1 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі
2022 жылғы 1 шілде 07:00

1 шілде. ҚазАқпарат күнтізбесі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандар назарына 2022 жылғы 1 шілдеге арналған күнтізбені ұсынады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1929 жылы Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің алғашқы саны жарық көрді.

1958 жылы «Қазақ темір жолы» құрылды. Ұзақтығы 11 мың шақырымнан асқан жол 15 бөлімнен тұрды. Қазақстанды Сібір, Орал, Еділ маңы, Қырғызстан және Орта Азиямен біріктіретін барлық магистральдармен қосқан.

1967 жылы «Алматымәденитұрмысқұрылыс» ААҚ-ы құрылды. Аталған мекеме Алматы қаласында бірқатар құрылыс нысандарын салған. Олардың қатарында аэровокзал ғимараты, ҚР Мемлекеттік мұражайы, Үкімет үйі, Цирк ғимараты, Ә.Қастеев атындағы Өнер мұражайы, «Қазақстан», «Алматы» қонақ үйлері, Оқушылар сарайы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кешені, ҚР Ұлттық банкі ғимараты, ҚР Ғылым академиясы, Студенттер сарайы, «Медеу» сел бөгеті бар. Сонымен қатар Астана, Атырау қалаларындағы бірқатар ғимараттарды қайтадан қалпына келтірген.

1988 жылы «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы саны жарық көрді. «Вечерняя Алма-Ата» газетінің аудармасы ретінде жарық көрген. 1990 ж. 17-ақпаннан дербес газет болып шыға бастады. Газеттің алғашқы бас редакторы — И. Бейсебаев. Басылым Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірін жазып көрсетеді.

1993 жылы Қазақстан Республикасы мен Катар мемлекеті арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы Бірлескен коммюникеге қол қойылды.

1994 жылы Алматы қаласында Райымбек батыр кесенесінің ашылу салтанаты өтті.

1994 жылы қазақ ғарышкері Талғат Мұсабаев бортинженер ретінде «Мир» ғарыш стансасына сапар шекті. Сапар 176 тәулікке созылды.

1996 жылы Щучье қаласында ҚР Қарулы Күштері құрамына кіші командирлер кадрын дайындау мақсатында кадет корпусы ашылды. 2000 жылы осы оқу орнына қазақтың ұлы ғалымы, ориенталист, тарихшы, этнограф, географ, фольклоршы, ағартушы-демократ Шоқан Уәлиханов есімі берілді.

1998 жылы Алматы қаласының ғылыми, мәдени, тарихи, қаржылық және өндірістік орталық ретіндегі ерекшеліктерін негізге ала отырып, оның ерекше мәртебесін айқындаған құқықтық негіздерді қаржымен, экономикалық және әлеуметтік жағынан ынталандыру шараларын белгілеу арқылы оның бұдан былайғы даму кепілдіктерін белгілеген Қазақстан Республикасының «Алматы қаласының мәртебесі туралы» Заңы қабылданды.

2013 жылы Қазмедиа ғимаратында жаңа Қазспорт телеарнасының ашылуы өтті. Телеарнаны құру барысында Евроспорт, Sky sport, ESPN, НТВ Плюс спорт сынды шетелдік арналардың тәжірибесі ескерілді. Бүгінде бұл арна бүкіл қазақстандық спортсүйер қауымға танылып үлгерді. Арнаның алғашқы халықаралық деңгейдегі телекөрсетілімі - «Тур де франс 2013» турнирінің трансляциясы болды. Бұл көрсетілім барысында Олимпиада чемпионы Александр Винокуров жүргізушілік қызметке атсалысты.

2015 жылы «Сағып» шаруа қожалығында дайындалған павлодарлық қымыз Якутияда өткен «Қымыз - құдай берген сусын» атты бірінші халықаралық байқауында үздіктердің бірі болып танылды. Бұл байқауға Моңғолия, Башқұртстан және Тыва, Қырғызстан елдерінде бие сүтінен сусын дайындаушылар, жергілікті ауыл шаруашылығы кооперативтері мен кәсіпорындары қатысты.

2017 жылы ҚР Ұлттық музейінде «Скифтер алтыны» халықаралық көрмесі ашылды. Онда біздің заманымызға дейінгі VII-II ғасырлардан қалған скиф мәдениеті ескерткіштері көрсетілді. Бірегей артефактілерді Астанаға ресейлік зерттеуші ғалымдар жеткізді.

2018 жылы Астанада жаңа «Жетісу» саябағы ашылды. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тәңірі» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар. Саябақтың ортасына Қазақстанның гүлдерден, шөптерден жасалған картасы орын тепкен. Саябақ алаңын суын Балқашқа құйып тұрған кіші Іле өзені қақ бөліп тұр. Спортты сүйетіндер үшін салынған 1200 метрлік веложолақты қыста шаңғы тебуге де пайдалануға болады.

2018 жылы Қазақстанда алғаш рет Ұлттық домбыра күні тойланды. «Қазақ Елі» монументінің алдындағы алаңға киіз үйлер тігіліп, қазақ ұлттық музыка аспаптарының музейі бой көтерді. Музейде Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, т.б. ұлы сазгерлердің аспаптары көрсетілді.

2020 жылы Қазақстандық археологтар Алматы облысының Ақсу ауданындағы қазба жұмыстары кезінде сенсациялық мәлімдеме жасады. Бұл өңірдегі қорымдардан Пазырық мәдениетіне қатысы бар жәдігерлер шыққан. Таулы Алтайдағы тайпалар Ресей, Моңғолия, Шығыс Қазақстан аумағында ғана емес, Жетісу жерін де мекендеген. Археологтар қорғандарға жақын маңнан петроглифтерді де тапты. Ғалымдар оларды бұрын соңды еш жерден кездестірмегенін айтып отыр.

2021 жылы Түркияда Ұлттық домбыра күніне арналған музыкалық фестиваль ұйымдастырылды. Бұл айтулы шара Түркияның Эстергон қорғаны, Анкара қорғаны, «Түркістан» ғимараты, Түркия ұлттық музейі, Түркия Республикасы Президенті Әкімшілігінің кітапханасы секілді жерлерде өтті.

2021 жылы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында жаңа СIP-залдың ашылуы өтті, оның қызметтерін елорда әуежайына ұшып келгенде немесе ұшып бара жатқанда алдын ала өтінімсіз барлық адам пайдалана алады. Оның қызметін СIP-залдың кассасында төлеуге болады.

2021 жылы Қазақстанда нотариалды құжаттарға QR-код беріле бастады. Бұл жалған құжаттардан сақтауды қамтамасыз ету үшін бірегей қадам болып саналады.


Ұқсас жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT