10 өңір жаңа мектеп салу жоспарын толық орындамай отыр

Фото:
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 10 өңір жаңа мектеп салу жоспарын толық орындамай отыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білім сапасын арттыруда мектептердің заманауи пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілуі маңызды рөл атқарады. 2021 жылы жоспар бойынша 949 мектепке 1 825 пән кабинеті сатып алынып, жоспар орындалды. Биылғы жылы физика, химия, биология, STEM пәндік кабинеттермен мектептердің 70 пайызы қамтылатын болады. Алайда біздегі ақпаратқа сәйкес Ұлытау, Жамбыл облыстарында тиісті қаражатты бөлу шешімін таппаған, әкімдіктерден бұл мәселені қолға алуды сұраймын. Жылдың соңына дейін уақыт бар, осы жұмысты бақылауға алуға өтініш білдіремін», - деді министр.

Оның дерегінше, мектептерді жайлы, қауіпсіз әрі заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету мақсатында 2021 жылы жоспарланған 200 мектептің орнына 277 білім ордасы ашылды. Бұған жеке сектордың белсенді қатысуы себеп болды.

«Сонымен қатар, 10 өңір 42 жаңа мектеп пен 21 мың оқушы орнын іске қосу бойынша жоспарды толық орындамады. Біз жекеменшік мектептердің желісін арттырудамыз. Енді биыл 214 мың орынға арналған 225 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішінде қазіргі уақытта 22 мың орынға 49 мектеп пайдалануға берілді. Әр өңір, әр ауыл мен қала бойынша нақты көрсеткіштер бекітілген. Осы тәуекелдерді болдырмау үшін әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеулерін сұраймын», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар