1 сәуірден бастап елімізде қандай заңнамалық өзгерістер күшіне енеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылғы сәуірден бастап еліміздегі бірқатар заңнамалық нормалар күшіне енеді. Мәселен, 1 сәуірден «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заң аясында жаңа қадамдар іске қосылады.

Биыл 6 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Бұл заңдарды Парламенттің бір топ депутаты әзірлеген еді. Заңдардың мақсаты – цифрлық майнингті құқықтық реттеу мәселелерін шешу. Соның аясында аталған құжаттар елімізде цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, цифрлық майнинг жөніндегі қызметті дамытуға қажетті құқықтық база құруды көздейді. Сол арқылы заңдар цифрлық активтердің заңды нарығын қалыптастыруға, осы салаға шетелдік инвестицияларды тартуға және Қазақстан экономикасын дамытуға ықпал етпек.

Заңның міндеттері: жаңа терминологияны енгізу (цифрлық актив, цифрлық активтер биржасы, цифрлық майнинг, цифрлық майнинг деректерін өңдеу орталығы); цифрлық майнерлер қызметін лицензиялау; цифрлық майнингтік пулдар қызметін жүзеге асыру; салық салу мақсатында цифрлық майнерлер мен цифрлық майнингтік пулдардың кірістері туралы мәліметтерді ұсыну; цифрлық активтер биржаларының қызметін регламенттеу; цифрлық активтер саласындағы мемлекеттік бақылау; Қазақстан Республикасының цифрлық активтер саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық.

Атап айтқанда, бұл заңда ұлттық энергия жүйесін реттелмейтін цифрлық майнингтен қорғау қарастырылған. Майнерлер пайдалана алатын электр энергиясы көздерінің тізімі реттеледі. Олар жаңартылатын энергияны, импортталған электр қуатын және өз генерациясын пайдалана алады.

Мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістер

Мемлекет басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Елімізде мемлекеттік орган келісімшарт бойынша тартатын келісімшарттық қызметшілер институты заңнамалық тұрғыда бекітілді.

Мемлекеттік басқаруды дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасында мемлекеттік аппарат штатын оңтайландырғаннан кейін, келісімшарттық қызметшілер институтын енгізу міндеті қойылған.

Олар мемлекеттік қызметші санатына жатпайды. Бұл салалық жобаларды іске асыру кезеңіне арнаулы білімі бар кәсіби мамандарды тартуға мүмкіндік береді. Келісімшарт мерзімі бір жылдан аспайды. Келісімшарттық қызметшілерге қатысты нақты ереже мен тәртіп тиісті Үкімет қаулысында белгіленеді.

Сонымен қатар, елімізде мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды жүргізу кезінде тұрғын үйді жалдау мақсатында ротациялық төлемдер енгізілмек.

Бұдан бөлек, құжатта Қазақстанда саяси мемқызметшілер «сенімді жоғалту» себебімен жұмыстан босатылуы ескерілген.

Заңға сәйкес, саяси қызметшi саяси мiндеттердi iске асыруға жауапты қызметшi болып саналады. Яғни, саяси қызметшіге жүктелген жауапкершілік үлкен. Осыған орай, Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша өз өкілеттігін тиісінше орындамаған саяси қызметшіні «сенім жоғалтуына» орай жұмыстан босату институты енгізіледі. Мұндай босату туралы шешімін тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды.

Мұнымен қоса, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне мемлекеттік қызмет пен кадр саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірқатар өкілеттік берілмек.

Бұл ретте мемлекеттік органдарда басшылар мен орындаушылар санын реттеу ескерілген.

Сот жүйесінде қандай өзгерістер болады?

Судьялардың тәуелсіздігін нығайту және сот ісін жүргізу тәртібін жетілдіру нормалары қамтылған «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңындағы толықтырулар күшіне енеді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде аудандық соттардың төрағаларын сайлау элементі енгізілмек. Бұл мәселені біраздан бері заңгерлік қауымдастықтар, кәсіпкерлер мен судьялар көтеріп келді.

Сонымен қатар, судьяларды конкурстан тыс тағайындау жөніндегі кадрлық өкілеттіктер Жоғарғы Соттың құзыретінен Жоғары Сот Кеңесінің жүргізуіне берілді.

Мұнымен қоса, судьяларға қарсы арнаулы іс-шараларды Бас прокурордың санкциясымен ғана жүргізу ескерілген.

Жоғарғы сот кеңесіне Сот төрелігі академиясы да берілмек. Яғни, Жоғарғы сот кеңесі ендігі уақытта судьялық кадрларды іріктеуге, олардың одан арғы мансаптық өсуіне және құрметті отставкаға кетуіне толыққанды жауап беретін болады.

Аңға шығу тәртібіне өзгеріс енгізілді

12 сәуірден бастап Қазақстанда атыс қаруымен аңға шығу 21 жастан бастап рұқсат етіледі. Бұл тұрғыда өзгерістер тиісті ережеде қамтылған. Бұрын 18 жасқа толғандарға рұқсат берілген еді.

Букмекерлік кеңселер ставкалардың есебін жүргізетін болады

Бәс тігудің әрбір қатысушысы бойынша бәс тігуге қабылданған мөлшерлемелер (оның ішінде электрондық), бәс тігу нәтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, олар бойынша ұтыстар мен төлемдер туралы ақпаратты қабылдау, есепке алу және сақтау, сондай-ақ оны өзге тұлғаларға беру қағидалары бекітілді.

Осы Қағидалар ойын бизнесі саласында мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушыларға қолданылады: букмекерлік кеңсе; тотализатор.

Атап айтқанда, мөлшерлемелерді есепке алу орталығына қатысты іс-шараларды жүргізуді уәкілетті орган жүзеге асырады.

«Бәс тігудің әрбір қатысушысы бойынша букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар қабылдаған бәс тігу (оның ішінде электрондық) мөлшерлемелері, бәс тігу нәтижесінің нұсқаларына коэффициенттер, ұтыстар және олар бойынша төлемдер туралы ақпаратты қабылдауды жүзеге асыру үшін букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар өздерінің аппараттық-бағдарламалық кешендерін мөлшерлемелерді есепке алу орталығына қосады», - делінген тиісті бұйрықта.

Мөлшерлемелерді есепке алу орталығына байланыс желілері арқылы қосылған аппараттық-бағдарламалық кешендер арқылы букмекерлік кеңселер мен тотализаторлар:

- мөлшерлемені төлеу тәсілін (қолма- ол немесе қолма-қол емес тәсілмен, оның ішінде электрондық ақшаны пайдалана отырып) көрсете отырып, әрбір бәс тігуге қатысушы бойынша қабылданған барлық мөлшерлемелердің есебін онлайн-режимде жүргізеді;

- жеке сәйкестендіру нөмірінің мәліметтерін, жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелерін, ұтысты есептеу және төлеу күнін көрсете отырып, ұтыс есептелетін және төленетін әрбір бәс тігуге қатысушы бойынша төленуге жататын және төленген ұтыстар сомаларының есебін жүргізеді.

Бұл тұрғыда мәліметтер салық органдарына және қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға жолдау мақсатында есепке алынады.


Соңғы жаңалықтар