10 млрд теңгеден астам берешегі бар 141 салық төлеушінің қарызы кейінге шегерілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміз бойынша 10 млрд теңгеден астам берешегі бар 141 салық төлеушінің қарызын кейінге шегеруге және бөліп төлеуге рұқсат берілді. Бұл туралы Instagram-да өткен тікелей эфирде Мемлекеттік кірістер комитетінің берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының басшысы Ерлан Далбин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Салық төлеушілерде уақытша қаржылық қиындықтар туындаған кезде салықтарды төлеу және оны кейінге қалдыру тәртібі заңмен реттелген. Республика бойынша 10 млрд теңгеден астам берешегі бар 141 салық төлеушінің қарызын кейінге шегеруге және бөліп төлеуге рұқсат етілді. Оның ішінде бүгінде 1,8 млрд теңге салық төленді», - деп тоқталды Ерлан Далбин.

Оның айтуынша, қаржылық қиындықтар туындаған жағдайда салық төлеушілерге екі шешім ұсынылады.

«Салық төлеуді кейінге қалдыру мерзімі 6 айдан аспайды. Ал екінші нұсқа ол – бөліп төлеу. Ол 3 жылға дейінге мерзімге арналған. Салық төлеуші берешегін ай сайын не болмаса тоқсан сайын төлеп тұруы тиіс. Бөліп төлеу жеке кәсіпкерлік, импорт үшін қосымша құн салығы, Ұлттық қорға түсетін салық және акциздерден басқа салық түрлеріне жүреді. Бірақ мұндай мүмкіндік алу үшін арнайы талап бар. Мәселен, маусымдық тауар түрлерін өндірушілер, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген заңды тұлалар, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде қаржылық қиындықтарға тап болған салық төлеушілерге осындай мүмкіндік ұсынылады», - деп түсіндірді басқарма басшысы.

Қоса кетсек, биыл алғашқы тоқсанда бюджетке 5,7 трлн теңге салық түсті.


Соңғы жаңалықтар