1 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР
2017 жылғы 1 қазан 06:27

1 қазан. ҚАЗАҚПАРАТ КҮНТІЗБЕСІ: АТАУЛЫ КҮНДЕР, ОҚИҒАЛАР, ЕСІМДЕР

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚазАқпарат оқырмандарына 2017 жылғы 1 қазанға арналған күнтізбесін ұсынады.

1 қазан. ЖЕКСЕНБІ

Қазақстанда оқытушылар күні

Қазанның бірінші жексенбісінде бұл мерекені Беларусь, Латвия, Ресей және Украина елдерінде де атап өтеді. Ал бұрынғы КСРО-ның құрамында болған елдердің кейбірі Ұстаздар күнін басқа күнге, атап айтқанда, 5 қазанға көшірді.

Халықаралық қарттар күні

БҰҰ Бас Ассамблеясының 1990 жылғы 15 желтоқсандағы қарары негізінде жыл сайын атап өтіледі. Қазақстан Республикасының Конституциясында қарт адамдардың жалпы азаматтық және арнайы құқықтары мен мүдделері, оның ішінде жасы бойынша әлеуметтік қамсыздандыру кепілдіктері бекітілген. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымының жіктеуіне сәйкес, қарт адамдарға 60 пен 74 жас, кәрілерге 75-89 жас аралығындағылар, ал ұзақ жасаушыларға жасы 90-нан асқандар кіреді.

Халықаралық музыка күні

ЮНЕСКО-ның Халықаралық музыка кеңесінің шешімімен жыл сайын 1 қазанда атап өтіледі.

Дүниежүзілік вегетариандар күні

1977 жылы Солтүстікамерикалық вегетариандық қоғамдастық ұсынған. Кейін 1978 жылы мерекені енгізу идеясын Халықаралық вегетариандық одақ қолдады.

Халықаралық құстарды бақылау күні

Қазан айының алғашқы демалыс күнінде тойланады.

Кипр Тәуелсіздігі күні

Кипр өз тәуелсіздігін 1960 жылы Ұлыбританиядан алған. Осы кезден бастап мейрам жыл сайын тойланып келеді, бұл күн Кипр елінде демалыс деп жарияланған.

Кипр - Сириядан батысқа қарай, Түркиядан оңтүстікке қарай Жерорта теңізінің көлемі жағынан үшінші аралында орналасқан мемлекет. Астанасы - Никосия. Мемлекеттік тілдері: грек (кипр диалектісі) және түрік тілдері. Мемлекеттік құрылысы - республика. Мемлекет басшысы - президент. Ақша бірлігі - кипр фунты (түріктер көп тұратын өңірлерде түрік лирасы да кеңінен қолданылады).

Камерун бірлігі күні

1961 жылы Камерун Федеративтік Республикасы құрылғаннан бері тойланады. Сол тарихи күнге дейін, 1922 жылдан 1960 жылға дейін Камерунді Франция мен Ұлыбритания бөлісіп алған болатын.

ҚХР-дің Мемлекеттік мейрамы - Қытай Халық Республикасының құрылған күні (1949)

Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылғы 3 қаңтарда орнатылды.

Нигерия Федеративтік Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1960)

Нигерия - Батыс Африкада орналасқан мемлекет. Солтүстігінде - Нигермен, шығысында Чад, Камерунмен, батысында Бенинмен, оңтүстігінде Гвинея шығанағымен шектеседі. Астанасы - Абуджа қаласы. Мемлекеттік тілі - ағылшын тілі. Ақша бірлігі - найра. Ел әкімшілік жағынан 36 штат пен федералдық аумаққа бөлінеді. Мемлекет басшысы - Президент. Жоғарғы заң шығарушы органы - Парламент.

Тувалудың Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1978)

Тувалу - Тынық мұхитының батыс бөлігіндегі 9 атоллда орналасқан мемлекет. Басты аралы болып Фунафути атоллы есептелінеді. Астанасы - Фонгафале қаласы. Мемлекеттік тілі - тувалу және ағылшын тілдері. Ақша бірлігі - доллар. Мемлекеттік құрылысы - конституциялық монархия. Мемлекет басшысы - Ұлыбритания королевасының өкілі генерал-губернатор. Үкімет басшысы - Премьер-Министр.

