1 қыркүйек. Туған күн иелері

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 1 қыркүйекке арналған «Туған күн иелері» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

100 жыл бұрын (1921-2006) қазақ ғалымы, геология-минерология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Александр Скочинский атындағы сыйлықтың иегері Мағауия Әлімханұлы ЕРМЕКОВ дүниеге келген.

Шығыс Қазақстан облысында туған. Қазақ тау-кен институтын (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университеті), осы институттың аспирантурасын бітірген.

1950-1958 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы «Қазақкөмір геология» тресінде геолог, аға геолог, топ жетекшісі қызметтерін атқарады. 1958-1963 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақстан Ғылым академиясының химия-металлургия институтында кафедра меңгерушісі, 1963-1970 жылдар аралығында СССР көмір өнеркәсібі министрлігінің Қарағанды қаласындағы Қазақ тау-кен қауіпсіздігі ғылыми-зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері, зертхана бастығы, 1970-1989 жылдар аралығында Қарағанды политехникалық институтының (қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университеті) геология кафедрасының меңгерушісі қызметтерін атқарған. 1989 жылдан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің профессоры болды. Негізгі ғылыми еңбектері көмір алаптарындағы газды қабаттарды барлау, онымен күрес жүргізу мәселелеріне арналған. Қарағанды көмір бассейнінің газды қабаттарының картасын жасаған.

1-дәрежелі «Отан соғыс» орденімен, көптеген медальдармен марапатталған.

73 жыл бұрын (1948) Қазақстан Республикасының мемлекет қайраткері Бақтықожа Салахитдинұлы ІЗМҰХАМБЕТОВ дүниеге келді.

Атырау облысында туған. Уфа мұнай институтын бітірген. Техника ғылымының докторы, ҚР Минералдық ресурстар академиясының, Халықаралық минералдық ресурстар академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының академигі.

Еңбек жолы: 1973-1983 жылдары - «Қазмұнайгазбарлау» басқармасының аға инженері, техникалық мөлшерлеу және еңбекті ғылыми ұйымдастыру отрядының бастығы, зертхана меңгерушісі, бөлім меңгерушісі, Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары. 1983-1987 жылдары - Совет Одағының Йемендегі мұнай барлау экспедициясының аға инженері. 1987-1991 жылдары - Қазақ геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институтының зертхана меңгерушісі, Атырау тәжірибелік-әдістемелік экспедициясының бас технологы, бастығы. 1991-1993 жылдары - Қазақстан Республикасы Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі терең ұңғымаларды игеру және бұрғылау технологиялары бөлімінің бастығы, Мұнай және газ басқармасының бастығы. 1993-2003 жылдары - «ҚазақТүрікМұнай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі біріккен кәсіпорынының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының теңіз жобалары жөніндегі атқарушы директоры, «Қазмұнайтеңіз» теңіз мұнай компаниясы» жабық акционерлік қоғамының бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының біріккен кәсіпорын үлестерін басқару жөніндегі басқарушы директоры. 2003-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, министрі қызметтерін атқарған. 2007 жылғы тамыздан 2012 жылғы қаңтарға дейін Батыс Қазақстан облысының әкімі. 2012 жылғы қаңтардан тамыз айына дейін ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары. Кейіннен Атырау облысының әкімі (2012-2016), ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасы (2016 жылғы наурыз-маусым) қызметтерін атқарды. «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (2016 жылдан). Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің VI шақырылымының депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі (2016-2021).

«Құрмет» орденімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Альберт Павлович РАУ дүниеге келді.

Қостанай облысының Таранов ауданында туған. Рудный индустрия институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.

1992-1993 жылдары - Лисаков қалалық кеңесінің төрағасы. 1993-1994 жылдары - Лисаков қалалық әкімшілігі басшысының орынбасары. 1994-2004 жылдары - Лисаков қалалық әкімшілігінің басшысы, әкімі. 2004-2006 жылдары - Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2006-2007 жылдары - «Сарыарқа» ӘКК директорлар кеңесінің төрағасы. 2008-2010 жылдары Ақмола облысының әкімі қызметтерін атқарған. 2010-2014 жылдары - ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің бірінші вице-министрі. 2014-2016 жылдары - ҚР Инвестициялар және даму министрінің орынбасары. 2016-2017 жылдары - ҚР Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі.

Қазіргі қызметінде - 2017 жылдың наурызынан.

2-дәрежелі «Достық» орденімен, 3-дәрежелі Барыс орденімен, «Астанаға 10 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған.

61 жыл бұрын (1960) Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының судьясы Ұлбосын Аждарқызы СҮЛЕЙМЕНОВА дүниеге келген.

Қостанай облысында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген, заңгер (1984).

Еңбек жолы: Қостанай облысы Орджоникидзе аудандық сотының хатшысы (1976-1977); Алматы қаласы Калинин аудандық сотының сот отырысының хатшысы (1977-1981); Алматы қаласы Алатау аудандық сотының сот отырысының хатшысы (1981-1982); Алматы қаласы Алатау аудандық сотының сот орындаушысы (1982-1986); Алматы қалалық әділет бөлімінің консультанты, Алматы қаласы Әуезов аудандық сотының судьясы (1986-1987); Алматы қаласы Алатау аудандық сотының судьясы (1987-1995); Алматы қаласы Алатау аудандық соты төрағасының орынбасары (1995-1996).

Қазіргі лауазымына 1996 жылы қазанда тағайындалған.


Соңғы жаңалықтар