10 қазан. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2018 жылғы 10 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

null

10 қазан. СӘРСЕНБІ

Бүкіләлемдік жүйке саулығы күні

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Бүкіләлемдік жүйке саулығы федерациясының шешімімен 1992 жылдан бастап жыл сайын атап өтіледі.
Кубаның Испаниядан тәуелсіздік алу жолындағы күресті бастаған күні Куба - Оңтүстік және Солтүстік Америка құрлықтары аралығындағы Куба, Хувентуд және олардың жанындағы Үлкен Антиль аралдар тобында орналасқан мемлекет. Астанасы - Гавана қаласы. Ақша бірлігі - Куба песосы. Ресми тілі - испан тілі. 1976 жылғы қабылданған конституция бойынша мемлекет билігі халықтық өкіметтің қолында. Ол өз депутаттары арасынан Мемлекеттік Кеңес сайлайды және Министрлер Кеңесінің мүшелерін бекітеді. Осы екі Кеңестің төрағасы мемлекет басшысы болып есептеледі.
Фиджи Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1970)

Фиджи - Тынық мұхитының оңтүстік бөлігінде орналасқан мемлекет. Ел жүздеген аралда орналасқан. Астанасы - Сува қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - фиджи доллары.

Қытай Республикасының Ұлттық мейрамы

Бұл күн 1911 жылы 10 қазанда болған көтерілістің құрметіне таңдалды. Учан қаласындағы көтеріліс Синьхай революциясының басталуына түрткі болды. Нәтижесінде Цин әулетінің билігі құлап, Қытай Республикасы құрылды.

Дүниежүзілік өлім жазасына қарсы күрес күн

2003 жылы өлім жазасына тыйым салу бойынша дүниежүзілік коалиция бекітті. Дүниежүзілік коалицияға 120 құқық қорғау ұйымы кіреді. Оның басты мақсаты - әлемдегі өлім жазасын жою.

Дүниежүзілік ботқа күні

Бұл атаулы күн алғаш рет 2009 жылы атап өтілген. Ол Шотландияның кедей елдердегі аштықтан зардап шегетін балаларға көмектесетін Mary's Meals қайырымдылық қорына қаржы жинау мақсатында ұйымдастырылды.

КХДР-да Корея Еңбек партиясы құрылған күн

1945 жылы Корей Халық Демократиялық Республикасының билік басындағы партиясы құрылды. Елде басқа партиялардың қызметіне рұқсат берілгеніне қарамастан, Солтүстік Корея құрылғаннан бері КЕП қана билікті өз қолына шоғырландырып келеді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР
1939 жылы Ұлытау ауданы құрылды. Өлкеде 600-ден астам тарихи ескерткіш бар. Жошы хан мазары (XII ғ), VIII - XIII ғғ. Домбауыл кесенесі, Алашахан мазары, Басқамыр қалашығы, Алтыншоқы, Хан орда (XV ғ) мемлекеттік маңызға ие. Ұлытау ауылында Мемлекеттік ұлттық тарихи-мәдени және табиғат мұражай-қорығы бар. Жезді кентінде тау-кен және балқыту ісінің мұражайы бар. Бұл ТМД-дағы жалғыз мұражай. Қазір аудан аумағы 12 мың га жерді алып жатыр, мұнда 12 селолық округ, 3 кент округі және 44 шаруа қожалығы бар.

1962 жылы Өскемен титан-магний комбинаты тұңғыш өнімін шығарды.

1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» атты ел дамуының стратегиялық жоспары болып табылатын еңбегі жарық көрді.

1999 жылы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне сайлау нәтижесінде депутаттар алғаш рет партиялық тізім арқылы да сайланды.

2000 жылы Астанада Беларусь, Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттерінің басшылары Еуразиялық экономикалық қауымдастық туралы келісімшартқа қол қойды.

2006 жылы Запорожьеде (Украина) Қазақстан Республикасының құрметті консулдығы ашылды.

2008 жылы Мәскеуде Ресей ғылым академиясының «Шығыс әдебиеті» баспасынан «Қазақ тілі» кітабы жарық көрді. Оқулық М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Азия және Африка елдері институтының Кавказ және Орталық Азия оқу-ғылыми орталығында дайындалған. Оқу құралы Ресей ғылым академиясы Тілтану институтының бас ғылыми қызметкері, ММУ профессоры Кеңесбай Мұсаевтың орыс тілді оқушыларға қазақ тілін үйрету жөніндегі көпжылдық тәжірибесіне негізделген. Ол - «Қазақ тілі оқулығы» мен «Фонетикалық курстан» тұратын оқу-әдістемелік топтама. Мұнда тілді бастапқы үйренуге қажетті формалар, яғни грамматикалық, қоғамдық-саяси, көркем әдебиеттер мен күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын сөздер берілген.

2011 жылы Қарағандыда Қазыбек би ескерткіші ашылды. Ескерткіш авторы - астаналық мүсінші Мұрат Мансұров. Қоладан жасалған мүсіннің биіктігі 6 метр. Ол 8 метрлік тұғырға қойылды.  
2012 жылы Шымкентте мүмкіндігі шектеулі суретшінің «Өмірді сүйгендер» көрмесі өтті. Анатолий Бауэр қолсыз, бояу жаққышты (қылқаламды) тісімен тістеп  сурет салады. 

2013 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ЮНЕСКО атқарушы кеңесінің 192-сессиясының аясында Қазақстанның халық суретшісі Әубәкір Ысмайыловтың мерейтойлық көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Ә.Ысмайыловтың шығармашылық мұрасы қазақ бейнелеу өнерінің «алтын қорына» енгізілген.

2013 жылы Павлодарда ақын және драматург Қалижан Бекхожинге ескерткіш орнатылды. Мүсіннің салмағы - 3,2 т, биіктігі - 2,6 метр. Ол биіктігі 195 см тұғырдың үстіне қойылды.

2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің, Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Мемлекетаралық кеңесінің және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің мемлекет басшылары деңгейіндегі отырыстарына қатысу үшін Беларусь Республикасына жұмыс сапарымен барды.

2015 жылы Алматы облысы Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Жамбыл облысының Тараз қаласына 50 метрлік барельефті сыйға тартып, қазақтың белгілі ақыны Жамбыл Жабаевтың ескерткішін күрделі жөндеуден өткізді.

2016 жылы Қазақстан, Әзербайжан және Грузия Транскаспий халықаралық көлік маршрутының халықаралық қауымдастығын құрды. Ұйымның кеңсесі Астана қаласында орналасты.

2016 жылы Қазақстанда «Тұрғын үй құрылысына қатысу туралы» Заң күшіне енді. Жаңа заң үлескерлердің қаражатын қорғау тетіктерін қамтыды.

2016 жылы Иордания королі ІІ Абдалла Қазақстан Республикасы Президентінің «Ядролық қарусыздану мен қауіпсіздікке қосқан үлесі үшін» халықаралық сыйлығының тұңғыш иегері атанды.

2017 жылы Шымбұлақ 2017-2018 жылғы қыс маусымында ТМД-дағы ең танымал тау-шаңғы курорты атанды.

1911 жылы Қытайда монархия құлап, Сунь Ят Сен Қытай Республикасын жариялады.

1933 жылы Америка Құрама Штаттарында әлемдегі бірінші кір жуғыш ұнтақ сатылымға шықты.

1963 жылы ядролық қаруды ауада, ғарыш кеңістігі мен су астында сынауға тыйым салу туралы келісім күшіне енді.

Соңғы жаңалықтар