1 шілдеде Қазақстанның зейнетақы жүйесінде не өзгереді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі қайта саналады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова толығырақ айтып берді.

- Светлана Қабыкенқызы, елімізде қанша зейнеткер өмір сүріп жатыр және олардың базалық зейнетақысы қандай?

- 2018 жылдың 1 мамыры жағдайында жасына сәйкес зейнетақы төлемдерін алушылар саны 2 141 548 адамды құрады, ең төменгі зейнетақы (базалық зейнетақыны ескере отырып) - 49 019 теңге, орташа мөлшері (базалық зейнетақы есебімен) - 70 756 теңге, ең жоғарғы мөлшері базалық зейнетақыны есепке алғанда) - 98 247 теңге.

- Қайта есеп жүргізуге не түрткі болды?

- Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақының еңбек өтіліне байланысты орта есеппен 1,8 есе өсетінін атап өткен еді.

- Осыған байланысты қандай өзгерістер болуы мүмкін?

- Мемлекет бюджетінен зейнетақы жасына жеткен барлық азаматтарға төленетін базалық зейнетақының мөлшері еңбек өтілі мерзіміне немесе зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына тікелей байланысты болады. Бұл өзгерістер барлық зейнеткерлерге әсер етеді.

Сонымен қатар, бүгінгі 2 миллионнан асатын барлық зейнеткерлердің базалық зейнетақысы автоматты түрде бір уақытта қайта есептеледі. Жаңадан зейнетке шыққандар үшін базалық зейнетақы мөлшері жаңа әдіспен белгіленеді.

- Қайта есептеу экономикалық жағдайдағы өзгерістерге қарамастан жүргізілгелі жатыр. Мұндай қиын міндет қаншалықты жүзеге асуы мүмкін?

- Мемлекет әрқашан халықтың өмір сүру жағдайын жақсарту және көтеру бойынша қабылданған міндеттемелерді толығымен орындайды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан зейнетақы жүйесін жаңғырту аясында зейнет жасындағы өмір сүрудің лайықты деңгейімен қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғырту тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдамада зейнетақы мөлшерін инфляция деңгейінен екі пайыз артық көлемде жыл сайын ұлғайту көзделіп отыр.

Осылайша, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, инфляция деңгейі 6% деп болжанып, жасына қарай берілетін зейнетақы мөлшері (ынтымақтық зейнетақылардың мөлшері) 8%-ға артты. Базалық зейнетақы 6%-ке дейін көтеріліп, 15 274 теңгені құрады.

Зейнеткер кедейлігінің алдын алу және еңбекке қабілетті азаматтардың экономикалық белсенділігін ынталандыру мақсатында зейнет жасында жеткен ғана немесе знйетақы жүйесіне қатысу мерзімінің ұзақтығына қарай базалық зейнетақы тағайындалады.

- Қайта есептеу шамамен қашан басталады?

- Биылғы шілдеден бастап базалық зейнетақы тағайындау тәртібі өзгереді. Барлық қария еңбек өтілінің бар-жоғына қарамастан, жәрдемақымен қамтамасыз етіледі.

Зейнет жасына жеткен барлық азаматтарға мемлекеттік бюджет есебінен төленетін базалық зейнетақы көлемі еңбек өтілі мен зейнетақы жүйесіне қатысу мерзіміне тікелей байланысты болады.

Егер бүгін барлық зейнеткерлер күнкөріс деңгейі көлемінен 54% жоғары, яғни 15 274 теңге болатын бірдей базалық зейнетақы алса, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап, бұл мөлшер зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығына байланысты болмақ.

- Базалық зейнетақының ең төменгі деңгейі қандай болады?

- Күнкөріс деңгейі көлемінен 54% жоғары болатын базалық зейнетақының ең төменгі деңгейі еңбек өтілі 10 жылдан төмен немесе мүлдем жұмыс істемеген азаматтарға беріледі.

Еңбек еткен 10 жылдан кейінгі әрбір жыл үшін базалық зейнетақы көлемі 2%-ке ұлғайып отырады. 33 жылдан астам уақыт жұмыс істеген азаматтар күнкөріс деңгейі көлемінің 100% немесе 28 284 теңге болатын базалық зейнетақыға ие болады.

- Зейнетақы жүйесіне қатысу өтілінде не ескеріледі?

- Ынтымақтық зейнетақыны тағайындауда есепке алынған 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін жиналған еңбек өтілі, 1998 жылдан кейінгі жинақтық зейнетақы қоры жүйесіне міндетті зейнетақы жарналары аударылған еңбек өтілі ескеріледі.

Жинақтық зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңін есептеуде салық заңнамасына сәйкес, арнаулы салық режимін қолданған жеке кәсіпкерлер, шаруа, фермерлік шаруашылықтар және басқа да шаруашылық жүргізуші субъектілердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу мерзімдері мен мөлшерінің ерекшелігіне назар аударылады.

Басқа да әлеуметтік маңызды кезеңдер ескеріледі, мәселен:

- 3 жасқа дейінгі балаға (жалпы 12 жыл) және бала кезден 16 жасқа дейінгі мүгедекке күтім жасау кезеңі;

- күштік құрылымдар қызметкерлерінің жұбайларының немесе күйеулерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ жерлерде тұру кезеңі;

- ҚР дипломатиялық қызметі, халықаралық ұйым қызметкерлерінің жұбайларының шетелде тұру мерзімі;

- 1-топтағы мүгедектігі бар адамға, екінші топтағы жалғызбасты мүгедекке және көмекке мұқтаж зейнеткерге, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамдарға күтім жасау уақыты.

Бұл жаңа ереже қазіргі және болашақ зейнеткерге де қатысты болмақ.

- Қайта есептеу үшін зейнеткерлер қандай құжаттарды көрсетуі тиіс?

- Қайта есептеу қосымша құжаттарсыз жүргізіледі, себебі еңбек өтілі туралы ақпарат зейнеткерлік істе көрсетілген, ал міндетті зейнетақы жарнасы аударылған мерзімдер арнайы деректер базасында сақтаулы.

Алдағы уақытта базалық зейнетақыны қайта есептеу бойынша дайындық жұмыстары аясында әрбір зейнеткердің зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығын дұрыс есептеу үшін барлық зейнетақы істері түгенделді.

- Базалық зейнетақының орташа мөлшері қандай болады?

- Базалық зейнетақының орташа мөлшері шамамен 25 456 теңге болады деп болжануда. Сондай-ақ, зейнеткерлердің 44% немесе 956 мың адам базалық зейнетақыны максималды көлемде 20 930 теңгеден 28 284 теңгеге дейін (Күнкөріс деңгейі көлемінің 74%-інен 100% дейін) алады.

Қайта есептелген базалық зейнетақы мәселелері бойынша жүгінетін азаматтар үшін базалық зейнетақыны есептеу кезінде ескерілген зейнетақы жүйесіне қатысу ұзақтығы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріледі.

- Бұл мақсатта қанша қаражат бөлу көзделген?

- Республикалық бюджеттен 128 млрд теңге бөлу қарастырылған. Базалық зейнетақы тағайындаудың жаңа әдісі әлеуметтік әділдік қағидасына сәйкес келеді, өйткені бұл зейнеткерлердің материалдық жағдайын жақсартуға ғана емес, еңбек ынтасын күшейтуге және азаматтардың еңбек қатынастарын рәсімдеуге де көмектеседі.

Осылайша, адам неғұрлым көбірек жұмыс істесе - зейнетақысы да соғұрлым көбірек болмақ. 

Соңғы жаңалықтар