+7 (701) 759 90 19
USD 428.68 EUR 507.21
RUB 5.57 CNY 64.2
Jańalyqtar

10 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

2020 жылғы 10 қыркүйек 07:10
Бөлісіңіз:
10 қыркүйек. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2020 жылғы 10 қыркүйекке арналған күнтізбесін ұсынады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Бүкіләлемдік өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу күні

Әлемде бүгінгі таңда өзекті проблемаға айналып отырған өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу мәселесіне арналған күн. Мұндай күнді бекіту бастамасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Өзін-өзі өлтіруге жол бермеу жөніндегі халықаралық қауымдастық көтерді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1925 жылы сол кездегі Қазақстан астанасы (1925-1929) Қызылордада қазақтың бірінші ұлттық театры құрылды. Театр шымылдығы 1926 жылғы 13 қаңтарда «Алтын сақина» пьесасымен ашылды.

1992 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Көктерек кеңшарында қазақ халқының батыр ұлы, 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының құрбаны Қайрат Рысқұлбековке ескерткіш ашылды.

1993 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Президиумы Атырау облысы Теңіз ауданын Құрманғазы ауданы деп ауыстыру туралы қаулы қабылдады.

1994 жылы Алматыдағы Кеңсай зиратында халық жазушысы, қазақ ақыны, Александр Фадеев атындағы сыйлықтың және Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Сырбай Мәуленовтың бейітіне ескерткіш белгі қойылды.

Сырбай Мәуленов Ұлы Отан соғысына, атап айтқанда Ленинградты азат етуге қатысты. «Қазақ әдебиеті» газетінің және «Жұлдыз» журналының редакторы болған. Көптеген өлеңдер мен жыр жинақтарының авторы. Байрон, Гете, Мицкевич, Пушкин, Лермонтов, Блок, Бунин және Некрасовтың шығармаларын қазақ тіліне аударған.

1996 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары дипломатиялық мектебі құрылды (1997 жылғы ақпанның 28-інен Дипломатиялық академия).

1996жылы республикада алғашқы кадет корпусы құрылды.

1998 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен Мәдениет және өнерді қолдау жөніндегі Мемлекеттік қор құрылды. ҚР Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы Жарлығымен ҚР Үкіметінің жаңа құрылымының бекітілуіне және Қазақстан Республикасы Білім беру, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің қызметі тоқтатылуына байланысты Қор өзінің ведомстволық бағынуын өзгертіп, ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Мәдениет комитетінің қарауындағы ұйымдар тізіміне енгізілді.

1998 жылы ай сайын шығатын «Қазақ батырлары» қоғамдық-саяси, тарихи-археологиялық газетінің бірінші нөмірі жарық көрді. Газет дәстүрлі қазақ қоғамының тарихы, оның әйгілі батырлары, хандары, би-шешендері туралы сыр шертті.

1999 жылы Австралияның Инебург қаласында өткен дүниежүзілік кинофестивальде Сатыбалды Нарымбетовтің «Көзімнің қарасы» фильміне бас жүлде берілді.

2005 жылы Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы салтанатты түрде ашылды.

Жаңа бес қабатты кітапхана 15 мың шаршы метрді алып жатыр, оның 20 оқырмандар залына бір мезгілде 500 адам сыяды. Ұлттық кітапханада 2 млн. томға жуық баға жетпес білім қазыналарымен қатар, осы заманғы электрондық ақпараттар сақталып, оқырмандарға қызмет көрсетіледі.

2005 жылы Алматыда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Шет тілдері әскери институты салтанатты түрде ашылды. Әскери институт - «аударма iсі» және «өлкетану» сияқты мамандықтар бойынша жоғарғы әскери арнайы бiлiмi бар офицерлердi дайындайтын Орталық Азия аймағындағы жалғыз оқу орны. Салтанатты ашылу рәсіміне Алматы қалалық әкімдігінің, АҚШ, Ресей, ГФР, Түркия, ҚХР, Оңтүстік Корея елшіліктерінің өкілдері және әскери атташелері, республикамыздың жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты.

2006 жылы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының сенімді басқаруындағы Степногор кен-химия комбинатының (СКХК) күкірт қышқылы зауыты іске қосылды. Күкірт қышқылы - халық шаруашылығының түрлі салаларында кеңінен қолданылатын химия өнеркәсібінің негізгі өнімдерінің бірі. Күкірт қышқылы күшті, бірақ та арзан қышқылдардың бірі. Ол уран, мұнай, металлургия, металл өңдеу, тоқыма салаларында қолданылады.

2010 жылы Ғ. Жұбанов атындағы Мемлекеттік ішекті квартет қатысушылары Швейцариядағы Музыка академиясына қабылданды. Оларды «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқыту көзделді.

2014 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы Қазақстан Республикасы Президентінің резиденциясы «Ақорда» мен «Үкімет үйі» әкімшілік ғимараты бейнеленген тоғыз тауар белгісін, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен Сенаты бейнеленген алты тауар белгісін тіркеді. Тіркеу куәліктерін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті берді. Тауарлар халықаралық сыныптаманың барлық 45 класы бойынша 2023 жылға дейін жарамды.

2016 жылы Астанадан Арқалыққа қарай «Өр Торғай - ерлік мекені» экспедициясының қатысушылары жолға шықты. Оның құрамында тарихшы ғалымдар, зерттеушілер, этнографтар, журналистер және блогерлер болды. Шара Ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы мен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

2017 жылы ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесінің жабылу салтанаты өтті. «ЭКСПО» көрмесінің туы Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының президенті Стин Кристенсенге табысталды.

Көрме өткізілген 3 ай уақытта 33 мың әртіс Астанада өнер көрсетіп, көрмеге 180 елдің меймандары келіп қайтқан. 4,5 мың ерікті еңбек етіп, қонақтар 100 млн фотосурет түсірген. Көрме аумағында 88 ұсыныс жасалып, жас отбасылар жаңа өмір бастаған. Өз кезегінде ғалымдар 153 өнер туындысын таныстырған.

2017 жылы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында бірқатар елдің мемлекет басшыларының қатысуымен Ислам ынтымақтастық ұйымының Ғылым және технологиялар жөніндегі тұңғыш саммитінің жұмысы басталды.

Саммиттің негізгі құжаттары – Қорытынды коммюнике мен Астана декларациясы. Сонымен қатар, саммит барысында химия, техниканы дамыту, вирустық иммунология, биотехнология және т.б. салаларда арнайы сыйлық алған әртүрлі елдің 5 ғалымына ИЫҰ сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

2018 жылы Алматыда «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысына арналған «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

1918 жылдың 8-23 қыркүйегі аралығында Уфа қаласында мемлекеттік мәжіліс өткен болатын. Сол отырыста Алаш қайраткерлері ұлт-азаттық күрес мүддесін заңды түрде қорғаудың үлгісін көрсетті. «Алаш туы астында» деректі фильмінің тұсаукесері осы тарихи оқиғаға орайластырылды.

2018 жылы Орталық Азияда Қазақстан медицина студенттері арасында IFOM халықаралық емтиханын бірінші болып өткізді. Емтихан ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мемлекеттік тапсырмасы аясында «Астана Медицина Университеті» АҚ, Қарағанды мемлекеттік медицина университеті және С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті студенттері арасында ағылшын тілінде өтті.

IFOM емтиханын АҚШ-тың Ұлттық медициналық сарапшылар кеңесі (National Board of Medical Examiners-NBME) негізгі және клиникалық пәндер бойынша әлемніңтүрлі елдеріндегі студенттердің білімін бағалау үшін әзірледі.

2019 жылы қазақстандық шахматшылар сеньорлар арасындағы Азия чемпионатында рапидтен үздік үш орынның барлығын жеңіп алды. Бұл – шахмат ардагерлері арасындағы Азия біріншілігінің салтанатты ашылу рәсімінен кейін өткен рапидтен чемпионаттың нәтижесі. Сеньорлар арасындағы Азия чемпионатына 16 елден барлығы 70-тен астам шахматшы қатысты.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059
REDAKTOR
Жанат Қапалбаева
Жанат Қапалбаева
954-059

MURAǴAT