өзара есептесу бөлімінің бастығы. 1998-1999 жылдары - «Қазақстан темір жолы» РМК «Жолаушылар тасымалы» мемлекеттік еншілес кәсіпорны директорының орынбасары. 1999-2002 жылдары - «Қазақстан темір жолы» РМК қаржы және бухгалтерік есеп бас басқармасы бастығының орынбасары, бастығы, экономика, қаржы және бухгалтерлік есеп департаментінің бастығы. 2002-2003 жылдары - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің қаржылық реттеу департаменті директорының міндетін атқарушы, директоры. 2003-2004 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігі төрағасының кеңесшісі. 2005-2006 жылдары - ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің директоры. 2006-2007 жылдары - Алматы қаласы тарифтерді басқару басқармасының бастығы. 2008 жылғы сәуірден - Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитеті басқармасының (инспекциясының) бастығы, 2007-2009 жылдары - ҚР Қаржы министрлігінің Қаржылық бақылау комитетінің Ақмола облысы бойынша басқармасының бастығы. 2009-2012 жылдары - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары. Қазіргі қызметіне 2014 жылы кірісті.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005) медалімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1971) МОЛДАҒҰЛОВ Артур Кенжеәкімұлы дүниеге келді - «Нұр Отан» СҚОФ төрағасының орынбасары
1971 жылы РФ Сахалинск облысының Южно-Сахалинск қаласында дүниеге келді. Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Еңбек жолын 1993 жылы Торғай облысының Арқалық ауданындағы Комсомолдың 60 жылдығы атындағы совхозда агроном-есепші болып бастаған. 1994-1997 жылдары Торғай облысының Арқалық ауданындағы «Жаңа-Жол» ЖШС-нің бас агрономы болды. 1997-1998 жылдар аралығында Торғай облысының Арқалық ауданындағы «Сары Арқа» АҚ директоры қызметін атқарды. 1998-2001 жылдары Торғай облысының Арқалық ауданындағы «Назира» шаруа қожалығының басшысы. 2001-2002 жылдары Көкшетау қаласы әкімінің көмекшісі болып еңбек етті. 2002-2003 жылдары Ақмола облысының Егіндікөл ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. 2003-2004 жылдары СҚО Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары, 2007-2011 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының аппарат басшысы, 2011-2012 жылдары Петропавл қаласы әкімінің орынбасары болды. 2012 жылдың сәуір айынан қазіргі қызметіне дейін СҚО бойынша статистика департаменті бастығының орынбасары міндетін уақытша атқарып келді.



35 жыл бұрын (1981) Ержан Бексұлтанұлы Тұтқышев - Қадағалау кеңесінің мүшесі, «Самұрық-Қазына» АҚ жаңа салаларды дамыту бойынша басқарушы тең директоры.
Санкт-Петербург Экономика және қаржы мемлекеттік университетін қаржылық талдау және ішкі аудит мамандығы бойынша тәмамдаған. Урбана-Шампейндегі Иллинойс университетінің магистратурасын бітірген, қаржы магистрі. 2007-2008 жылдары - «Астана-финанс» АҚ қосылулар мен сатып алулар басқармасының басшысы. 2008-2011 жылдары «Ernst and Young - кеңес беру қызметтері» ЖШС аға кеңесшісі. 2011-2012 жылдары «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Отын-энергетикалық сектордағы Инвестициялық жобалар департаменті директоры. 2014 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» ҰӘАҚ» АҚ бизнесті дамыту бойынша Бас директорының орынбасары. 2014 жылдың желтоқсанынан бастап «Самұрық-Қазына Инвест» ЖШС Қадағалау кеңесінің мүшесі.




201 жыл бұрын (1815-1852) ағылшын графинясы, математик, бірінші программист әйел Августа Ада КИНГ БАЙРОН дүниеге келді. Ол сұлу Анабелла Милбэнк пен ақын Джордж Байронның жалғыз қызы еді.













195 жыл бұрын
(1821-1878) орыс ақыны, әдебиет қайраткері Николай НЕКРАСОВ дүниеге келді.













115 жыл бұрын (1901-1983) клоун, КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Михаил Николаевич (Карандаш) РУМЯНЦЕВ дүниеге келді.












112 жыл бұрын (1904-1975) чех және словак саяси қайраткері, 1957-1968 жылдардағы Чехословакия президенті, 1953-1968 жылдардағы Чехословакия Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Антонин НОВОТНЫЙ дүниеге келді.












98 жыл бұрын (1918-1995) еңбек сіңірген спорт шебері (1949); КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы; мәскеулік ЦСКА командасының (1947-1975) және КСРО құрамасының (1958-1960, 1962-1972) жаттықтырушысы Анатолий Владимирович ТАРАСОВ дүниеге келді.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Ақбөпе Әбдрасул

Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Үмбет Шолпан
Үмбет Шолпан
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT