1 шілдеде енгізілген әкімшілік соттардың жұмыс нәтижесі қандай

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 шілдеде енгізілген әкімшілік әділет судьялары төрт айда 2 мыңнан астам шешім шығарды. Бұл туралы ҚР Жоғарғы сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Қанат Мусин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде әкімшілік әділет енгізілді. Әкімшілік әділет үшін сот жүйесі реформаланды, 21 сот, облыстық соттарда және Жоғарғы сотта сот алқа құрылды. 4 айдағы сот жұмысында 9 мыңнан астам іс келіп түсті. Әр ай сайын екі мыңнан астам талап-арыз тіркелді, оларды сот қарап жатыр. Салыстыру үшін былтырғы 4 айда шілдеден қарашаға дейін Азаматтық-процестік кодексі шеңберінде 7 мыңнан астам іс келіп түскен. Яғни 19% пайызға артуы әкімшілік соттарға сенім артқанын білдіреді», - деді Қанат Мусин.

Оның айтуынша, 4 айда әкімшілік соттар 2 206 шешім шығарды. Оның ішінде талаптардың 46% қанағаттандырылған. Яғни, сот істерінің жартысына жуығында қарапайым азаматтар жеңіп шыққан.

«Бұл бұрын заңдарда болмаған жаңа қағидаттардың – соттың белсенді рөлі, құқықтардың басымдығы қағидаты, сенім құқығын қорғау және басқалардың шынында да жұмыс істейтінін көрсетеді. Жаңа процестің ерекшелігі – әкімшілік органмен немесе оның лауазымды тұлғасымен татуласу мүмкіндігі. Бұл бұрынғы заңнамада болмаған. Егер адам мемлекеттік тараппен дауласып қалса, не жеңетін, не жеңілетін. Бірақ бұрын мемлекетті жеңген жеке тұлғалар үлесі 15 пайыздан аспады. Қазір біз татуласу құралының тұрғындарға да, мемлекеттік органдарға да қолайлы екенін байқап отырмыз. Шілде айынан бері 546 іс тараптардың татуласуымен аяқталды», - дейді Қанат Мусин.

Мысал ретінде спикер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен қоғамдық бірлестік арасындағы дауды келтірді.

«Сотта тараптар татуласуды ұйғарды. Бірлестік өз талабынан бас тартты, ал министрлік қоғамдық бірлестікті ҮЕҰ-ға арналған сыйлықақы беру үшін қатысушылар тізіміне қосу міндетін алды. Бұл татуласу келісімі орындалды. Яғни, сотқа жүгіну фактісінің өзі әкімшілік органдарды азаматтың құқықтары қалпына келтірілуіне итермелейді», -деді Қ. Мусин.


Соңғы жаңалықтар