1 шілдеден бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтердің тарифі өзгертіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 1 шілдеден бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен өзгертіледі. Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Amanat» атынан сайланған мәслихат депутаттарының республикалық форумында осындай мәлімет айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инженерлік-коммуналдық желілерді жаңарту және апатты жағдайлардың санын азайту үшін «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жыл соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласына 234 млрд теңге инвестиция тарту жоспарда. Бұл қаражат 12,7 мың жабдықты және 5 800 км инфрақұрылым желілерін жөндеуге бағытталады. Осы саладағы жұмысшылардың жалақысы 50-ден 100%-ке дейін өсіріледі. 1 шілдеден бастап барлық өңірде коммуналдық қызметтердің тарифтері кезең-кезеңімен өзгертіледі», - деді Үкімет басшысы.

Әлихан Смайыловтың сөзінше, алдағы 7 жылда коммуналдық-инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға 3 трлн тенгеден астам инвестиция салынады.

«Тұрғын үй саласында жағдайды жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде биыл – 15,3 млн шаршы метр», - деді Премьер-Министр.


Соңғы жаңалықтар