1 қазан. Тұлғалар туған күн

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚазАқпарат 1 қазанға арналған «Тұлғалар туған күн» күнтізбесін ұсынады.

ЕСІМДЕР

144 жыл бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы Спандияр КӨБЕЕВ дүниеге келген.

Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп бастырып шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды. 2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.

110 жыл бұрын (1912-1970) мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиет сыншысы, жазушы, публицист Ілияс Омарұлы ОМАРОВ дүниеге келген.

1933 жылы Ташкент қаласындағы Орта Азия жоспарлау экономикалық және сауда-тауар ісі институтын бітірген. 1933 – 1936 жылдары Республиканың сауда мекемелерінде жауапты қызметтер атқарған. 1941 – 1945 жылы Қазақ КСР Сауда халық комиссарының орынбасары, комиссары болды. «Қазақ халқының майдандағы қазақ жауынгерлеріне жазған хатын» ұйымдастыруда, 1944 жылы желтоқсанда Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысын өткізуде, «Қазақ КСР-інің ерте заманнан осы күнге дейінгі тарихының» жарық көруіне ұйытқы болды. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты мен Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияны ұйымдастырды. 1945 – 1947 жылы Қазақ КСР-і ХКК төрағасының орынбасары, Шығыс Қазақстан облысы партия комитетінің 1-хатшысы қызметін атқарды. 1947 – 1952 жылы Қазақстан КП ОК-нің идеология жөніндегі хатшысы. Ол 1949 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігін ұйымдастырды. Омаров халық өнері мен музыкасын, ауыз әдебиетін насихаттауға зор үлес қосты, Шоқан, Ыбырай, Абай еңбектерін өнеге ретінде ұсынды. 1949 жылы жарық көрген «Қазақ КСР тарихының» толықтырылған 2-басылымының жауапты редакторы болды. Е.Бекмахановтың қазақ халқының шын мәніндегі тарихын ашық жазуына, Кенесары, Наурызбай батырлар жайында ақиқаттың айтылуына, І.Жұмалиевтің Исатай мен Махамбет жөніндегі материалдарды бастыруына ұйытқы болды. Осы жағдайлар оның 1951 – 1952 жылы «ұлтшылдарды қолдаушы» деген науқаншыл айыппен Қазақстан КП ОК-нің құрамынан шығарылып, қудалануына алып келді. 1952 – 1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болды. 1955 – 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысы партия комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1959 – 1961 жылы «Қазақфильм» киностудиясының директоры, Қазақ КСР-і Министрлігі Кеңесінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, жаңа қалыптасып келе жатқан қазақ кино өнерінің дамуына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. 1961 – 1967 жылы Қазақ КСР Министрлігі Кеңесі жанындағы Мемлекеттік жоспарлау комитеті төрағасының орынбасары, 1-орынбасары, 1967 – 1970 жылы Қазақ КСР Мәдениет министрі болды. Омаров осы кезеңде қазақтың эстрадалық өнерін, ұлттық циркті, театр жұмысын жетілдіруге, кәсіби өнердің басқа да салаларын тыңнан дамытуға барынша күш салды.

92 жыл бұрын (1930) қазақ антропология ғылымының негізін қалаушы, ғалым-антрополог Оразақ СМАҒҰЛ дүниеге келді.

ҚазМУ-ды (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) бітірген. 1959 — 61 ж. КСРО ҒА Этнография институтының аспиранты, 1961 жылдан Қазақстан ҒА Тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері. Олардың ұйымдастыруымен 36 экспедициялық және далалық зерттеулер жүзеге асырылды. Оның ішінде үнді — кеңес (1974 — 75), қазақ-моңғол (1991 — 92) және қазақ-италия (1993 — 94, 2002 — 2004), т.б. антропологиялық экспедицияларында болды. Ол Қазақстан мен Қырғызстанның биік таулы аймақтарына бейімделу мәселелерін аймақтың этноүрдістерімен байланыстыра зерттейтін халықаралық ғылыми жобаға жетекшілік етті. 200-ден астам ғылыми еңбектің авторы, оның 20-ға жуығы АҚШ, Жапония, Қытай, Үндістан, Түркия, Италия, Германия, Франция, Дания, т.б. шет елдерде жарық көрді. Еңбектерінде қазақтардың генофондының біркелкілігі, 4 мыңжылдық тарихы жайлы ғылыми пікірлер тұжырымдалды. С. Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері (1990).

81 жыл бұрын (1941) Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, дипломат, саясаттану ғылымының докторы Төлеутай Ысқақұлы СҮЛЕЙМЕНОВ дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы, қалалық бақылау комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1980-1981 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - ҚР-дың АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - ҚР-дың Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - ҚР-дың Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ҚР-дың Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - ҚР-дың Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Дипломатия институтының директоры. «Құрмет белгісі», Құрмет, Венгрияның Орта Крест, Словакияның Қос крестің ақ орденімен және медальдармен марапатталған.

60 жыл бұрын(1962) мемлекет қайраткері Асқар Исабекұлы МЫРЗАХМЕТОВ дүниеге келді.

Алматы зооветеринарлық институтын (1984); Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (Мәскеу, 1988); Қазақ менеджмент және маркетинг институтын (Алматы, 1997) бітірген. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты (1988). «Нұр Отан» ХДП мүшесі. 1988 жылдан – БААШҒЗЗ Шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1991 жылдан – «Қазақстан» республикалық биржасы» АҚ вице-президенті. 1994 жылдан – «ТАСМО» инвестициялық коммерциялық орталығының бас директоры. 1995 жылдан – «Агро-Лизинг» АҚ бас директоры. 1999 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық вице-министрі. 2002 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық бірінші вице-министрі – ҚР Ауып шаруашылық министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы. 2005 жылдан – ҚР ауыл шаруашылық министрі. 2006 жылдан – Өзбекстан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007 жылдан – «Оңтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. 2009 жылдан – Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2015 жылдан – Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. 2016 жылдың мамыр айынан – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі. 2016 жылдың маусым айынан 2018 жылдың қаңтар айына дейін аралығында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарған. Жамбыл облысының әкімі болды (2018-2020).

52 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы әкімінің орынбасары

Арман Тарғынұлы ӘБЕНОВ дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. 1993 жылы К. А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын (Ғалым-агроном), А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін (Экономика бакалавры), 2009 жылы Халықаралық бизнес университетін бітірген.

Еңбек жолын 1987 жылы кеңшар жұмысшысы болып бастады 1993-2000 жылдары – Торғай облысы Октябрь ауданы «Теректі» кеңшарының бригада агрономы, бригадирі, бас агрономы, директордың өндіріс жөніндегі орынбасары. 2000-2005 жылдары – Қостанай облысы әкімі аппаратының бас маманы, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары. 2005-2007 жылдары – Қостанай облысы Таран ауданының әкімі. 2007-2008 жылдары – Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімі. 2008-2010 жылдары – Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары – Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2011-2021 жылдары – Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы. 2021 жылдың сәуір-мамыр айларында – Қостанай облысы әкімінің кеңесшісі.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың мамыр айынан бастап.

51 жыл бұрын (1971) Қостанай облысының прокуроры Берік Рахатұлы ӘБІЛОВ дүниеге келді.

Талдықорған облысы Жаркент қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1993 жылы Талдықорған облысы Талдықорған қаласының прокуратурасында тағылымдамадан өтуші қызметінен бастады. Талдықорған қаласы прокуратурасының аға тергеушісі, Алматы қаласы прокуратурасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі, азақстан Республикасы Мемлекеттік тергеу басқармасының Алматы қаласы бойынша Бас басқармасы бастығының орынбасары, бөлім бастығы, аға тергеуші, Алматы қаласы Әуезов аудандық ішкі істер басқармасы жанындағы милиция тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары, Алматы қаласы Бостандық аудандық ішкі істер басқармасы тергеу бөлімінің бастығы, Алматы қаласы прокуратурасы бөлімінің прокуроры, аға прокуроры, Алматы қаласы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры, Алматы қаласы бойынша, Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті тергеу басқармасының бастығы, Маңғыстау облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының орынбасары, бастығы, Басқарма бастығы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары. 2018 жылдың тамыз айынан бастап – Нұр-Сұлтан қаласы прокурорының бірінші орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2021 жылғы мамырдан бастап.

48 жыл бұрын (1974) «Семей қаласы Шәкәрім атындағы университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы – ректоры Бауыржан Амангелдіұлы ЕРДЕМБЕКОВ дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысында туған.1996 жылы «Семей» мемлекеттік университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын (1996 жылы аспирантурасын) бітірген.

Еңбек жолы: 1991-1992 жылдары – Шығыс Қазақстан облысы Жарма ауданы Асқарлы ауылындағы Лекеров атындағы орта мектептің қазақ тілі мұғалімі. 1999-2000 жылдары – Семей мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының оқытушысы.2001-2004 жылдары – М.Әуезов атындағы Семей университетінде сырттай факультет деканы. 2004-2007 жылдары – М.Әуезов атындағы Семей университеті филология факультетінің деканы. 2007-2008 жылдары – М.Әуезов атындағы Семей университетінің оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры. 2008-2009 жылдары - М.Әуезов атындағы Семей университетін тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры. 2009-2011 жылдары – Семей мемлекеттік педагогикалық институты психология-педагогика факультетінің деканы. 2011-2012 жылдары – Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. 2012-2017 жылдары – С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің стратегиялық даму және ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры. 2017-2021 жылдары – Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың қаңтар айынан бастап.

«Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011), «Моңғолияның білім беру үздігі» (2013) медальдарымен, «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2009), «Ы.Алтынсарин» (2014) төсбелгілерімен марапатталған.

45 жыл бұрын (1977) Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Нұрмағамбетұлы ШОЙКИН дүниеге келді.

Көкшетау облысында дүниеге келді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Саясаттанушы, мемлекеттік қызмет менеджері, саяси ғылымдар кандидаты. ҚР Мәдениет министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, 2009 жылдың қыркүйегінен «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды. 2016-2017 жылдары ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істер комиртетінің төрағасы болып жұмыс жасаған. 2017-2019 жылдың желтоқсан айынан ҚР Президенті Әкімшілігі секторының меңгерушісі болды. 2019 жылдың сәуір-қазан айы аралығында Ақмола облысы Ішкі саясат басқармасына басшысы қызметін атқарды. 2019-2020 жылдары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту департаментінің директоры. 2020-2021 жылдары – Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті төрағасының орынбасары.

Қазіргі қызметінде 2021 жылдың наурызынан бастап.


Соңғы жаңалықтар