1 желтоқсанда Таразда «Сергек» камералары жұмыс істей бастайды

None
ТАРАЗ. ҚазАқпарат – Тараз қаласында 1 желтоқсанда қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Жамбыл облысының орталығында биыл 1 желтоқсаннан бастап қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін «Сергек» жүйесі іске қосылады. Тараз қаласында жоба бойынша 1 250 жалпы бақылау камерасын орнату қарастырылған. 48 аппараттық-бағдарламалық кешен қаланың жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жылдамдықты асыру, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кету, жолдағы қозғалысты реттейтін жолақтарды бұзу – жүйеге тіркелетін болады. Жол ережесін бұзуды тіркеу автоматты режимде жүзеге асады. Төленген айыппұл қала бюджетіне бағытталады. Ұйғарымдарды erap-public.kgp.kz, egov.kz сайттарынан ЭЦҚ арқылы авторизациядан өтіп, жүктеп алуға болады. Сонымен қоса «Kaspi» мобильдік қосымшасындағы мемлекеттік қызметтер бөлімшесінен де табу мүмкіндігі бар», - деп мәлім етті жергілікті құзырлы органның баспасөз қызметінен.

Әкімдік дерегінше, барлық ереже бұзу жағдайлары бірден Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы тіркеу комитетінің әкімшілік істер бойынша бірыңғай реестріне түседі.


Соңғы жаңалықтар