Қолданушы баптаулары
Қолданушы баптаулары
+7 (701) 759 90 19 Лента
USD 371.56 EUR 422.43
RUB 5.56 CNY 53.51

1 МАУСЫМ. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

2013 жылғы 1 маусым 06:50
Поделиться:

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарға 2013 жылғы 1 маусымға арналған күнтізбені ұсынады.

1 маусым,  СЕНБІ

Балаларды қорғаудың халықаралық күні. Жыл сайын өткізілетін балаларды соғыс қаупінен қорғау, денсаулығын сақтау күнін атап өту 1949 жылы Әйелдердің Халықаралық демократиялық федерациясы кеңесінің сессиясында қабылданған. Алғаш рет 1950 жылы 51 елде атап өтілді.

Батыс Самоаның Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1962). Бұл ел тәуелсіздігін 1962 жылғы қаңтардың 1-де жариялаған, бірақ климаттық жағдайына байланысты мейрамды маусымның 1-не ауыстырған. Батыс Самоа - Тынық мұхитының оңтүстік-батысындағы Самоа архипелагының батыс бөлігін алып жатқан мемлекет. Астанасы - Апиа қаласы. Ресми тілі - самоа және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - тала.

Ресей Солтүстiк флотының күнi. 1933 жылы Солтүстік Теңіз Флотилиясы құрылды. 1937 жылы Солтүстік Флот (СФ) деп өзгертілді.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

 93 жыл бұрын (1920) Қазақстанның басшы шаруашылық органы - Бүкілресейлік халық шаруашылығы құрамында Қырғыз (Қазақ) өнеркәсіп бюросы құрылды.

 19 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің бұйрығымен «Жеті жарғы» баспасы құрылып, алғашқы директоры болып Түрікпенбаева Ділбар Дадоханқызы тағайындалды.

16 жыл бұрын (1997) Францияда ұлы қазақ жазушысы Мұхтар Әуезовтің туғанына 100 жыл толуына арналған Қазақстан күндері өтті.

 13 жыл бұрын (2000) Балқаш қаласында «Балқаш» АҚ-ның мыс қақтамасын шығаратын жаңа цехы іске қосылды.

7 жыл бұрын (2006) Алматыдағы «Сайран» көлінде Қазақстандағы ең биік су бұрқағы ашылды. Су атқылау тесігі 10 сантиметр болатын жаңа бұрқақтың суы 50 метр биіктіктен құлайды. Секундына 40 литр суды осынау биіктікке қысыммен көтере алатын сусорғы Германиядан алдырылған. Аумағы 43 гектар келетін Сайран көліне 2 000 000 текшеметр су сияды. Көлдің ең терең тұсына орнатылған бұрқақ Intelli Sports жеке компаниясының қаржысына салынған. Жоба құны АҚШ-тың 58 мың долларына тең.
Су бұрқағы әдемілігімен қатар ыс пен түтін тұмшалаған Алматының ауасына да қолайлы әсер етіп, ауадағы шаң-тозаңды сейілтуге мүмкіндік береді.

Алматыда алғашқы су бұрқағы 1948 жылы ашылған. Бүгінде қалада 97 су бұрқағы бар. Оның 32-сі қаланың меншігінде.

19 жыл бұрын (1994) Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев АҚШ Бейбітшілік корпусының Қазақстандағы миссиясының директоры Пол Бурнор бастаған өкілдерін қабылдады.

34 жыл бұрын (1979) Африкада жаңа тәуелсіз Зимбабве мемлекеті (бұрынғы Родезия) құрылды.

13 жыл бұрын (2000) Алматыда Орталық Азия киногерлерінің халықаралық II фестивалі басталды.

6 жыл бұрын (2007) Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өткен балалардың бірінші халықаралық съезі барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа «Әлем елшісі» атағын беру туралы шешім қабылданды.

4 жыл бұрын (2009) Қарағанды облысы Спасск мемориалды кешенінде Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне арналған шара өтті. Шараға Қазақстандағы Әзірбайжан, Украина, Румыния, Польша, Венгрия, Словакия, Корея, Жапония елшіліктерінің басшылары және Ресей, Литва, Италия, Грузия, Қырғызстан елшіліктерінің дипломатиялық қызметкерлері қатысты.

Шара аясында мемориал кешенінің аумағында саяси қуғын-сүргін құрбандары кәрістерге арналған жаңа ескерткіш белгісі ашылды.

67 жыл бұрын (1946) КСРО Ғылым академиясының Қазақ бөлімшесі негізінде қазіргі Қазақстан Ұлттық ғылым академиясы ашылды. Алғашында бөлімшеде 16 ғылыми-зерттеу институты, 8 сектор, 7 тәжірибе стансасы, 3 ботаника бағы болды. Академияның алғашқы құрамына 14 академик: Мұхтар Әуезов, Әбікен Бектұров, Илларион Галузо, Михаил Горяев, Ахмет Жұбанов, Николай Кассин, Ісмет Кеңесбаев, Николай Павлов, Михаил Русаков, Қаныш Сәтбаев, Нығмет Сауранбаев, Гавриил Тихов кірді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының бірінші президенті болып көрнекті ғалым, қайраткер, академик Қаныш Сәтбаев сайланды. 1991 жылы наурыздың 20-да Ғылым академиясына жаңа ғылыми мекемелер құру мен іргелі ғылыми-зерттеулер бағыттарын айқындау мақсатында кеңейтілген құқық беріліп, жаңадан Физика-техника, Механика және машинатану, Археология, Ғарыштық зерттеулер, Информатика және басқару мәселелері, Мемлекет және құқық, Қолданбалы математика, Жер қойнауларын кешенді игеру мәселелері институттары құрылды.

3 жыл бұрын (2010) Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елордадағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұражайы алдындағы саябақта Жәнібек пен Керей хандардың монументалды мүсіндік-көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімі болды. Жалпы елорда төрінде осынау аңыз тұлғаларға арнап ескерткіш орнату бұл тарихын қастерлеп, қадір тұтқан ұрпақ құрметінің белгісі. Ал қазақ хандығының іргесін қалап, тұңғыш қазығын қаққан хандарға елордада ескерткіш ашу - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болатын. Бұл ретте Керей мен Жәнібек хандар ескерткішіне арналған эскиз жобасына республикалық конкурс жарияланды. Байқауға 10 жоба ұсынылып, оның ішінен астаналық жас мүсінші Әбенов Ринаттың жоба-эскизі үздік деп танылған болатын. Құрамына елімізге белгілі тарихшы ғалымдар, антропологтар, саясаттанушылар мен сәулет өнерінің мамандары енгізілген конкурс комиссиясының пікірі бойынша, автор ұлы хандардың сыртқы пішіндерін, олардың ұлттық сипаттағы келбеттерін барынша нақты бейнелеген. Композиция тұтас өз тұлғаларымен жаңа хандықтың ірге көтеруі еркіндіктің орнауын бейнелейтін екі мүсіннен тұрады.

Ескерткіш мүсіндерінің іргетасынан бастап ұшар басына дейінгі жалпы биіктігі 12 метр, Жәнібек ханның тік тұрғандағы бойы 5,25 метр. Керей ханның бейнесін сомдаған мүсіннің биіктігі 4 метр, мүсіндік композицияның барлық элементтері таза қоладан құйылған. Салмағы 16,20 тонна. Керей мен Жәнібек хандардың тұрғызылған ескерткіштері - қазақ қоғамы үшін ірі рухани және мәдени маңызы бар айтулы шаралардың бірі. Мүсіндер Қазақстанда жасалған.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектерін жеңілдік жағдайда тұрғын үймен қамтамасыз етуге, сондай-ақ жалғыз баспаналары апатты деп саналған азаматтарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй беру үшін құқықтық негіз құруға бағытталған «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойды.

3 жыл бұрын (2010) Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «1995 жылғы желтоқсанның 23-індегі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесi, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртiбi мен олардың мәртебесi туралы келiсiмге өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

ЕСІМДЕР

110 жыл бұрын (1903-1975) актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі ҚҰРМАНБАЕВА Зағи дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Өнер жолын көркемөнерпаздар құрамынан бастаған ол 1932 жылы Қазақ драма театрының құрамына қабылданған. Осы театр сахнасында алғаш рет І.Жансүгіровтің  «Кегіндегі» Үндемес рөлін ойнаған. Ол театр сахнасында негізінен  аналар бейнесінің галереясын жасаған. Актердің басты рөлдері қатарында Ділдә, Аналық, Зере (М.Әуезов «Түнгі сарын», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай»), Дәмелі, Күнікей (Ғ.Мүсірепов «Ақан сері - Ақтоқты», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу»), Рабиға (Ә.Әбішев «Бір семья»), т.б. бар. 1957 жылдан киноға түскен.  

85 жыл бұрын (1928) геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ӘЛМҰХАМБЕТОВ Жексенбек дүниеге келді.

Тараз қаласында туған. Орта Азия мемлекеттік университетін бітірген. 1951-1952 жылдары Орта Азия тресінің геология партиясын басқарған. 1956-1982 жылдары - Қазақстан Ғылым академиясы Геология ғылымы институтының инженері, кіші ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі. 1982 жылдан Қазақ политехникалық институтында (қазіргі Қазақ ұлттық техникалық университеті) кафедра меңгерушісі, профессоры болған. Ғылыми еңбектері геофизикалық әдістер кешені арқылы жердің терең қабаттарының құрылымын зерттеуге арналған. Әлмұхамбетов республикада тұңғыш рет электр-магниттік зондтау әдісімен (жер бетінен 500 шақырым тереңдікке дейін) Қазақстан жер қойнауындағы ірі кенді тораптарды зерттеген. 130-дан астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 5 монографияның авторы.

170 жыл бұрын (1843-1902) Орталық Азияны зерттеуші, орыс саяхатшысы, генерал-майор ПЕВЦОВ Михаил Васильевич дүниеге келді.

Ресейдің Новгород губерниясында туған. 1876 жылы Шығыс Жоңғарияға, 1876-1879 жылдары Моңғол Алтайы мен Гобиге саяхат жасаған. Саяхатшының «Жоңғария саяхатының жол жазбалары», «Моңғолияға және Ішкі Қытай провинцияларына саяхат жазбалары» деген еңбектерінде бұл аудандардың тұңғыш географиялық сипаттамасы берілген. Орталық Азияны зерттеуге жасақталған бесінші экспедицияны басқарып, 1889-1890 жылдары Қашқар және Куньлуньға сапар шеккен.  Экспедиция құрамындығы В.Роборовский, П.Козлов және Т.Богдановичтармен бірге өздері жүріп өткен 10250 шақырым жолды «Шығыс Түркістан мен Тибеттің солтүстік шетінің» картасына түсірген. Певцов серіктерімен бірге Тұрфан қазаншұңқырының батыс бөлігі - Тоқсын ойысын ашып, тау жыныстарының, өсімдіктер мен жануарлардың орасан зор коллекциясын жинаған. Жиналған материалдар «М.Певцовтың басқаруымен 1889-1890 жылдары атқарылған Тибет экспедициясының еңбектері» деген атпен жарияланды. Певцов биіктіктегі бірдей екі жұлдызды бақылау арқылы географиялық ендікті анықтау әдісін ашып, барометрлік нивелирлеу тәсілдерін пайдаланған. Оның есімімен Алтайдағы мұздық аталады.

74 жыл бұрын (1939-1990) домбырашы, дарынды күйші, профессор, Қазақстанның халық әртісі ҚАРАБАЛИНА Бақыт Тоқсанбайқызы дүниеге келді.

Атырау облысының Құрманғазы ауданында туған. Алматы консерваториясын (қазіргі Қазақ ұлттық консерваториясы) бітірген.  Жастайынан күй тартып, ел арасында танылды. 1960-1965 жылдары Қазақ халық аспаптары оркестрінің жеке орындаушы-домбырашысы болды. 1965 жылдан Алматы консерваториясында ұстаздық қызмет атқарды.

Репертуарында халық композиторлары шығармалары мен шет ел композиторларының туындылары болды. 1966-1973 жылдары Монғолия, Болгария, Венгрия, Франция, Польша елдерінде концерттік сапарларда болып, қазақ өнерін насихаттады. Ол Дина Нұрпейісова туралы «Қайран шешем» телефильмде Дина рөлін сомдады.

«Құрмет белгісі» орденімен марапатталған.

54 жыл бұрын (1959) Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының директоры әрі көркемдік жетекшісі, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі АХМАНОВ Мұрат Ноянбайұлы дүниеге келді.

Алматы облысында туған. Алматы театр-көркемсурет институтын (Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы) бітірген. 1976-1984 жылдары - Қазақ ән-би ансамблінің бишісі. 1984-1993 жылдары - Талдықорған облыстық драма театрының актері, қоюшы-режиссері. 1999-2001 жылдары - Жезқазған музыкалық драма театрының бас режиссері. 2001-2005 жылдары - Батыс Қазақстан облыстық драма театрының бас режиссері. 2005 жылдан Алматы облыстық драма театрының бас режиссері қызметін атқарған.

М.Ахманов  30-ға тарта ррөлде ойнап, 20-дан астам спектаклді сахналады. Ол қойған С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиға» спектаклі - 6-шы республикалық, Ә.Тәжібаевтың «Алтын күмбез» тарихи драмасы 10-шы респубилкалық фестивальде бас жүлде алды.   

73 жыл бұрын (1940-2010) әдебиет зерттеушісі, жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген техника және ғылым қайраткері, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылымдар Академиясының корреспондент мүшесі, Халықаралық ақпараттану академиясының академигі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты НҰРҒАЛИЕВ Рымғали Нұрғалиұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген.

1968-1986 жылдары осы университет филология факультетінің доценті, профессоры, деканы қызметтерін атқарған. 1986-1997 жылдары - Қазақ энциклопедиясының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Терминология, ономастика және мемлекеттік сыйлықтар жөніндегі мемлекеттік комиссияның мүшесі.

Оның басшылығымен «Қазақ КСР: Қысқаша энциклопедия», «Балалар энциклопедиясы», «Қарағанды», «Алматы», «Абай», «Ислам» энциклопедиялары шықты. Әдеби зерттеу еңбектері ұлттық драматургияның даму тенденциялары мен теориялық мәселелеріне арналған. Негізгі зерттеулері «Сабыр Шәріпов. Өмірі мен шығармашылығы» (Б.Кенжебаевпен бірге), «Трагедия табиғаты», «Талант тағдыры», «Күретамыр. Қазақ драматургиясының поэтикасы», «Өнер алды - қызыл тіл», «Қазақ драматургиясы», «М.Әуезов және Алаш». Оның «Дән», «Жартастағы қарағай», «Атшабыс ертең», «Оқ» прозалық жинақтары бар. Сондай-ақ Л.Толстойдың «Әзәзіл» повесін, Н.Ф.Погодиннің «Салтанат жырын» қазақ тіліне аударған. 325-тен астам жұмыстары Франция, Түркия, Үндістан, Қытай және басқа да мемлекеттерде басылып шыққан.

«Парасат» орденімен, медальдармен марапатталған.

63 жыл бұрын (1950) әнші, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БАЙБОСЫНОВ Қайрат Әукенұлы дүниеге келді.

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданында туған. Алматы эстрада-цирк студиясын бітірген.

1969-1988 жылдары - «Гүлдер» ансамблінің әншісі әрі Алматы эстрада-цирк студиясының оқытушысы. 1988-1999 жылдары Алматы консерваториясының аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, Республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болған. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы консерваторияның профессоры.

Ұмыт болған, сирек орындалатын әндерді халық арасына таратуда елеулі еңбек етті. Концерттік сапармен АҚШ, Жапония, Германия, Франция Испания, Италия, Бирма, Сингапур, т.б. елдерде болып, ұлттық өнерімізді шетел тыңдаушыларына танытты.

92 жыл бұрын (1921-2005) жазушы, сыншы, әдебиеттанушы, аудармашы, филология ғылымының кандидаты, Түркістан қаласының құрметті азаматы ҚАМБАРҰЛЫ Қапан дүниеге келді.

Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан ауданында туған. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қазақстан Орталық партия комитеті жанындағы республикалық партия мектебін, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) бітірген. Оңтүстік Қазақстан облыстық «Оңтүстік Қазақстан», Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «Егемен Қазақстан» газеттері редакцияларында отыз жылдан аса жауапты қызметтер атқарып, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар дәріс оқыған.

Жазушының «Қанды жылдар» дилогиясы, «Ақадырдың ақ шағаласы», «Махаббаттың тұрағы», «Қаракөзайым», «Меңсұлу», «Екі арудың азабы» атты романдары, «Әзірет Сұлтан» атты деректі роман-хамсасы жарық көрген. Жалпы оның 30-ға жуық кітабы бар. Сонымен қатар ол Михаил Кольцовтың, Александр Довженконың, Николай Ановтың, Василий Ванюшиннің бірсыпыра әңгімелерін, татар халық ертегісі «Гүлшешекті» қазақ тіліне аударған.

«Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Георгий Жуков» және басқа да 12 жауынгерлік-мерекелік медальмен, «Еңбек ардагері» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

62 жыл бұрын (1951) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі ЫДЫРЫСОВ Құттықожа дүниеге келді.

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. 1974-1975 жылдары - Қызылорда облыстық атқару комитеті Ішкі істер басқармасы (ІІБ) Түзету-еңбек мекемесінде аға нормалаушы болды. 1976-1984 жылдары - Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Түгіскен кеңшарында есепші, бас экономист. 1984-1986 жылдары - Қызылорда облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының есепші-тексерушісі, бөлім бастығы, облыстық агроөнеркәсіп бөлімінің бастығы. 1986-1995 жылдары - Қызылорда облыстық қаржы басқармасының аға тексеруші-инспекторы, бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары, бірінші орынбасары. 1995-2004 жылдары - Қызылорда облыстық қазынашылық басқармасының бастығы. 2004-2008 жылдары - Қызылорда облысы әкімінің орынбасары. 2008-2010 жылдары - Қызылорда облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметін атқарған. 2010 - 2011 жылдары - IV сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі  2012 жылғы қаңтардан бастап V сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының мүшесі.

 «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан полициясына 15 жыл» медальдарымен марапатталған.

51 жыл бұрын (1962) ҚР Парламенті Мәжіісінің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі САБИЛЬЯНОВ Нұртай Салихұлы  дүниеге келді.

Семей облысы Аягөз ауданы Шыңқожа ауылында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және Қазақ мемлекеттік заң университетін бітірді.  Еңбек жолын 1979 жылғы шілде айында Аягөз ауданының «Нарын» кеңшарындағы «Орбита» комсомол-жастар бригадасында бастады. 1980 жылғы қарашадан бастап 1982 жылғы желтоқсан аралығында Кеңес Армиясы қатарында қызметін өтеді. 1983 жылғы қаңтар-қараша аралығында «Нарын» кеңшарында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болды. 1988-1990 жылдары Алматы электротехникалық зауытында экономист болып жұмыс істеді.  1990 жылдан бастап 2004 жылғы қараша аралығында «Сарыарқа» акционерлік қоғамында («Сарыарқа-Алуан» ЖШС) бас бухгалтер, ал 1996 жылдан бастап қаржы жөніндегі вице президент-бас бухгалтер, басқарма мүшесі болды. 2004 жылғы 3 қарашадан бастап 2007 жылғы 20 маусым аралығында -үшінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, ШҚО (Аягөз, Жарма, Үржар аудандары) № 25 сайлау округі бойынша сайланды. 2007 жылғы 27 тамыздан бастап 2011 жылғы 15 қараша аралығында - төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық тізімі бойынша сайланды. 2012 жылғы қаңтардан бастап - бесінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» ХДП-ның партиялық тізімі бойынша сайланды.

«Шапағат» медалімен, «Құрмет» орденімен және ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Содружество» орденімен марапатталған.

50 жыл бұрын (1963) ҚР Қорғғаныс министрінің орынбасары  АҚПОМБАЕВ Иманжүсіп Латкенұлы дүниеге келді.

Павлодар облысы Железинский ауданы Үрлітүп ауылында дүниеге келді. 1981 жылы Павлодар есеп-экономикалық техникумын, 2001 жылы Қазақ экономикалық университетін (сырттай) үздік бағамен тәмәмдәді.1987 жылы Ярослав жоғары әскери қаржы училищесін бітірді. 1987 жылғы қыркүйек пен 1993 жылғы қантар аралығында далалық мекемелерде әртүрлі офицер-қаржыгер лауазымдарын атқарды. 1993 жылғы қаңтардан қазанға дейін - Павлодар қаласында орналасқан әскери комиссариатта бөлімше бастығының  көмекшісі. 1993 жылғы қазаннан 1998 жылғы шілдеге дейін -  Павлодар қаласында орналасқан, облыстық әскери комиссариаттын, қаржы және әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімшесінің бастығы. 1998 жылғы шілде мен желтоқсан аралығында- басқарма бастығының орынбасары - ҚР ҚМ Қаржы және экономика департаментінің бөлім бастығы 1998 жылғы желтоқсан мен 2000 жылғы мамыр аралығында -Департамент бастығының орынбасары - ҚР ҚМ Қаржы және экономика департаментінің басқарма бастығы. 2000 жылғы мамырдан 2012 жылғы шілдеге дейін - ҚР ҚМ Бюджеттік жоспарлау және қаржы департаментінің бастығы. 2012 жылғы шілдеден 2013 жылғы қаңтарға дейін - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің экономика және қаржы жөніндегі орынбасары міндетін уақытша атқарды.

2013 жылғы 29 қаңтарда Мемлекет басшысының өкімімен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалды.

2 дәрежелі «Айбын» ордені және 11 медальмен мараппаталған.

Экономика ғылымдарының кандидаты.

45 жыл бұрын (1965) «Мұнай сақтандыру компаниясы» АҚ басқарма төрағасы ӘЛЖАНОВ Жарқын Қабыкенұлы дүниеге келді.

Семей облысында туған. Өскемен құрылыс-жол институтын, Қазақ мемлекеттік басқару академиясы жанындағы Нарық институтын, Халықаралық бизнес академиясын бітірген. 1992 жылдан - «Центрбанк» (Семей) акционерлік банкінің сарапшы-экономисі. 1993 жылдан - «Қазақ орталық «Центрбанк» акционерлік банкі (Семей қаласы) директорының орынбасары. 1996 жылдван осы банктің директоры. Қазіргі қызметінде - 1998 жылдан бері.

49 жыл бұрын (1964) «Көлік сервисі орталығы» акционерлік қоғамының президенті  МҰСТАФИН Қуандық Сапарұлы дүниеге келді.

Павлодар қаласында туған. Алматы теміржол инженерлері институтын, Академиялық құқықтық оқу институтын бітірген. 1986-1999 жылдары - Целиноград теміржол бөлімшесінде бақылаушы-тексеруші, тексеруші, аға тексеруші, бөлім бастығының орынбасары болды. 1999-2003 жылдары - Теміржол көлігіндегі бақылау басқармасының бастығы. 2003-2006  жылдары - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Көлік бақылауы комитетінің төрағасы. 2006-2007 жылдары - «Самұрық» холдингі» АҚ бас сарапшысы. 2007-2009 жылдары «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар тасымалын ұйымдастыру департаментінің директоры. 2008 жылы - «Жолаушылар тасымалы» АҚ президенті. 2009-2010 жылдары - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ жолаушылар тасымалы бойынша басқарушы директоры. 2010-2011 жылдары - «Вокзал-Сервис» АҚ президенті. Қазіргі қызметінде - 2011 желтоқсаннан бері. 

65 жыл бұрын (1948) ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы Еңбек қорғау институтының директоры НАҒМАНОВ Қажымұрат Ыбырайұлы дүниеге келді.

Омбы облысындва туған. Ленинград теміржол көлігі инженерлері институтын, алматы жоғары партия мектебін бітірген.

1971 жылғы қазаннан Қазақ теміржолының 17-ші жол дистансасында (Екібастұз қ.) жол жөндеуші, жол шебері, аға инженер болды. 1973-1976 жылдары - комсомол, партия, халықтық бақылау комитетінде жауапты қызметтерде. 1976 жылғы маусымнан - Қазақ теміржолының 17-ші жол дистансасында (Екібастұз қ.) бас инженер. 1978-1982 жылдары Қазақстан КП Екібастұз қалалық комитетінде құрылыс бөлімінің меңгерушісі, екінші хатшы. 1982 жылғы желтоқсаннан Ермак қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1987 жылғы мамырдан - КСРО энергетика министрлігінің Қазақ КСР-де (Павлодар қаласы) жылу электр стансаларын салу жөніндегі Бас аумақтық басқармасы бастығының орынбасары. 1988 жылғы мамырдан - Қазақстан КП Орталық Комитеті көлік және байланыс бөлімінің нұсқаушысы. 1988 жылғы қарашадан - Семей қалалық атқару комитетінің төрағасы. 1992  жылғы наурыздан «КАТЭП» Қазақ мемлекеттік атом энергетикасы және өнеркәсібі кәсіпорындарының вице-президенті. 1994-1995 жылдары ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты. 1994 жылғы тамыздан - Жезқазған облыстық әкімшілігінің басшысы. 1995 жылғы қазаннан - Жезқазған облысының әкімі. 1996 жылғы сәуірден - Шығыс Қазақстан облысының әкімі. 1999 жылғы сәуірден - ҚР Президенті Әкімшілігі ұйымдастыру-бақылау бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 1999 жылғы қазаннан - Солтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2002 жылғы мамырдан - ҚР Көлік және коммуникация министрі. 2006-2008 жылдары - «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бірінші вице-президенті.

«Парасат» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» медальдарымен марапатталған.

59 жыл бұрын (1954)Құрманғазы патындағы Қазақ ұлттық консерваториясының доценті ТАСБЕРГЕНОВ Қошқарбек дүниеге келді.
Қызылорда облысы Шиелі кентінде туған. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының оркестр факультетін бітірген (1981), оқытушы, концерт орындаушысы. «Жақсыдан шапағат» оқулығының авторы (2005), «Сарыарқа әндері» антологиясының тең авторы. 1972 жылдан - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясы ұлттық аспаптар оркестрінің домбырашысы, солисі, концертмейстері. 1992-2002 жылдары - Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының концертмейстері. 2002 жылдан бері - Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының доценті. Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі (1995).

55 жыл бұрын (1958) Моңғолия президенті (2005-2009 Намбарын ЭНХБАЯР дүниеге келді.

 

Бөлісіңіз:
MURAǴAT