1 шілдеден кейін қалай өмір сүру керектігі түсіндірілсін – депутат ПИК-тің жойылуына қатысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы реформаларындағы түйіткілді мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тұрғын үй қорларын басқару реформасын аяқтау немесе оның аралық қорытындысын шығару мәселелері бар, ал қарапайым МИБ-ке (меншік иелерінің бірлестігі) көшу өңірлерде бұрынғыдай өткір тұр. Бұл объективті жағдайларға да, бірқатар ұйымдастырушылық қателіктерге де байланысты. Объективті жағдайлар дегеніміз – реформаның барлық екі жылы пандемия кезеңіне сәйкес келді. Жиналыстар ұйымдастыруға шектеулер болды. Шын мәнінде, МИБ-ке қосылу жұмысы жақында ғана жандана бастады», - деп атап өтті Екатерина Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.

Депутаттың пікірінше, проблемалардың көпшілігі ұйымдастырушылық қателіктерден туындады. Атап айтқанда, үйлерді басқару бойынша қалыптасқан формалар болды, тұрғындардың өздері реформаларға қарсы шықты.

«Реформаның заңға тәуелді нормативті-құқықтық базасы атүсті жасалған. Салдарынан әрбір құжат бірден ондаған проблемалы сұраққа толы болды. Цифрлық шешімдер (12-ден астам), әдістемелік орталықтар, мұны бәрі проблема туындаған кезде жасалып отырған. «Е-шаңырақ» жүйесі жарияланды, бірақ шартты түрде тегін (мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты аясында төлем) жүйесі іске қосылмады. Сонымен қатар оның құрылуы лайықты цифрлық өнімдерді жасау үшін нарықтық процестерді баяулатты. ТКШ мемлекеттік орталығының функционалдығы күн сайын емес, сағат сайын өзгерді. Нәтижесінде жергілікті ТКШ бөлімдері мәселемен бетпе-бет қалды, бүгінде нақты нұсқауларсыз жұмыс істеп жатыр», - деп атап өтті Е. Смышляева.

Депутат бұл жағдайды шешу үшін бірнеше шара ұсынды.

«Біріншіден, ТКШ орталығының статистикасы нақты өмірдегі көрсеткіштен анағұрлым алшақ (80% өткен). Тек қана заңды түрде ашылған МБИ-ке сенім артуға болады. Қалғанын қайта қарап, қатені мойындап, жұмысты жалғастыру керек.

Екіншіден, 1 шілдеге дейін бірнеше ай бұрын реформаны жүзеге асыруға жауаптылар қатаң шабуылға көшті. Әсіресе тұрғындарды қорқытып-үркіту алаңдатады, ол қазір де жалғасып жатыр. Соңғы «қорқынышты әңгімелердің» бірі – ПИК мәжбүрлеп таратылғаннан кейін 1 шілдеде пәтерлер жарық, газ және су беруден ажыратылады. Бұл мифтерді жою үшін министрлік 1 шілдеден кейін адамдарға қалай өмір сүру керектігі туралы нақты және өте түсінікті ақпарат таратуы қажет.

Үшіншіден, қазіргі әлеуметтік басқару жүйелері проблемаларға тап болғасын нарықтық шешімдер іздей бастайды. Жеке кәсіпкерлер, шоттар құрылады, тізбектерге делдалдар кіреді», - деді Мәжіліс депутаты.


Соңғы жаңалықтар