Палау Республикасының Ұлттық мейрамы - Тәуелсіздік күні (1994)

Палау - Тынық мұхитындағы Каролин аралдары тобындағы 200-ге жуық аралда орналасқан мемлекет. Астанасы - Корор қаласы. Ресми тілі - ағылшын тілі, сонымен қатар палау, каролин тілдері де кеңінен қолданылады. Ақша бірлігі - АҚШ доллары. Ел аумағы әкімшілік тұрғыдан 16 штатқа бөлінеді. Мемлекет пен үкімет басшысы - президент. Жоғары заң шығарушы органы қос палаталы парламент - Ұлттық конгресс (Сенат және депутаттар палатасы).
Палау аралдарын алғаш рет 1543 жылы испан теңізшісі Руи Лопес де Вильялобос ашқан. 16-17 ғасырларда испандықтар аралдарды толық отарлаған. Бүл аралдарды 1910 жылы Германия сатып алған, ал 1914 жылы жапондар оккупациялады. 1947 жылдан бастап Палау басқа Каролин аралдарымен бірге БҰҰ-ның қамқорлығына алынып, АҚШ басқаруындағы Тынық мұхиты аралдары құрамына кірген. БҰҰ-ның қамқорлық жөніндегі кеңесі 1986 жылы 28 мамырда қабылдаған қарарына сәйкес 1994 жылы 1 қазанда ел өз тәуелсіздігін жариялады.

ЕСТЕ ҚАЛАР ОҚИҒАЛАР

1718 жылы Семей қаласының іргетасы қаланды. Ол І Петрдің шығыс аймақтағы жерлерді қорғау туралы әйгілі жарлығына және Ертіс өңірі бекіністерінің салына бастауына байланысты болған, бұлардың құрылысы 1714 жылдан 1720 жылдарға дейін созылды. Бірақ та бірқатар ғалымдардың тұжырымы бойынша Семей тарихы ғасырлар қойнауларына тереңдеп, 1000 жылдан астам уақытты қамтиды. 1718 жылдың күзінде Семипалат бекінісі подполковник П. Ступиннің қадағалауымен «нығайтылды және толық қаруландырылды».

Шекара және әскери-тірек базасы ретінде пайда болған Семей бекінісі дами келе Ресей мен Қазақстан арасындағы ғана емес, сондай-ақ Ресей, Орта Азия және Батыс Қытай арасындағы маңызды сауда пунктіне айналды. Семей қаласының негізі қаланғаннан бастап мұнда сауда жасау үшін жоңғар қалмақтары, бұқарлықтар, қоқандтықтар, ташкенттіктер келетін.

1854 жылғы 1 қазанда Семей облысының салтанатты ашылуы болды. Семей штаттан сырт қаладан бірден облыстық қалаға айналды. Жаңадан құрылған облыс Ресей империясы құрамындағы ең үлкен облыс болды. Қалалық Дума мен Қалалық сот құрылды. 1873 жылы Семейде телеграф, 1910 жылдан бастап телефон және Қазақстандағы алғашқы су құбыры жұмыс істеді. 1906 жылы Жоғарғы Ертісте кеме қозғалысы ресми түрде ашылды.

XIX ғасырдың аяғы - XX ғасырларда Семей облысында өнеркәсіп ең алдымен, сыртқа шығарылатын шикізатты бастапқы өңдеу үшін құрылды. XX ғасырдың басында Ресейдің ірі фирмалары мен әскери ведомствоның шұға фабрикалары осында жүн, былғары дайындады. 1863 жылы қалада екі оқу орны, соның ішінде бір уездік училище және оның жанында қыздар мектебі, 2 шіркеу-приходтық училище, 14 казак және 9 жекеменшік татар мектебі болды. XIX ғ. аяғында XX ғ. басында ер балалар мен қыздардың классикалық гимназиялары, мұғалімдер семинариясы жұмыс істеді. Мұғалімдер семинариясында әлемдік мәдениеттің болашақ алыптары Мұхтар Әуезов пен Қаныш Сәтбаев білім алды. Ұлы орыс жазушысы Федор Михайлович Достоевский бес жылдан астам уақыт (1854-1859 жылдары) Семей қаласында тұрып, осында өзінің «Өлі үйден хаттар», «Ағайдың түсі», «Степанчиково селосы және оның мекендеушілері» атты өшпес туындыларын жазды. Осында Ф.Достоевский П.П. Семенов-Тянь-Шанскиймен, Шоқан Уәлиханов, Г. Потаниндермен кездесіп, сұхбаттасқан. Петербург университетінің студенті Е. П. Михаэлис, халықшылдар Н. Долгополов, С. Гросс, П. Лобановский, А. Леонтьев, Н. Коншин және басқалар айдау жазасын өтеген. Олар Семей қаласында зор ғылыми және мәдени-ағарту жұмысын жүргізді. Қазақтың ұлы ақын-ағартушысы Абай Құнанбаев есімі Семей қаласымен тығыз байланысты.

