1 млн-нан астам тұрғыны бар Шымкенттегі эпидемиологиялық жағдай қандай

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат – Шымкенттегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, науқастарға қажетті медициналық көмек берілуде. Қалада 4554 коронавирус жағдайы тіркеліп, одан 2857 науқас жазылып шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметінше, өткен тәулікте коронавирус инфекциясын бойынша 36 адамның жұқтырғаны анықталған.

Аталған басқарманың басшысының міндетін атқарушысы Тимирхан Варзиловтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1 қаңтары мен 23 шілде аралығында қалада 12 595 пневмония жағдайы тіркелген. Бүгінге дейін пневмония дертінен жазылып шыққан науқастардың саны – 10 263. Дертінен сауыққандардың басым бөлігі егде жастағы азаматтар.

«Қазіргі таңда қала бойынша инфекцияға шалдыққан науқастарды емдеу үшін 3860 төсек-орын бар. Олардың 650 - инфекциялық, 3210 – провизорлық болып табылады. Медициналық мекемелерде бүгінде 2348 төсек-орны бос. Яғни, 286 – инфекциялық, 1226 – провизорлық орталықтарда. Инфекциялық стационар төсектерінің жеткіліктігі 44% болса, провизорлық станционарлардың толымдығы 38,2% пайызды құрайды. Ауыр дәрежедегі науқастар үшін инфекциялық стационарларда 60 реанимациялық төсек, провизорлық стационарларда 91 төсек бар. Реанимациялық төсектердің толымдылығы - 70,9%.

Сондай-ақ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының базасында қосымша 628 төсектік күндізгі стационар ұйымдастырылған», - деді Т. Варзилов.

Қалада дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті болып отыр. Қаланың медициналық мекемелерінде бүгінгі күні 339 өкпені жасанды желдету аппараты (ИВЛ), 673 «Бобров» тыныс алу аппараттары қолданыста бар. Қосымша 2 ауруханада оттегі станциясын іске қосу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сала мамандарының сөзінше, медициналық ұйымдар қосымша екі айға жететін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Мәселен, қазір дәрі-дәрмектер қорында температураны төмендететін препараттар саны - 328 027 құрайды. Сондай-ақ қорда вирусқа қарсы препараттардың 70 570 данасы, 135 059 антибиотиктер, 79 800 антикогулянттар, 110 532 дана емге қажетті витаминдер бар. Шымкентке шетелден 3 миллионға жуық құтыдағы дәрі-дәрмек те жеткізілді. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, дәрі тұрақтылығын сақтау мақсатында Үндістан, Ресей, Украина мен Өзбекстан елінен 2 млн 676 мың флакон бірінші кезектегі дәрі-дәрмек тасымалданған. Сондай-ақ, Мұрат Әйтеновтің дәрі-дәрмекпен қатар шетелден 16 млн 700 мың маска да жеткізілгенін атап өтті. Қалада көтерме дәрі-дәрмек сатумен айналысатын 10 ірі фармкомпания және 560 дәріхана бар болса, аталған фармкомпанияларға шетелден дәрі-дәрмек алып келуге бір жолғы рұқсат берілгенін жеткізді.

«Мемлекет басшысының халықты дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қалада төрт мониторинг тобы құрылып, 348 дәріханаға тексеру жүргізілді. Нәтижесінде заңсыз дәрі-дәрмек сатумен айналысқан 50 дерек анықталды. Оның ішінде 12 қылмыстық іс тіркеліп, тергеу амалдары басталды», - деді қала басшысы.

Шымкентте коронавирус туралы нақты ақпарат тарататын арнайы сайт та ашылды. Мұнда қала тұрғындары КВИ бойынша жедел статистикамен танысып, тиісті ақпараттар ала алады. Мамандар аталған сайтта COVID-19, пневмония және ЖРВИ-мен ауыратын науқастар саны мен тәулік ішінде ауруханаға түскенін, жазылып кеткен шыққан науқастар жайлы ақпарат жариялануда. Сонымен қатар бүгінде қаладағы кәсіпкерлер мен ірі компаниялар да демеушілік жасап, медициналық ұйымдарға қажетті құрал жабдықтарды алып беруде. Мәселен, бүгін «BI GROUP» құрылыс компаниясы медицина мекемелеріне кезекті рет көмек көрсетті. Аталмыш компания Шымкент қаласынадағы провизорлық станционарларға 82 дана оттегі концентраторын жеткізді. Бұл құрылғы COVID-19 инфекциясы мен пневмония ауруына шалдыққан ауыр халдегі науқастарды емдеуге арналған. Құрылғының 10 данасы «Асар» шағын ауданындағы жұқпалы аурулар орталығына табысталды. Қазір бұл жұқпалы аурулар орталығында коронавирус инфекциясына шалдыққан 140 науқас ем алып жатыр. Дәрігерлер соңғы екі аптада сырқаттар санының айтарлықтай азайғандығын айтуда.

«Короновирусқа қарсы күресте дәрігерлерге қол ұшын беру үшін еліміздегі облыс орталықтарына, аудан-қалаларына 1000 дана оттегі концентраторы аппаратын жеткізіп жатырмыз. Оның ішіндегі 82-сін арнайы Шымкент қаласына алып келдік. Қазіргі кезде өкпесі қабынған науқастар оттегі жетпей қиналуда. Енді бұл аппараттар сырқаттанған жанның өмірін сақтап қалуға ықпал етпек. Аппараттарды компания топ басшылары мен серіктестік өкілдері өз қаражат есебінен сатып алып, ауруханаларға табыстауда»,-дейді компания өкілі Айдын Майусов.

Айта кетейік, бұған дейін BI Group кәсіпорыны қаладағы ауруханаларға Ресейде жасалған оттегі концентраторларының ең озық және тиімді аппараттарын тарту еткен болатын. Ал, күні кеше «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мен «Шымкент – қайырымды қала» әлеуметтік қоры бірлесіп, Covid-19 инфекциясымен күрестің алдыңғы сапында жүрген медициналық ұйымға гуманитарлық көмек көрсетті. Аталмыш компания өкілдері № 2 қалалық ауруханаға қарасты провизорлық станционарға 10 мың медициналық бетперде мен 1 мың дана қорғаныш киімдерін жеткізген еді.



Соңғы жаңалықтар