1 қыркүйекке дейін Ақмолада 2 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - 1-ші қыркүйекке дейін Ақмола облысында 2 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Тағы үшеуін жыл соңына дейін салып бітіру жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық білім басқармасына сілтеме жасап.

Ведомствоның дерегі бойынша, өңірде 1-ші қыркүйекке дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр.

«Эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жаңа мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстары бір сәтке де бәсеңдемеді. 1-ші қыркүйек қарсаңында Целиноград ауданының Қоянды (1200 оқушыға арналған) және Қажымұқан (300 оқушыға арналған) ауылдарында екі мектепте пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін тағы үш мектептің құрылыс аяқталуы тиіс. Оның ішінде екеуі Целиноград аудынының Максимовка (300 орын) және Қараменді (120 орын) ауылдарында, тағы біреуі Көкшетау қаласында (392 орын) салынып жатыр», - дейді білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.

Ведомстводан атап өткендей, бұдан бөлек, Көкшетау қаласында үш мектептің (№1, №6 орта мектептері мен №13 экологиялық мектеп гимназиясы) жанынан жалпы 1320 оқушыға арналған қосымша оқу корпустары салынып жатыр. Бұл облыстағы 6 мектепте үш ауысымда оқыту жүктемесін азайтады.

«Бұланды ауданындағы Алтынды орта мектебі және Бурабай ауданындағы Абылайхан атындағы орта мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы және «Ауыл - ел бесігі» жобасы шеңберінде 114 мектепте жөндеу жұмыстары қолға алынған», -деп толықтырды басқармадан.

Айта кетейік, осыған дейін хабарлағанымыздай, Ақмола облысында 311 мектеп оқу жылын штаттық режимде бастайтын болады.


Соңғы жаңалықтар