+7 (701) 759 90 19
USD 436.29 EUR 492.83
RUB 5.92 CNY 68.48
Jańalyqtar

1 млн ауыл тұрғынының табысы артады – Ербол Қарашөкеев

2021 жылғы 12 қазан 10:42
Бөлісіңіз:
1 млн ауыл тұрғынының табысы артады – Ербол Қарашөкеев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын таныстыру кезінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұқсас жаңалықтар

«Импортқа тәуелділікті төмендету және мал шаруашылығы өнімінің экспортын арттыру мақсатында қарқынды мал шаруашылығына көшу жалғастырылатын болады. Бұл үшін фермерлік шаруашылықтарға мал сатып алуға кредит беру көлемін ұлғайту, азық өндірісін ынталандыру, шалғайдағы мал шаруашылығын және жайылымдардың инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ селекцияның қазіргі заманғы әдістерін, оның ішінде жасанды ұрықтандыру мен эмбриондарды телуді енгізуді ынталандыру жоспарлануда. Бұл өңдеуші кәсіпорындардың қуаттылықтарын 100% жүктемемені қамтамасыз етуге, сондай-ақ мал мен құстың өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді», - деді Ербол Қарашөкеев.

Оның айтуынша, аграрлық ғылымды қаржыландырудың жеткіліктілігін қамтамасыз ету жұмысы жалғастырылады, салалық гранттық қаржыландыру енгізіледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенге кешенді талдау жүргізу, перспективаларын бағалау, дамуын болжау үшін Министрліктің ахуалдық-талдамалық орталығын құрып, жұмыс істету жоспарлануда.

«Коронавирус пандемиясы ішкі нарықты қамтамасыз ету басты міндет екенін көрсетіп берді. Сондықтан басым экспорттық саясатпен қатар, импортты алмастыру мәселелері де кешенді түрде шешілетін болады. Министрлік ең көп импортталатын позицияларды айқындады, бұлар – құс еті, шұжық өнімдері, ірімшік пен сүзбе, алма, қант пен балық. Бүгінгі таңда осы бағыттардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар айқындалып, іске асырылуда. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде жеңілдікті кредит беру, субсидиялау, жер ресурстарымен, инфрақұрылыммен, ішкі нарықты қорғау шараларымен қамтамасыз ету іске асырылатын болады. Нәтижесінде, 2024 жылға қарай қантты қоспағанда, осы өнім түрлері бойынша қамтамасыз етілу 100%-ды, ал қант бойынша 80%-ды құрайды», - деді министр.

Ұлттық жобаның басым бағыттарының бірі - өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен экспортын дамыту болады. Ол үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды толық жүктеуді, сондай-ақ қазіргі заманғы кәсіпорындар салуды және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғыртуды көздейтін шаралар кешені әзірленді. Бүгінгі таңда инвестициялық жобалар пулындағы 194 жоба – өндірістің қосымша өсуін және тиісінше қосымша экспорт көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар.

«Бұл, сайып келгенде, агроөнеркәсіптік кешен экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есеге ұлғайту туралы алға қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ұлттық жобаның басымдығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді. Жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.

Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет отырысында Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы таныстырылды.



Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Руслан Ғаббасов

Ұқсас жаңалықтар
Сондай-ақ... оқыңыз
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT