10 мыңға жуық адамға қызмет көрсеткен мейіргер: Әр науқасқа жанашырлықпен қараймын

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында тұратын мейіргер Гүлсім Досаева медицина саласында отыз жылдан астам уақыттан бері қызмет атқарып келеді. Ол өзіне қарасты аумақтағы тұрғындардың әрбірінің мекен-жайын жақта біледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінде №3 қалалық емхананың мейіргер қызметін атқаратын Гүлсім Досаева Қармақшы ауданының Ақжар ауылында 1966 жылы дүниеге келген. Бала кезінен дәрігер болуды армандаған ол 1983 жылы Қызылорда медициналық колледжіне оқуға түсіп, оны фельдшер мамандығы бойынша ойдағыдай аяқтады.

Алғаш еңбек жолын медициналық бекетте мейірбике болып бастаған Гүлсім 1991 жылдан бастап №1 қалалық емханада қызметін жалғастырды. Аталған емханада 20 жылдан астам уақыт бойы халыққа қызмет көрсетіп, көптің алғысына бөленеді.

«Медицина саласы қашанда үлкен жауапкершілікті талап ететіні белгілі. Біз мұны ешқашан естен шығарған емеспіз. Алдымызға келген әрбір науқастың дертінен жазылып шығуына қол ұшын созамыз. Осылайша елдің алғысына бөленіп жататын кезіміз аз емес», - деді мейірбике Гүлсім.

Мейіргер 10 мыңға тарта тұрғынға қызмет көрсеткен ол өз ісінің нағыз майталман маманы. Тұрғындарды туысындай жақын тұтып, әрбірінің жеке басын анықтайтын мәліметтерін жинақтайды. Олардың әрбірінің мекен-жайын жатқа білетін мейірбике жұмысына деген жауапкершілікті бәрінен биік қояды.

Тәжірибелі маман 2012 жылы №3 қалалық емханаға нефролог мейірбикесі болып жұмысқа ауысты. Мұнда да ол тұрғындардан тек ризашылық алып келеді. Оның науқастарды емдеуде, ауруынан айықтыру жолындағы еңбегі айтарлықтай зор.

«Науқастарға көмектесуді әрдайым алдыңғы кезекке қоямын. Олардың сапалы ем алуын тікелей қадағалаймын. Осылайша әрбір адамның сауығып кетуіне жанашырлықпен қараймын», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар