10 мыңға жуық астаналық бала жаз бойы тегін кино тамашалады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақконцерт» мемлекеттік ұйымының ұйымдастыруымен елордалық балалар отандық және шетелдік киноларды тегін тамашалау мүмкіндігіне ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Пандемияға байланысты елде біраз іс-шараға тыйым салынды. Халық концерт, мерекелік шараларды сағынып қалды. Осы орайда бізде ауқымды жоспар бар. Ел ішін аралап концерт береміз. Біздің ұжым өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән береді. Өздеріңіз білесіздер бізде балаларға арналған «Жазғы кино» атты жобамыз бар. Бүгінгі таңда 10 мыңға жуық астаналық бала тегін кино көру мүмкіндігіне ие болды. Аталған шара «Қазақфильм» және отандық киноны қолдау орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Бастысы балалар риза, ата-аналары да алғысын білдіріп жатыр», - деді Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы директорының шығармашылық қызмет бойынша орынбасары Серік Нұрмолдаев елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, балаларға тегін кино көрсету дәстүрі одан әрі жалғасады.

«Енді біз «Балалар филармониясы» атты жобаны бастағымыз келіп отыр. Жоба аясында балаларға тек кино көрсетіп қоймай, концерттер, дәрістер, шеберлік сағаты және түрлі қызықты форматтағы кездесулер өтетін болады. Қатысам деген балаларға есік ашық», - дейді ол.

Бұған дейін хабарлағанымыздай «Қазақконцерт» ұжымы гастрольдік сапармен ел аралап концерт бермек.


Соңғы жаңалықтар