10 тамыз: Туған күн иелері
2022 жылғы 10 тамыз 08:15

10 тамыз: Туған күн иелері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 10 тамызға арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.


ЕСІМДЕР

177 жыл бұрын (1845-1904) ұлы ақын, философ, ағартушы, композитор Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫ дүниеге келді.

Қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында туған. Ол ауылдағы Ғабитхан молдадан сауат ашып, 10 жасында Семей қаласындағы Ахмет Риза медресесіне оқуға барған. Мұнда араб, парсы тілдерін үйреніп, дін сабақтарын оқумен қатар Низами, Науаи, Сағди, Хафиз, Физули, т.б. шығыс классиктерінің шығармаларымен танысады. Медресенің үшінші жылында Семейдегі «Приходьская школаға» түсіп, 3 ай оқиды.

Сол кезден бастап А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, Л.Н.Толстой, И.А.Крылов, Ф.М.Достоевский, М.Е.Салтыков-Щедрин шығармаларын оқып, Гете, Дж. Байрон мұраларына ден қояды. 13 жасында әке ықпалымен оқудан қол үзіп, әкімшілік билікке араласады. Отаршыл Ресейдің қол астындағы халқының ауыр тағдырын көріп өседі. 1875 жылы Қоңыркөкше елінде өткен сайлауда жеңіске жетіп, 1878 жылға дейін болыс болды. Қазақ халқының дәстүрлі ел билеу жоралғыларын, әдеп-ғұрып заңдарын жетік білетін Абай ел ішіндегі әр алуан әкімшілік-құқықтық реформаларға белсене араласады. Егде тартқан шағында әкімқара биліктен, атқамінерліктен іргесін аулақ салып, шығармашылықпен ғана шұғылданған.

Оның көптеген шығармаларында Адам, Болмыс және Ғалам тақырыбы, сондай-ақ, абсолюттік ақиқат сыры тұрақты орын алады. Ол терең ғибратты ой-толғамдарға толы өлеңдермен қатар жастық ауан, ғашықтық сезімді, табиғат көріністерін, адамның жан дүниесін көркем тіл, бейнелі теңеу, психологиялық шендестіру арқылы шеберлікпен, төгілте жырлаған ақын. Ол дәстүрлі қазақ поэзиясына құрылымдық, стильдік және көркемдік тұрғыдан сонылық алып келді. Әсіресе, оның ғақлиялары - «Қара сөздеріндегі» көркемдік шеберлік пен ғылыми пайымдарды астастырған философиялық ой-толғамдары жалпы адамзаттық гуманистік-әлеуметтік мұраттарға ұласып жатады. Абай - қазақтың музыкалық өнеріне де мол мұра қалдырған тұлға. «Желсіз түнде жарық ай», «Айттым сәлем, қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Сегіз аяқ», «Қараңғы түнде тау қалғып», т.б. әндері арқылы ұлттық әуен-сазға жаңа түр, тың ырғақ, өзгеше өлшем қосты.

Абайдың мазмұны терең, көркемдігі жоғары өлеңдері мен поэмалары («Масғұт», «Ескендір», «Әзім»), қара сөздері мен аудармалары сан рет жарық көріп, қазақ еліне тарады, көптеген шетел тілдеріне аударылды.

Елімізде ұлы ақынға жасалған құрмет ерекше. Абай атында қала, аудан, Семей, Қарқаралы қалаларында, Жидебайда әдеби-мемориалдық мұражайлар бар. Нұр-Сұлтанда, Алматыда және тағы басқа да қалаларда театрларға, көшелерге ақын аты беріліп, ескерткіштер орнатылған. Абай атындағы шың, асу бар. Сонымен қатар Абай қоры жұмыс істейді. Фильмдер, көркем шығармалар, зерттеулер жазылған. Қазақтың классик жазушысы М.Әуезовтің бас кітабы - «Абай жолы» ұлы ақынға арналған. Бұл эпопея дүниежүзі халықтарының 116 тіліне аударылған.

148 жыл бұрын (1874-1933) алғашқы қазақ журналистерінің бірі, ақын, қоғам қайраткері Елеусіз БҰЙРИН дүниеге келді.

Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданында туған. Бөкей ордасындағы Жәңгір хан мектебінде оқыған. Қазан қаласындағы мұғалімдер семинариясын бітірген. Астрахан қаласындағы мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Осында жүріп түрлі қоғамдық-саяси өмірдің қыр-сырына бойлайды, алғашқы қаламгерлік қабілетін сынап байқайды. Елді мәдениетке, өркениетке жеткізуге шақыратын көшбасшы құрал - баспасөз екеніндігін аңғарып, жаңа сипаттағы газет шығаруға бел байлайды. Бұл мақсатын іске асыру үшін қазақ зиялылары - Ш.Бөкеев, Ғ.Қарашев, Б.Қаратаев, М.Шомбалов, С.Меңдешовтермен бірігіп, 1911 жылы Ордада «Қазақстан» деген газет шығарады. 1911-1913 жылдары осы газеттің редакторы болды. Е.Бұйрин 1920-1930 жылдары туған жерінде әр түрлі қызметтер атқарған. 1930-1932 жылдары Алматы қаласындағы Орталық мұражайда ғылыми қызметкер болды. 1932 жылы елде саяси қуғын-сүргіннің алғашқы толқыны басталып, қазақ зиялылары ұстала бастаған соң, ол Тәжік АКСР-іне, Душанбе қаласына қоныс аударып, Тәжік АКСР-нің Орталық мұрағат басқармасында инспектор болып қызмет атқарды. Алайда Е.Бұйрин НКВД-нің құрығынан құтыла алмады. 1933 жылы қызметінен қуылып, көп ұзамай аштықтан қайтыс болды.

Е.Бұйриннің артында қалған әдеби мұрасы - өзі шығарып тұрған «Қазақстан» газетіндегі мақалалары мен көсемсөздері және «Ызың» атты өлеңдер жинағы. Ақын жинаққа «Әу, қазақ!», «Азаматқа» деген екі өлеңі мен аудармасына қоса «Қазақстан» газетінде жарияланған М.Жұмабаев, А.Мәметов, Ғ.Малдыбаев, И.Исин, тағы басқа ақындардың өлеңдерін топтастырып берген. 1998 жылы Орал қаласындағы бұрынғы баспа үйінде Бұйринге арнап ескерткіш-тақта қойылды.

74 жыл бұрын (1948) композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық өнер академиясының корреспондент мүшесі, бірнеше дүркін Бүкілодақтық және Дүниежүзілік фестивальдар мен байқаулардың лауреаты Мұрат ҚҰСАЙЫНОВ дүниеге келді.

Жамбыл облысының Қордай ауданында туған. Алматы консерваториясын бітірген. «Дос-Мұқасан» ансамблінің мүшесі. Ол халық әндері мен белгілі композиторлар туындыларын эстрадаға лайықтап өңдеумен қатар, өзі де музыка жазумен айналысады. Оның Қ.Аманжоловтың «Ақын өлімі туралы аңыз» поэмасы бойынша жазылған симфониясы, спектакльдер мен фильмдерге жазған музыкасы, скрипка, жеке домбыраға, дуэт, трио, квартетке арналған күрделі шығармалары бар. Композитордың «Жігіттер жыры», «Бойжеткен», «Ғашықтар әні», «Жар жүрегі», «Сұлулық», «Наурыз», «Құрбым-ай», «Ғашық жүрек», «Болашақ» әндері халыққа кеңінен танымал. Медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1949) Қазақстан қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің негізін қалаушы Мақсұт Кәрімұлы ҚҰЛЖАНОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қарағанды медицина институтын, Қазақ аймақтық патология ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын тәмамдаған.

Медицина ғылымының докторы, профессор, Республикалық клиникалық аурухананың дәрігері, Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институтының кіші ғылыми қызметкері болған. 1978-1987 жылдары - Қазақ кардиология ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, Қазақ гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының кіші, аға, жетекші ғылыми қызметкері. 1987-1990 жылдары - Республикалық денсаулықты қорғау орталығы бас директорының орынбасары. 1990-1992 жылдары - Қазақ гигиена және кәсіби аурулар ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі. 1992-1997 жылдары - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің орынбасары. 1997 жылдан бастап Қазақстан қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің ректоры. 2012 жылдан бастап Денсаулық сақтау ұлттық палатасының президенті. 2013 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығы» ШЖҚ РМК бас директорының орынбасары, «Республикалық медициналық палата» ҚБ басқарма төрағасы.

