1 маусым. ҚазАқпарат күнтізбесі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Оқырман назарына 1 маусымға арналған атаулы күндер мен есте қалар оқиғалар күнтізбесін ұсынамыз.

АТАУЛЫ КҮНДЕР

Халықаралық балаларды қорғау күні

Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясының конгресінде 1949 жылы ресми түрде бекітілді. 1950 жылдан бастап тұрақты түрде атап өтіледі. Мұндай мерекені бекіту туралы ұсыныс алғаш рет 1925 жылы Женевада өткен Дүниежүзілік конференцияда жасалды.

Бүкіләлемдік ата-аналар күні

БҰҰ-ның халықаралық күндер жүйесінде 2012 жылы пайда болды. 1 маусым - Халықаралық балаларды қорғау күнімен бірге атап өтіледі.

Бүкіләлемдік сүт күні

БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ағылшынша Food and Agriculture Organization - FAO) 2001 жылы бекіткен.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1920 жылы Қазақстанның басты шаруашылық органы - Бүкілресейлік халық шаруашылығы құрамында Қырғыз (Қазақ) өнеркәсіп бюросы құрылды.

1946 жылы СССР Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды. Академияның алғашқы құрамына 14 академик: Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Илларион Галузо, Михаил Горяев, Ахмет Жұбанов, Николай Кассин, Ісмет Кеңесбаев, Николай Павлов, Михаил Русаков, Қаныш Сәтбаев, Нығмет Сауранбаев, Гавриил Тихов кірді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті болып көрнекті ғалым, қайраткер, академик Қаныш Сәтбаев сайланды.

1991 жылы «Қазақфильм» базасында құрылған «Катарис» шығармашылық бірлестігі Балқашта «Людоед» көркем фильмін түсіруге кірісті. Фильмде 1954 жылғы КарЛаг саяси тұтқындарының көтерілісі суреттеледі. Режиссері әрі сценарий авторы - Г.Ф. Земель. Түсірілім бұрынғы зонаның орнында, Коунрад кенішінің карьерінде және геологтар ауылында жүргізілді.

1997 жылы Францияда ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті.

2003 жылы«ҚазАқпарат» агенттігінің күнтізбесінің алғашқы саны «АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР» атты жарыққа шықты. Күнтізбеде Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы елеулі оқиғалар, атаулы күндер, елімізді дамудың даңғыл жолына түсіріп, өркендеуіне үлес қосқан азаматтар, ғылым мен білім, спорт, мәдениет, саясат және басқа да салаларда жетістікке жеткен тұлғалар атап өтіледі.

2010 жылы Астанадағы ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы алдындағы саябақта Жәнібек пен Керей хандардың монументалды мүсіндік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Қазақ хандығының іргесін қалап, тұңғыш қазығын қаққан хандарға елордада ескерткіш ашу - Елбасының идеясы. Бұл ретте Керей мен Жәнібек хандар ескерткішіне арналған эскиз жобасына республикалық конкурс жарияланды. Байқауға 10 жоба ұсынылып, оның ішінен астаналық жас мүсінші Әбенов Ринаттың жоба-эскизі үздік деп танылған болатын. Құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша, автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипаттағы келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Композиция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады. Ескерткіш мүсіндерінің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр, Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы 5,25 метр. Керей ханның мүсінінің биіктігі 4 метр, мүсіндік композицияның барлық элементтері таза қоладан құйылған. Салмағы 16,20 тонна. Керей мен Жәнібек хандардың тұрғызылған ескерткіштері - қазақ қоғамы үшін ірі рухани және мәдени маңызы бар айтулы шаралардың бірі. Мүсіндер Қазақстанда жасалған.

2010 жылы Алматыдағы орталық стадионда қазақстандық футболдың негізін қалаушы Аркадий Хохманға арналған мемориалдық тақтаның салтанатты ашылу рәсімі болды. Аркадий Хохман ұзақ уақыт бойы ҚазССР футбол федерациясының төрағасы, СССР футбол федерациясы президиумының мүшесі болды. 1957 жылдан 1978 жылға дейін республикалық футбол мектебін басқарды.

2012 жылы Қазақстанда алғаш рет Онкологиялық аурулары бар науқас балаларды қолдау орталығы құрылды.

2017 жылы Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың қола мүсіні Мәскеудегі Ұлы Отан соғысы орталық мұражайына тапсырылды. Мүсінмен бірге мұражайға М.Б. Греков атындағы студия суретшісі Павел Бойко салған батырдың портреті мен мұрағаттық фотосуреттері берілді.

2017 жылы «Нұрлы жол» жаңа вокзал кешені алғашқы пойыздарды қабылдай бастады. Алғашқы болып «Қарағанды - Астана» электр пойызы келді. Вокзал кешені алты деңгейлі, жалпы аумағы 126 мың шаршы метрлік ғимарат. Вокзалда алты жолдың торабы кіріп отыр. Ол тәулігіне 35 мың жолаушыны қабылдай алады. Вокзал жолаушылар ағынын, кезегін, қауіпсіздігін, электронды билет сату процесін интеллектуалдық басқару желісімен қамтылған. Бірінші және екінші қабатта 740 көлікке арналған автотұрақ бар. Сонымен қатар ол жерде қызметтік-теxникалық бөлмелер орналасқан. Үшінші қабатта - шатыр астында перрон орын тепкен. Төртінші қабат ең негізгі болып саналады. Мұнда басты кіреберіс пен 10 билет кассасы, анықтама бюросы, сауда орындары бар. Бесінші қабатта фуд-корт, алтыншы қабатта әкімшілік кеңселер орналасқан.

2017 жылы Астанадағы Mega Silk Way сауда, ойын-сауық орталығында теңіз жануарларының Орталық Азиядағы ең үлкен паркі ашылды. Оның жалпы ауданы 7190 шаршы метрді құрайды. Паркте бір үлкен бассейн және екі қосалқы бассейн, 400 адам сиятын трибуна бар. Трибунада мүмкіндігі шектеулі жандарға да барша қолайлылық жасалған.

2021 жылы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Аэроғарыш комитетінің құрылымына кіретін «Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» АҚ (ҰҒЗТО) және Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Алматы қаласында (Қазақстан) орналасқан Аумақтық қолдау офисі қызметіне қатысты өзара түсіністік туралы меморандум жасасты.

Аталған Меморандумға сәйкес, тараптар төтенше жағдайлардың алдын алу және жою және шұғыл әрекет ету (СПАЙДЕР-БҰҰ) үшін ғарыштық ақпараттарды пайдалану мақсатында Біріккен Ұлттар Ұйымы Тұғырнамасы шараларына қолдау көрсету және жүзеге асыру бойынша өздеріне міндеттемелер алды.

2021 жылы елордада Бейбітшілік жәе келісім сарайы аумағында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары кеңесінің жаңа аллеясы ашылды. Ұйымға мүше 27 мемлекеттің елшісі жаңа аллеяға қызыл шетен ағаштарын отырғызды.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға жұмыс сапары барысында оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысының капсуласын салу рәсіміне қатысты.


Соңғы жаңалықтар