1 шілдеден бастап әр отбасы үшін әлеуметтік карта енгізіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде 1 шілдеден бастап енгізілетін әлеуметтік картаның 97 пайызы дайын. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасына сәйкес, Үкімет 106 пункттен тұратын іс-шаралар қабылдаған болатын. Соның 26-ын іске асыру міндеті біздің министрлікке жүктелген. Осы айдың 12-де Қасым-Жомарт Кемелұлы мемлекетіміздің дамуының 10 бағытын айқындады. Соның ішіндегі төрт бағыт біздің министрлікке тапсырылған. Ең біріншіден, халықтың табысын көбейту міндеті жүктелді. Өздеріңіз білетіндей, былтырдан бастап елімізде жалақы 3 рет өсіп, ең төменгі жалақы 42500 теңге болды. Оған қосымша 1 қаңтардан бастап жұмыс берушілер де ең төменгі еңбекақы алатын қызметкерлерінің айлығын өсірді. Одан кейін Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, осы айдың 1-нен бастап төмен жалақы алатын бюджеттік мекемелердің де жалақылары өседі. Осы шараны жүзеге асыруға бюджеттен 144 млрд теңге қаржы қарастырылған», - деді Бердібек Сапарбаев.

Министрдің айтуына қарағанда, мемлекет тарапынан 39 түрлі мемлекеттік көмек көрсетіледі. Оның барлығын есептегенде 3 млн-нан астам адамға, оған қосымша әлеуметтік қамсыздандыру қорынан да 800 мыңға жуық қазақстандыққа 190 млрд теңге ақша бөлінеді.

«Біз енді осы көмекті беру үшін әлеуметтік картаны дайындап жатырмыз. Осы уақытқа дейін отбасылардың әлеуметтік картасының 97 пайызы дайын. 1 шілдеге дейін толық дайын болады», - деді ол.

Бердібек Сапарбаев әлеуметтік картада мұқтаж отбасыға қаншалықты көмек қажет екені көрсетілетінін атап өтті.

«Сонымен қатар, біз мемлекет көрсететін барлық әлеуметтік көмектің бірыңғай стандартын әзірледік. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен бірыңғай көмектің пакеті жасалды», - деді ол.

Еске сала кетсек, Қазақстандағы әр отбасында болатын әлеуметтік картаны әзірлеу жұмыстары 1 шілдеге дейін аяқталатынын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі бұған дейін хабарлаған болатын.

Соңғы жаңалықтар