1 миллионнан астам елорда тұрғыны МӘМС-ге жарна төлеуде

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін елордада Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының жұмыс жайы баяндалып, оның міндеті мен мақсаты түсіндірілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде еліміз бойынша МӘМС жүйесімен қамтамасыз ету үлесі 94,6 пайызды құрайды. Елордаға келсек, биылғы 1 қазандағы жағдайы бойынша 1 млн 139 мың 564 адам МӘМС жүйесіне тіркеліп, өз жарналарын төлеп жатыр. Әлі тіркелмеген 13 179 адам бар. Біз қазір сол бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы мемлекет бұл жобаны қаржыландыруға 3 жылға 2,8 трлн теңге қаржы бағыттап отыр. Мақсат - медициналық қызметтің сапасын арттыра отырып қолжетімді ету. Тағы бір айтып өтетін жайт, бұл жүйеге ресми жұмысы немесе тұрақты табысы жоқ және өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған азаматтар да қатыса алады. Олар бірыңғай жиынтық төлем арқылы төлей алады. БЖТ төлеу арқылы азамат 3 бірдей жүйеге қатыса алады, ол зейнетақы қоры, әлеуметтік және медициналық сақтандыру», - деді Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма басшысы МӘМС қорына жарна төлемеген азаматтардың жағдайы қалай болатындығы туралы айтты.

«МӘМС-тің тегін көрсетілетін бірнеше медициналық қызмет түрі бар. Қорға уақтылы және тиесілі жарна құйған азаматтар медициналық тексерулер мен қоса оңалту қызметтерін ала алады. Сонымен қатар, қорға жарна төлемеген азаматтар да медициналық көмексіз қалмайды. Олар өз кезегінде учаскелік терапевт, қан талдамасын жасаумен қатар бірнеше аурулар бойынша тегін ем алу мүмкіндіктері бар. Оның ішіне, әрине, жедел медициналык көмек те кіреді», - деді ол.

С. Қисықова берген мәліметке сүйенсек, 2022 жылдан бастап жұмыс беруші қызметкерлерінің табысының 2 пайызын ұстап, медициналық сақтандыру қорына аударатын болады.

Соңғы жаңалықтар