10 мыңнан астам колледж студенті кәсіпорындар тапсырысымен оқып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда 10 мыңнан астам колледж студенті кәсіпорындардың тапсырысы бойынша оқып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

«Биылғы оқу жылынан бастап колледждерге кәсіпорын өтінімдері бойынша кадр даярлау енгізілді. Өзара ынтымақтастық еңбек нарығының сұранысына сай маман әзірлеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік тапсырыстың артықшылығы – колледж бітірген соң студент тапсырыс берушінің компаниясында жұмыс істейді. Ол үшін білім беру ұйымы, кәсіпорын және студент арасында үш жақты келісімшарт жасалады», - делінген ведомство ақпаратында.

Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Ернат Жүнісовтің айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сай биылғы оқу жылынан бастап жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша оқытуды бастады. Колледждер еңбек нарығына қажет кадр дайындайды. Өз кезегінде кәсіпорындар студенттерді өз базасында тәжірибеден өткізеді, тағылымдама ұйымдастырады, кейін жұмысқа қабылдайды.

«Мақсатты тапсырыс колледждерге кадр сұранысына сай білім беру бағдарламаларын жаңартуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда кадр даярлауды «Сарыарқа автопром», «Kamaz» ЖШС, «Арселор Миттал Теміртау» АҚ, «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Базис-Астана», «Аster Аuto Аstana» ЖШС және басқа да ірі кәсіпорындар қолдап отыр. Мақсатты тапсырыс бойынша 10 мыңнан астам студент оқитын болады», - делінген министрлік хабарламасында.


Соңғы жаңалықтар