1 мыңнан астам кәсіпкер стартап бастау үшін Алматы әкімдігінен көмек алады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары жайлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еркебұлан Оразалин мегаполисті дамытудың негізгі драйвері - бизнес пен адамдар екенін еске салды. Алматы қаласы еліміздің ең креативті, іскер және білімді адамдарымен тартымды.

«Бүгінде қала экономикасының 45%-дан астамын жеке бизнес қалыптастырады. 10 алматылықтың алтауы шағын және орта бизнеспен айналысады. Қазақстанның әрбір алтыншы кәсіпорны Алматыда ашылған», - деді ол.

Кәсіпкерлікті дамыту туралы айта келе, басқарма басшысы өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдау үшін оларды оқыту үлкен көмек екенін атап өтті.

Еркебұлан Оразалиннің мәліметінше, соңғы екі жылда 190 мың алматылық кәсіпкерлік курсынан өткен.

Сонымен қатар, пандемия кезінде 165 мың адам онлайн режимде оқыды.

Оның айтуынша, курста тек теория оқытылып қана қоймай, іс жүзінде бизнесті қалай басқару керектігі де көрсетілді.

Курстың арқасында Алматыда шағын және орта бизнес нысандарының саны 3% артты. Ал жұмыспен қамтылғандар саны 978 мыңнан асты.

«Алматы бизнесті дамыту қаласы болған және болып қала береді. Біз жастарды оқыту практикасын жалғастырамыз, кәсіби бизнес-жаттықтырушылар маркетинг, бухгалтерлік, салықтық есепке алу дағдыларын оқытады. Тәжірибе жинақтай отырып, келесі кезеңде кәсіпкерлер жаңа деңгейге шығып, «Акселерация» жобасына қатыса алады», - деді Еркебұлан Оразалин.

2021 жылы «Акселерация» жобасымен 1000-нан астам адамды қамту жоспарланып отыр.

Негізгі бағыттар - сауда, тамақ өнеркәсібі, тігін өндірісі, мейрамхана бизнесі, қонақ үй бизнесі, білім беру курстары, маркетинг және IT-саласы.

Спикер «Almaty Business-2025» бағдарламасының жетістіктеріне тоқталды.

«Бүгінгі таңда 108 мыңнан астам адамға кеңес берілді. 9,5 мың кәсіпкер оқудан өтті. 770 бизнес-жоспар әзірленді. Оқудан өткен барлық кәсіпкер Almaty Finance-тан жеңілдетілген несие алуға құқылы»,- деді ол.

Соңғы жаңалықтар