10 адамды өрттен құтқарған ақмолалық полицей «Айбын» орденімен марапатталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 10 адамды өрттен құтқарған (оның 7-еуі - бала) 25 жастағы полиция сержанты Асхат Еркашев ерлігі үшін ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің дерегі бойынша, оқиға 2018 жылдың 25 қаршасында орын алған.

«Мен 5510 әскери бөлімінің сарбаздарымен кезекшілікке шықтым. Кешкілік уақытта патруль кезінде ескі әуежай аумағындағы жеке сектор тұсынан жарылыстың даусы естілді. Дауыс шыққан жаққа қарағаным сол еді, екі пәтерлі тұрғын үйдің жанып жатқанын көрдім. Бірден өрт сөндіру бригадасын шақырып, өзім өрт шыққан үйге жүгірдім. Терезеден үй ішінде көмек сұрап, жылап жатқан балаларды көрдім. Терезені бұзып, ішке кіріп, әскери бөлім сарбаздарына балаларды шығарып отырдым. Бір пәтердегі адамдарды толық құтқарған соң, екінші пәтерге барып ондағы балаларды қауіпсіз жерге шығардық. Кейін екінші рет үйге қайта кіріп, іште қалып қойған адамдардың бар-жоғына тағы бір рет көз жеткіздік. Бұдан бөлек, пәтерлердің бірінің ішінде тұрған екі бірдей газ баллонын сыртқа шығардық. Осы кезде өрт сөндіру бригадасы мен жедел жәрдем көлігі келіп жетті», - деп еске алады Асхат.

Полиция қызметкері бір пәтердің ішінен - 4 баланы, екінші пәтерден - 3 баламен бірге ата-анасын құтқарған. Жалпы, 10 адамның өміріне араша түскен.

«Балалардың жан ұшырып жылаған дауысын естігенде, бар ойым оларды құтқару болды. Кейін бәрі сәтті аяқталған соң ғана қауіп-қатердің қаншалықты болғанын түсіндім», - деп атап өтті бейбіт күннің батыры ҚазАқпарат тілшісіне.

ҚР Президентінің Жарлығымен әскери және қызметтік міндетін атқару кезінде көрсеткен ерлігі және қайсарлығы, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін полиция сержанты Асхат Еркашев ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар