1 қазан күні «Астана Опера» музыка күнін атап өтеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Музыка күнінде «Астана Опера» Камералық залында өтетін «Мәңгі өшпес із қалдырған» симфониялық концерттер топтамасы барокко дәуірінің атақты композиторы А.Вивальдидің туындыларынан құралған бірегей бағдарламамен ашылмақ. 1 қазан күні Қазақстанда алғаш рет «Азат етілген Андромеда» операсынан Персейдің ариясы шырқалады. «Астана Опера» камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиновтың жетекшілігімен өнер көрсетеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат театрдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

- Концертіміз XVIII ғасырдағы музыка өнерінің көрнекті өкілдерінің бірі Антонио Вивальди шығармашылығына арналады. Екі бөлімнен тұратын кең ауқымды да қызықты бағдарламаға «Баязет» операсынан Ирена және «Гризельда» операсынан Констанцаның сирек орындалатын ариялары, әйгілі «Жыл мезгілдері» топтамасы, екі скрипка мен оркестрге арналған концерт, екі гобой мен оркестрге арналған концерт, фагот пен оркестрге арналған концерт енген. Осы топтама аясында біз тыңдарман назарына барокко дәуірімен байланысты Г.Перселл, И.С.Бах, Г.Ф.Гендель, T.Д.Альбинони сынды бірқатар композиторларды ұсынуды жоспарлаудамыз. Театр әртістерімен бірге сахна төріне Қазақстан мен шетелден шақыртылған музыканттар шығады. Концерттер біршама өзгеше форматта өтетін болады, көрермендерге әзірлеген тосынсыйымыз көп, - деді жоба авторы, дирижер Абзал Мұхитдинов.

«Мәңгі өшпес із қалдырған» атты симфониялық концерттердің жаңа топтамасы көрермендерді тың жанрлардың негізін салып, олардың болашақта дамуын анықтаған көрнекті композиторлармен, музыкалық бағыт өкілдерімен таныстыруға бағытталған. Топтама Антонио Вивальдидің шығармашылығымен ашылады, ол дарынды скрипкашы және композитор ретінде бес күннің ішінде үш бөлімді опера музыкасын жаза алатын әрі бір тақырыпта көптеген вариацияларды құрастыруға қабілетті композитор ретінде кеңінен танымал болған. Вивальдидің аспаптық концерттері классикалық симфонияның қалыптасу жолындағы кезең болып табылады.

Сондай-ақ концертке театрдың жетекші солисі, Башқұртстанның еңбек сіңірген әртісі Альфия Каримова (сопрано), Батыржан Смақов (контртенор), «Астана Опера» оркестрінің солисі және бірінші скрипкасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бағдат Әбілханов, «Мәдениет қайраткері» Айсұлу Байкенова, Мәдина Капеу (скрипкалар), Әсет Нелдібаев (фагот), Дамиля Махпирова, Нұргүл Сапарова (гобойлар) қатысады.

Жүргізуші – «Мәдениет қайраткері» Маржан Жәкенова.

Концерттің басталуы - сағат 19.00-де.

Соңғы жаңалықтар