Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

10 тамыз. ҚазАқпарат күнтізбесі

2018 жылғы 10 тамыз 07:00
Поделиться:

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 10 тамызға арналған күнтізбесін ұсынады.

10 тамыз, ЖҰМА

Абай поэзиясы күні

Абай Құнанбайұлы - қазақ ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалыптастырған ұлы ақын, ағартушы әрі ойшыл. Оның шығармалары бүгінгі күнге дейін әлемнің 60 тіліне аударылған. Қазіргі таңда Алматыда ақынның атымен жоғары оқу орны, опера және балет театры, үлкен даңғыл аталса, көркем әдебиет саласы бойынша мемлекеттік сыйлық тағайындалған. Шығыс Қазақстан облысындағы бір ауданға, Қарағанды облысындағы бір қалаға аты берілген. Сондай-ақ Іле Алатауының теңіз деңгейінен 4010 метр биіктіктегі шыңы да ақын есімімен аталады.

Эквадор Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздігін жариялаған күні (1809)

Эквадор - Оңтүстік Американың солтүстік батысында орналасқан мемлекет. Астанасы - Кито қаласы. Әкімшілік аумағы 21 провинцияға бөлінеді және оған провинция мәртебесі бар Галапагос аралы да кіреді. Ресми тілі - испан тілі. Ақша бірлігі жоқ, дегенмен 2000 жылдан бастап АҚШ доллары есептесу валютасы ретінде қолданылады. Мемлекеттік құрылысы - Республика. Мемлекет басшысы - президент (президент - үкімет басшысы және қарулы күштердің бас қолбасшысы).

Халықаралық биоотын күні

1893 жылғы 10 тамызда болған биодизель отынын алғаш пайдаланған күн құрметіне атап өтіледі.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1959 жылы Павлодар облыстық атқару комитетінің шешімімен облыстық балалар кітапханасына ақын, ағартушы-демократ Сұлтанмахмұт Торайғыровтың есімі берілді.

1995 жылы Семей қаласында Абайдың жаңа мәдени-тарихи және аумақтық-мемориалдық кешені салтанатты түрде ашылды. Кешенге жаңа мұражай мен қайта өңдеу өткізілген Абайдың өзі тәлім алған медресе мен мешіт кіреді.

1999 жылы Қазақстан Республикасының «Ауылдық тұтынушылық кооперациялар туралы» Заңы жарияланды.

2004 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылыми орталығының Геофизикалық зерттеулер институтының филиалында ядролық жарылыстарды бақылау бойынша жаңа сейсмикалық стансының ресми ашылуы өтті. Станса Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты мен АҚШ Әуе күштерінің қолданбалы технологиялары агенттігі арасындағы ынтымақтастық негізінде құрылды. Ғылыми мекеме кез келген елде жасырын өткізілген ядролық жарысты анықтаумен айналысады. Қазақстан Республикасы ҰҒО Геофизикалық зерттеулер институты сейсмикалық стансаларының аспаптары Қазақстанның барлық аумағында бірдей орнатылған. Жаңа сейсмикалық стансасының Қазақстан үшін маңызы зор. Біріншіден, Қазақстан ядролық қарусыз ел, сондықтан қауіпсіздігінің кепілі болуы маңызды. Екіншіден, бұл жаңа жұмыс орындары, үшіншіден, бұл жиналған ғылыми тәжірибені сақтауға және пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл стансаның болуы Қазақстан үшін мәртебе болып саналады.

2005 жылы қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойын зиялы қауым өкілдері мен Алматы жұртшылығы атап өтті. Жиналған қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Абай оқулары мен концерттік бағдарламаны тамашалады.

2005 жылы ХІХ ғасырда Абай Құнанбаевтың аталары жерленген Шығыс Қазақстан облысы Ақшоқы ауылының аумағында ұлы ақын, философ, ағартушының 160 жылдық мерейтойына арналған қара мәрмәрдан жасалған ескерткіш тасы орнатылды.

2009 жылы Ақмола облысының Щучинск қаласында жаңа мешіт ашылды. Ашылу салтанатына Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі қатысты. Мешітте ортақ бөлмеден басқа үш намазхана және қосалқы бөлмелер бар.

2010 жылы Талдықорған қаласында Спорт сарайы алдында қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай Аронұлына ескерткіш орнатылды. Биіктігі шамамен 10 метрге жететін монумент таза қоладан құйылған, оның авторлары - белгілі қазақстандық сәулетші Қазбек Жарылғапов пен мүсінші Мерлан Әзмағамбетов.

2011 жылы Ақтау қаласында Тегеран конвенциясы тараптары конференциясының ІІІ сессиясы өтті. Сессия барысында Әзербайжан Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы және Түрікменстан Мұнайдың ластануына әкелетін оқиғалар болған жағдайда өңірлік дайындық, оған қарсы жауап қайтару және ынтымақтастық туралы және трансшекаралық контексте қоршаған ортаға әсер етуді бағалау бойынша хаттамаларға қол қойды.

2011 жылы Республикалық шұғыл медициналық жәрдем ғылыми орталығының мамандары оңтүстіккореялық мамандармен ынтымақтастықта Қазақстанда алғаш рет созылмалы бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегетін науқастардың бүйрегін лапароскопия әдісімен алмастырды.

2012 жылы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақмола облысына жұмыс сапары барысында Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде болды.

2012 жылы Маңғыстау облысындағы Қарақұдық кен орнында мерейтойлық 10 миллионыншы мұнай тоннасы алынды. Қарақұдық кен орны Ақтау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 365 шақырым қашықтықта орналақан. Алғаш рет бұл маңнан мұнай 1972 жылы табылғанымен тек 1998 жылдан бастап алына бастады.

2014 жылы «Астана» медресесіне алғаш рет орыс тілінде білім беретін бөлімге қабылдау жүзеге асырыла бастады.

2014 жылы қазақстандық қос балуан Вадим Псарев пен Жаксылық Үшкемпіровтің есімдері Швейцариядағы ФИЛА штаб-пәтеріндегі күрес даңқы залына енгізілді.

2016 жылы «Құнанбай» фильмі ХІІ Қазан халықаралық мұсылман киносы фестивалінің негізгі конкурстық бағдарламасына қатысты.

2017 жылы әлемнің 40-тан астам елінде 22 тілде National Geographic түсірген Астананың мегақұрылыстары туралы фильмнің әлемдік тұсаукесері болды. Әйгілі National Geographic телеарнасының командасы Астананың зәулім ғимараттары туралы деректі фильм түсіріп, оларды және қаланың өзін де мегақұрылыстар қатарына жатқызды. Қазақстан астанасының бас құрылысшысы - Президент Нұрсұлтан Назарбаев белгілі сәулетшілермен бірге фильмнің бас кейіпкері болды.

2017 жылы Катар Қазақстан азаматтары үшін тегін визалар енгізілгенін жариялады. Енді қазақстандықтар Катарға 30 күнге барып, оның мерзімін тағы 30 күнге созуына болады.

2017 жылы Димаш Құдайберген Гонконгтағы Golden melody awards байқауының «Жылдың үздік орындаушысы» аталымында жеңімпаз атанды. Қазақстандық әнші Қытайда өткен Singer-2017 жобасында екінші орын алып, әлемге танылған болатын.

1539 жылы Франция королі I Франциск елдің мемлекеттік тілі - француз тілі деп жариялады. Бұнан былай ресми құжаттардың бәрі де латын тілінде емес, французша толтырылатын болды.

1889 жылы британдық Дэн Райлэндс бұрандалы тығынмен жабылатын бөтелкені патенттеді.

Бөлісіңіз:
MURAǴAT