10 жасар шабандоз ат спорты түрлерінен ашық біріншіліктің жеңімпазы атанды

Фото: None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында ат спорты түрлерінен өткен XII ашық біріншіліктің жеңімпазы 10 жасар Мирас Мұратбек болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

3 және 9 шақырымдық жарыстарға 20-дан астам шабандоз қатысты.

Ауданның ашық біріншілігі жыл сайын өткізіледі. Жарысқа қатысушылар оны облыстық турнир алдындағы аралық, сынақ кезеңі ретінде қабылдайды.

«Жыл сайын қатысушылар саны артып, ат спорты, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық артып келеді. Біз оны қолдауға және шабандоздарды ынталандыруға тырысамыз. Биыл ат спорты біріншілігіне 20-дан астам шабандоз қатысты. Негізінен 12 жасқа дейінгі оқушылар», – дейді Ақтоғай ауданының Жастар ресурстық орталығы басшысы Шыңғыс Елеген.

Тай-жарысқа 16 шабандоз қатысты. Үш шақырымдық межені бірінші болып Моншақ атты жүйрік еңсерді. Шабандозы – Ақтоғай аудандық мектебінің төртінші сынып оқушысы Мирас Мұратбек.

Топ жарыста 8 шабандоз бақ сынады. Тоғыз шақырым қашықтықта да Мирас Моншақпен бірге алғашқы болып келді.

«Мен Мирас пен оның Моншақ атты тайын қаңтардан бастап жаттықтырдым. Біз қарапайым қадамнан бастадық, содан кейін біртіндеп техниканы өзгерттік. Бұл олардың алғашқы жарысы және олар бірден жеңіске жетті. Енді облыстық турнирге дайындалып жатырмыз. Ат спорты дамып келе жатқанына қуаныштымын. Менен басқа ауданда бәсекелестік орта қалыптастыратын тағы 5–6 жаттықтырушы бар. Сондықтан әрқашан ұмтылатын биіктіктер жеткілікті», – дейді жаттықтырушы Сүйіндік Смағұлов.

Барлық жеңімпаз кубоктармен, медальдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Айта кету керек, Қарағанды облысында ат спортын дамыту басқа да аудандарда қарқын алып келеді. Ұлытау ауданында оқушыларды атқа міну мәдениеті үйретілсе, Изенді ауылының жастары ұлттық спорт түрлеріның танымалдылығын арттырып жатыр.


Соңғы жаңалықтар