Семей - республикамыздың мәдени, тарихи орталықтарының бірі. Мұнда Абайдың және Ф. М. Достоевскийдің мұражайлары, Қазақстанның байырғы өлкетану мұражайы, Невзоровтар отбасы атындағы бейнелеу өнері мұражайы, кітапханалардың тұтас желісі халыққа қызмет етеді. Екі театр-Абай атындағы қазақ музыкалы-драма театры және Ф. М. Достоевский атындағы орыс драма театры жұмыс істейді.

1791 жылы Зыряновское ауылының негізі қаланды. Оның атауы Демидовтағы Локтевской зауытының жұмыскері, полиметалдар кенішін алғаш рет ашқан Герасим Зыряновтың құрметіне қойылды.

1893 жылы Верный (Алматы) қаласында облыстық сот пен тұтынушылар қоғамы ашылды.

1922 жылы Көкшетау-Бурабай темір жол учаскесі пайдалануға берілді.

1932 жылы Орал қаласында қазіргі М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті педагогикалық институт ретінде құрылды. Ол республиканың екінші педагогикалық ЖОО-сы аталды. Институтқа КСРО-ның ағарту ісі жөніндегі ұлттық комиссары М.Н.Покровскийдің есімі берілген, ал 1937 жылдан бастап ЖОО-ға А.С.Пушкин есімі берілді. Соғыстан кейінгі жылдары А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты жыл сайын 18 мамандық бойынша 700-ден астам түлек даярлап шығарып отырған ірі ЖОО болды. 1996 жылдың мамыр айында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институты А.С. Пушкин атындағы Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып өзгертілді. 2000 жылдың 14 ақпанында Қазақстан Үкіметінің Қаулысымен Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті құрылған, ал 2003 жылы оған Махамбет Өтемісұлының есімі берілді.

1945 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Самарқан елді мекені Қарағанды қаласы аймағынан шығарылып, атауы Теміртау қаласы болып өзгерді. Бастапқыда жиырма мың тұрғыны, бір ауруханасы, екі мектебі және жиырма мың шаршы метр тұрғын үйі болды. Сол жылдардан бастап қаладағы өнеркәсіптің дамуы қарқындап, одақтас республикалардың барлығынан адамдар келе бастады. 1950 жылдары тұрғындар саны екі есе өсті. Қазір Теміртау қаласында болат, электр және жылу энергиясы, сірке қышқылы, синтетикалық каучук, кокс, минералды тыңайтқыштар, цемент, т.б. өнімдер өндіріледі. Теміртау 1971 жылы Қазақстан қалаларының ең алды болып, халық шаруашылығын және ауыр индустрияны дамытудағы еңбектері үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда Теміртау - индустриялы Қарағанды қаласының сыңары, Қазақстан қара металлургиясының орталығы.

1971 жылы Павлодар есеп-экономика техникумы құрылды.

1991 жылы Алматыдағы Достық үйінде посткеңестік 13 мемлекеттің және Республикааралық экономикалық комитет басшыларының кездесуі өтті.

1996 жылы Алматыда алғаш рет «Айналайын» халықаралық балалар шығармашылығы фестивалі өтті. Ұйымдастырушысы - «Бөбек» балалар қоры.

1998 қазанның 1-4-і Астанада алғаш рет жас таланттардың «Шабыт» республикалық фестивалі өтті.

2005 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында «Мәдени мұра» атты кітап көрмесі ашылды. Көрмеге мемлекеттік бағдарлама мен мемлекеттік тапсырыс бойынша жарық көрген 200-ден астам кітап, альбом, салт-дәстүр, өнер, тіл саясаты мен археология және Қазақстанның сәулет ескерткіштері туралы басылымдар қойылған. Олардың қатарында 100 томдық «Балалар сөзі» топтамасының алғашқы 8 томы, «Қазақ әдебиеті тарихының» 7-8-ші томдары, сонымен қатар қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қазақстан. Ұлттық энциклопедия», «Қазақтың ата заңдары», «Ешкіөлмес тауындағы таңбалы тастар», «Қазақ әдебиетінің тарихы» сынды аса құнды басылымдар бар. Сондай-ақ, бұл көрмеде ғасырлар қойнауынан жеткен батырлар жыры, салт өлеңдер, мақал-мәтелдер мен жұмбақтар жинақталып, қазақ халқының тарихында аса маңызды орын алатын қолжазбалар мен сирек кездесетін кітаптар да көрсетілді.