200-ден астам ғылыми жарияланымы бар.

60 жыл бұрын (1962) актриса Венера Әбдірахманқызы НЫҒМАТУЛИНА дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Ташкент мемлекеттік театр-көркемсурет институтының режиссерлік факультетін бітірген. 2002 жылдан қазіргі қызметінде.

Ш.Бейсембаевтың «Сотқар балалар», Б.Шмановтың «Ағамның қалыңдығы», Д.Манабаевтың «Туған жер», В.Пұсырмановтың «,Қош бол, сұлуым», М.Үбікеевтің «Провинциялық роман» («Қырғызфильм»), Э.Ишмұхамедовтің «Қысқы тұман кезінде» («Тәжікфилом»), С.Нарымбетовтің «Ауылдан келген күйеу» фильмдеріне, «Тоғысқан тағдырлар» телесериалына және басқа да картиналарға түскен. «Программа 24», «Қазақстан кинематографистерінің шығармашылық портреті», «Мен сіздерге жазамын...» телевизиялық бағдарламаларының продюсері, сценарий авторы, жүргізушісі, «Сіз кімсіз, Ка мырза?» көркем фильмінің («Қазақфильм») продюсері, «Қуанышты сезіну» деректі фильмінің сценарий авторы және режиссері.

«Құрмет» (2008) орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001) медалімен марапатталған.

47 жыл бұрын (1975) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатаның депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылым жөніндегі комитет мүшесі Айгүл Жарылқасынқызы ҚАПБАРОВА дүниеге келді.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша аяқтаған.

Еңбек жолы: телевидениеде қызмет атқарған (1997); «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерушісі; «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газетттерінің басшысы; «Шымкент» Ақпараттық орталығы» ЖШС директоры – бас редакторы.

2019 жылдың маусым айынан бері қазіргі қызметінде.

46 жыл бұрын (1976) Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, қоғам қайраткері, продюсер, «Милосердие» қайырымдылық қорының директоры Аружан САИН дүниеге келген.

Қызылорда қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің география факультетін бітірген.

Еңбек жолы: Хабар телеарнасындағы күнделікті «Разминка» бағдарламасының тележүргізүшісі (1993 жылдары); «Дәмді және тез», ары қарай «Жұлдызды меню» кулинарлық бағдарламаларының тележүргізушісі (1994-1999); «Еркемай» бүлдіршін ойын бағдарламасының тележүргізушісі (1994-2000); Ел Арна телеарнасындағы «Ана мектебі» танымдық бағдарламасының тележүргізушісі (2006 жылдан); «Сабырлық, тек сабырлық» ток-шоуының тележүргізушісі (2010 жылдан); «Бүлдіршіндерге Өмір сыйла» бағдарламасының жүргізушісі (2011 жылдан).

Балалар омбудсмені қызметінде 2019 жылдың шілде айынан бері.

2009 жылы «Мүгедектерге қамқорлық жасағаны үшін» аталымы бойынша «Алтын жүрек» («Золотое сердце») сыйлығына ұсынылған. «Халық сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты.

43 жыл бұрын ҚР Жоғарғы Сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Аслан Сұлтанұлы ТУКИЕВ дүниеге келген.

Қарағанды ​​облысында туған.

ҚР ІІМ Қарағанды ​​заң институтын және Қазтұтынуодағы Қарағанды ​​экономикилық университетін бітіргеннен кейін Түркияда, Германия, Франция мен Латвияда ғылыми тағылымдама өткен. Заң ғылымдарының кандидаты, доцент.

Қарағанды ​​қаласының ІІБ полициясының участкелік инспекторы және тергеушісі, ҚР ІІМ Қарағанды ​​заң институтының қылмыстық процесс кафедрасының оқытушысы, Б.Бейсенов атындағы ҚР ІІМ Қарағанды ​​академиясының Әкімшілік қызмет мәселелерін зерттеу орталығының басшысы болып қызмет атқарды.

Әр жылдары ҚР Әділет министрлігінің Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары, ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаментінің директоры, «Қазақстан құрылысшылары қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры, ҚР Заңнама институтың директоры болды.

2019-2020 ж.ж. – ҚР Жоғарғы Сотының жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары, 2020-2022 жылдары ҚР Жоғарғы Сотының судьясы.

«Мінсіз қызметі үшін» және бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT