1 қыркүйектен бастап бірнеше өңірде электр тарифі қымбаттайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 1 қыркүйектен бастап бірнеше өңірде тұтынушылар үшін электр қуатының тарифі қымбаттайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жуықта ғана электр қуатын өндіруші стансалар үшін тариф қымбаттатылатын болатын. Салдарынан электр қуатының тарифі қымбаттауы мүмкін бе? Тұтыншуылар үшін тариф қалай өзгеруі мүмкін? Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының міндетін атқарушысы Асхат Жапсарбайға осындай сауал қойылды.

«Шынымен де, Энергетика министрлігі электр қуатын өндіруші ұйымдар үшін тарифті орта есеппен 15 пайызға көтерген болатын. Қарапайым электр тұтынушыларға оның әсері қандай болатынына келсек, қазір бұл мәселе пысықталып жатыр. Орта есеппен тариф 7,2 пайызға өседі. Яғни өңірлер арасында айырмашылық болады. Бұл тарифті көтерген кезде қарапайым халыққа әсер етпейтіндей етіп өткізуге тырысамыз. Яғни сараланған тариф белгілейміз. Осының арқасында қарапайым халыққа ауыр тимейтіндей тариф бекітіледі деп үміттенеміз», - деді комитет басшысы.

Оның айтуына қарағанда, 1 қыркүйектен бастап бірнеше өңірде тариф жоспар бойынша көтерілмек.

«Тариф шамамен 1 қыркүйектен бастап көтеріледі. Электр өндірушілері үшін тариф 1 сәуірден бастап көтерілген болатын. 1 шілдеде тарифтердің бір бөлігін көтердік. Баяндамада 7 пайыз деп айтқаным осы болатын. 1 қыркүйектен бастап тариф көтеріліп үлгермеген өңірлерде өзгеріс болады. Сонда республика бойынша орта есеппен 3,5 пайыз пайыз болуы керек», - деді Асхат Жапсарбай.


Соңғы жаңалықтар