1 млн шеттегі қазақ елге көшіп келуге ниетті - Зауытбек Тұрысбеков

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Отандастар» қоры және Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы қандастарды қолдауға бағытталған үшжақты меморандумға қол қойды. Құжат сырттан қоныс аударған қандастармен қатар, шетелдегі қазақ диаспорасын да демеуді көздейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шеттегі қазақтарды қолдау негізінен мәдени-рухани және әлеуметтік тұрғыдан болмақ. Осы бағытта аталған үш мекеме ынтымақпен жұмыс істеуге бекініп отыр.

«Тәуелсіздіктің 27 жылында шетелдегі қазақтардың миллионнан астамы Қазақстанға көшіп келді. Қазір де келуге ниеттілер бар. Олардың 60 пайызы - жұмысқа жарамды. Барлығы сауатты. Былтырдың өзінде арнайы бағдарлама аясында 18 мың адамнан тұратын 8 мыңнан астам отбасы көшіп келді. Оларды негізінен адамы аз солтүстік пен шығыстағы өңірлерге көптеп көшіруіміз керек. Шеттегі қазақтарды ішке тарту тек мемлекеттік органның міндеті ғана болмауы керек. Бүгінгі үшжақты меморандум осыған дейін үш бөлек жұмыс істеп келген ұйымдардың басын біріктіріп отыр. Нәтижесі де жаман болмауы керек», - деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев.null

Ал дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбековтің айтуынша, Қазақстанға сырттан 1 миллион қазақ көшіп келуге ниет білдірген.

«Өткенде ғана Мюнхендегі кіші құрылтайға 800 қазақ келді. Ең үлкен мәселе - ондағы ұлты қазақ жастар тілі мен дәстүрін білмейді. Жасы 25-тен үлкендер болмаса, оған дейінгілер мүлде қазақ тілін ұмытқан. Осының жолын кесу үшін 2 жастан бастап қазақ тілін үйрету жобасын дайындап жатырмыз. Сондағы аға буын өкілдері мұны естіп, қатты қуанды. Қолдап жатыр. Бұған дейін елімізге бір миллионнан астам қазақ көшіп келсе, тағы 1 миллион көшіп келуге неит білдіріп отыр. Ендігі міндет - соларға дұрыс жағдай жасау. Соларды абыроймен қабылдасақ, өзгелер де ойланады», - деді Зауытбек Тұрысбеков.

Соңғы жаңалықтар