1 сәуір. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырмандарға 2023 жылғы 1 сәуірге арналған атаулы күндер, есте қалар оқиғалар күнтізбесі ұсынылады.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық құстар күні

Экологиялық атаулы күннің шығу тарихы туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен, 1906 жылы 1 сәуір күні құстарды қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияға қол қойылғандығы айтылады. Конвенцияның негізгі қағидалары - жұмыртқа салу және жылы жаққа қайту мезгілдерінде құстардың барлық түрін қамқорлыққа алу, жоғалып кету қаупі бар құс түрлерін қорғау, құстарды аулаудың кейбір түрлеріне тыйым салу, құс өсіру және адамдарды табиғатты сақтау жөнінде сауаттандыру үшін қорықтар ашу.

Күлкі күні

Күлкі күнін тойлау Францияда бастау алғандығы айтылады. Ежелгі римдіктер «ақымақтар мерекесін» 17 ақпанда атап өткен. Ал Шығыс Үндістанда 31 наурыз күні «әзілдесу салты» ежелден бар екен. Әзіл-қалжыңға бір иығын беріп тұратын қазақта да бұл күнге байланысты әртүрлі қызық әңгімелер жетерлік. Ерте көктемнің ала құйын мінезін әзілмен жуып-шайғысы келген халық бұл күні жақындарымен қалжыңдасып, оларды «алдап-соғуға» барын салады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1923 жылы «Ерік» деген атаумен қазіргі «Атырау» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашында таралымы 500 дана болған. Қазіргі атымен 1990 жылдан бастап шығады.

1943 жылы Алматы қаласында «Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофонофотоқұжаттар мұрағаты» өз қызметін бастады. Ережеге сәйкес, Орталық Республикалық Мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты ғылыми-зерттеу мекемесі болды және ол ҚазКСР ішкі істер халық комиссариаты мұрағаттық бөлімінің құзырында еді. Мұрағат құрамына республика аумағында пайда болған саяси, тарихи, мәдени маңызы бар кинофотоқұжаттар енгізілді.

1993 жылы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» № 2069-XII Заңымен «Даңқ» ордені бекітілді. Орден тек қана күштік құрылымдар өкілдеріне ғана беріледі.

1995 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Министрлер кабинеті жанындағы Кеден комитеті құрылды.

1995 жылы Ұлттар жөніндегі мемлекеттік комитет құрылды. Оның қызметіне республикада тіркелген ұлттық-мәдени орталықтар, саяси партиялар, қоғамдық қозғалыстармен байланыс орнату кіреді.

2007 жылы ел аумағында Қазақстан Республикасының «Ойын кәсіпкерлігі туралы» заңы күшіне еніп, соған сәйкес бұрын берілген лицензиялардың мерзімі аяқталып, ойын мекемелері тек қана Қапшағай мен Бурабайда ашылды.

2009 жылы Жайық өзенінің алабы және Каспий теңізінің жағалауы халықаралық маңызға ие сулы-батпақты алқаптардың Рамсар тізіміне енгізілді. Бұл - осы тізімге енген Қазақстанның екінші аумағы. Қазақстан Рамсар конвенциясына 2007 жылы қосылған. Бүгінгі таңда Рамсар тізіміне Жайық өзенінің алабынан бөлек, Теңіз-Қорғалжын көлдері жүйесі де енгізілген.

2011 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі «Тұңғыш ғарышкер» жаңа монетасын айналымға шығарды. Ол монета ҚР Премьер-Министрінің Жерден алғашқы адамның ғарышқа ұшуына 50 жыл толуына арналған шаралар жоспарына сәйкес бекітілген қаулысына сай дайындалды. Монетаның салмағы - 40,7 грамм (24 грамм танталдан сақина, дискісі - 925/1000 сынамды күмістен, массасы 16,7 грамм), диаметрі - 38,61 мм., «рroоf» сапасымен жасалған. Биколорлы (құрама) монетаның пішіні шеңбер тәріздес, концентрациялы түрде орналасқан сақина мен дискіден тұрады. Монетаның ішкі дискі күмістен, сыртқы сақинасы танталдан жасалған.

2015 жылы Венгрия Премьер-Министрі Виктор Орбанның елімізге жасаған сапарында Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамыту қорын құру туралы келісімге қол қойылды. Қордың мақсаты – республиканың агроөнеркәсіптік кешенінің жобаларына инвестиция тарту.

2016 жылы орта салмақта IBF/IBO/WBA бойынша әлем чемпионы, қазақстандық боксшы Геннадий Головкин елімізде өтетін World Expo 2017 көрмесінің ресми өкілі атанды.

2017 жылы Австралия мен Жаңа Зеландияда Қазақстанның OYLA Youth Science атты ғылыми-танымдық журналының алғашқы нөмірі жарық көрді. Жаңа басылымның тиражы - 20 мың дана. Бұл - Қазақстаннан экспортталған алғашқы интеллектуалдық өнім болды.

2018 жылы Македонияда шахматтан дәстүрлі Karpos Open 2018 халықаралық турнирі өтті. Скопьеде өткен додаға Қазақстан атынан қатысқан Жансая Әбдімәлік өзі ойнаған тоғыз партияның бесеуінде жеңіске жетіп, төртеуінде тең түсті. Жеті ұпаймен бесінші орынды иеленіп, әйелдер арасындағы үздік нәтижеге жетті. Жалпы, турнирге 17 елдің 165 шахматшысы қатысты.

2019 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Брюссельдегі Қазіргі заманғы білім және ғылым институтында (MERI) өкілдігі ашылды. Өкілдік міндеттері - ЕО ғылыми гранттарына қазақстандық оқытушылардың қатысуы үшін серіктестер іздеу және еуропалық студенттерді қазақстандық ЖОО-да оқуға тарту.

2021 жылы Ақмарал Зұпар Петропавлда өткен гір спортынан Қазақстан чемпионатының алтын медалін жеңіп алды. Ол сонымен қатар, 24 кг салмақты 201 рет көтеріп, елдің рекордын жаңартты. Оның нәтижесі әлемдегі ең үздіктердің қатарына кірді.

2022 жылы Алматыда көрнекті гидрогеолог, гидрогеохимиялық ғылымның негізін салушы, ҚР еңбек сіңірген ғылым қайраткері, геология-минералогия ғылымдарының докторы, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Жүрімбек Сыдықовтың құрметіне мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті. Мемориалдық тақта Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетіт жанындағы У.М.Ахмедсафин атындағы гидрогеология және геоэкология институтының қабырғасына орнатылды. Ж.Сыдықов бұл жерде 70 жылға жуық қызмет еткен.

2022 жылы ақтаулық шахматшы Эдгар Мамедов шахматтың классикалық, блиц және рапид түрінен бірінші орын алып, абсолютті чемпион атанды.

18 жасқа дейінгі қатысушылар арасындағы жарыстарда әр номинацияда «алтын» алып, қосымша күміс жүлдегер атанған жалғыз Э. Мамедов Қазақстанның абсолютті чемпионы атанды.


Соңғы жаңалықтар