2011 жылы облыстық мәслихат сессиясында Павлодар облысының логотипі бекітілді.

2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Маңғыстау облысына жасаған жұмыс сапары барысында Ақтау портын кеңейту жобасының жүзеге асырылуымен танысты және «Боржақты - Ерсай» жаңа темір жолының құрылысын бастауға рұқсат етті.

«Боржақты - Ерсай» теміржол желісі Құрық портында паром кешенін салуға және жағалау аймағында бірқатар индустриялық жобаларды жүзеге асыруға инфрақұрылымдық негіз болады.

2014 жылы Мемлекет басшысы Ақтау қаласының жағалауында Қазақстан жастарын еліміздің сұлулығы мен өзіндік ерекшелігі туралы ортақ идеяға біріктіруге бағытталған «Менің елім. Каспийден Алтайға дейін» экспедициясына қатысушылармен кездесті. Оның құрамында этнограф, блогер, журналистер мен фотографтардан құралған 20 адам болды.

Қазақстанда құрастырылған бес автомобильге мінген олар екі айда республиканы аралап шығады. Оған қатысушылар экспедиция аяқталған соң фильм, фотокітап шығарады.

2014 жылы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен барған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Caspian Offshore and Marine Construction» ЖШС-ның теңізге арналған металл конструкциялар зауытына барды.

Нысанды аралау кезінде Мемлекет басшысына кәсіпорынның қызметі туралы баяндалды және «KMG Drilling & Services» ЖШС үшін арнап жасалған, өзін өзі көтеретін, Қазақстандағы алғашқы бұрғылау қондырғысы таныстырылды.

2014 жыл. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2008 жылы сайланған депутаттарының конституциялық өкілеттік мерзімі аяқталуына байланысты, елімізде Қазақстан Республикасының Сенатына сайлау болды.

Қазақстан Парламентінің Сенаты 47 депутаттан құралған. Оның ішінде 32 сенаторды, яғни, елдің 16 өңірінің әрбірінен (14 облыс және республикаға бағынатын екі қала - Астана және Алматы) 2 депутаттан сайлаушылар - барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлайды. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулi мүдделерiнiң бiлдiрiлуiн қамтамасыз ету қажеттiлiгi ескерiлiп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президентi тағайындайды. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - 6 жыл.

2015 жылы Алматыда «Қайрат» футбол клубының барлық әлемдік талаптарға жауап беретін негізгі жаттығу базасы салтанатты түрде ашылды.

2015 жылы ТҮРКСОЙ Бас хатшылығы Бурса қаласының мэриясымен ынтымақтастықта «Түркі әлемінің мәдени мұралары және музейлері» Халықаралық форумының баяндамалар жинағын шығарды.

Жинақта Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Гагаузия (Молдова), Башқұртстан, Татарстан, Саха (Якутия), Тува, Хакасия, Қырым, Тәжікстан музейлері туралы құнды деректер қамтылды.

2016 жылы Шымкентте Израиль киносы фестивалі өтті. Израиль делегациясы кинофестиваль аясында Оңтүстік Қазақстанға бес фильм әкелді.

1869 жылы Венада маркасы бар әлемдегі бірінші пошталық ашық хат пайда болды.

1908 жылы автомобиль құрастыру саласындағы танымал американдық маман, құрастырушы Генри Форд жұртшылыққа өзінің жаңа машинасы «Форд Лизиді» көрсетті. Берік әрі құны арзан (850 доллар) көлік көпшіліктің көңілінен шықты. 1909 жылы аталған көліктің 19 000 данасы шығарылды. Ал 1927 жылы бұл машинаның саны 15 миллионға жетті.

1931 жылы КСРО-да тұрақты телебағдарламалар беріле бастады.

1964 жылы Жапонияда әлемдегі ең алғашқы жоғары жылдамдықпен жүруге болатын көлік магистралі - Токайдо-Синкансэн пайдалануға берілді. Бұл магистраль жылдамдықты сағатына 210 шақырымға дейін өсіруге мүмкіндік берді.

1981 жылы Швецияда Еуропа бойынша алғаш рет ұялы байланыс желісі жұмыс істей бастады.

ЕСІМДЕР
null 139 жыл
бұрын (1878-1956) педагог, жазушы, аудармашы КӨБЕЕВ Спандияр дүниеге келді.

Қостанай облысында туған. Ы.Алтынсарин ашқан ауылдық орыс-қазақ мектебінде сауат ашып, 1901 жылы Қостанайдағы мұғалімдер даярлайтын курсты бітірген. Ұзақ жылдар бойы ұстаздықпен айналысып, жас ұрпақты оқыту, тәрбиелеу ісімен шұғылданған. Қазақ балаларына орыс тілі мен әдебиетінен сабақ берген. Өзінің 50 жылдық ұстаздық іс-тәжірибесін «Орындалған арман» атты мемуарлық әдеби еңбегінде баяндады. Ол ұстаздық жұмысты жазушылық қызметпен тығыз байланыстыра жүргізді. Орыс жазушыларының тәлімдік шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.Крыловтың мысал өлеңдері) деген атпен жеке кітап етіп бастырып шығарды. 1912 жылы «Үлгілі бала» атты екінші оқу құралын (хрестоматия) жариялады. Оған өзі аударған Крыловтың мысалдарымен бірге қазақ ауыз әдебиеті үлгілерінің озық нұсқаларын (аңыз, әңгіме, ертегі, мақал-мәтелдер) енгізді. Сонымен бірге, бұл хрестоматияға қазақ балаларына табиғаттың түрлі құбылыстары мен жануарлар әлемі туралы мәлімет беретін қызықты қысқа әңгімелер де енгізілді. 1913 жылы «Қалың мал» романын жазды. Романда сол кезеңдегі қазақ ауылындағы әлеуметтік жағдайлар шынайы баяндалған. Оның педагогикалық ой-пікірлері «Орындалған арман» атты мемуарлық романында, сондай-ақ, әр жылдардағы мерзімді басылымдарда жарияланған «Оқытушының беделді болуының маңызы», «Балаларды мәдениеттілікке тәрбиелеу», «Балаларды оқуға ынталандыру туралы» атты мақалаларында ғылыми тұрғыда баяндалды.
2 рет «Ленин» орденімен марапатталған.


null 108 жыл
бұрын (1909-1988) қоғам қайраткері, ғалым, экономика ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым кайраткері БӘЙІШЕВ Сақтаған Бәйішұлы дүниеге келді.

Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Ақжар ауылында туған.
1927 жылы Темір орыс-қазақ жетіжылдық мектебін бітіріп, Қарсақпайда жас пионерлер аудандық бюросының төрағасы болған. 1930 жылы Түркістан қаласында БЛКЖО аудандық комитетінің хатшысы болып істеген. Осы жұмыстарда жүргенде-ақ С.Бәйішев экономикалық зерттеулермен шұғылдана бастаған. Журналистикаға деген құштарлық С.Бәйішевті республикалық жастар газеті - «Лениншіл жасқа» алып келеді. Мұңда ол алғашқыда бөлім меңгерушісі, сосын редактордың орынбасары қызметтерін атқарған. С.Бәйішев 1937-1941 жылдары Алматы жоғары оқу орындарында сабақ берген. 1937-1938 жылдары - Қазақ Марксизм-ленинизм ғылыми-зерттеу институтының директоры. 1938-1941 жылдары - «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінің жауапты редакторы. 1941-1945 жылдары - Кеңес Армиясы қатарында әскери құраманың комиссары, саяси бөлім бастығы, Кеңес Армиясының саяси басқармасы аппаратының жауапты қызметкері. 1946-1956 жылдары - КОКП Орталық комитеті жанындағы Марксизм-ленинизм институты Қазақ филиалының, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия тарихы институтының директоры, 1956-1968 жылдары - Қазақ КСР Ғылым академиясының вице-президенті қызметімен қатар Экономика институтының директоры. 1968-1982 жылдары Экономика институтының бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Осы жылдары ол елімізде ғылыми кадрлар даярлау, жаңа ғылым салаларын қалыптастыру ісіне елеулі үлес қосты. Ол алпысқа жуық ғылым кандидаттары мен докторларының ғылыми жетекшісі болды. С.Бәйішев Карл Маркс «Капиталының» І-томының тарауларын, В.Лениннің «Ресейде капитализмнің дамуы», «Империализм - капитализмнің жоғары сатысы» атты күрделі еңбектерін тұңғыш рет қазақ тіліне аударған. Ғалым 1959 жылы Республика Жоғарғы Кеңесінің Төрағасы болып сайланды. Ғылыми және қоғамдық қызметі кезінде 300-ден аса ғылыми мақала, 7 монография жариялады. Өмірінің соңғы жылдарын академик Сақтаған Бәйішев оқытушылық жұмысқа арнап, ғылыми кадрлар мен экономистердің жаңа ұрпағын даярлау саласында ұланғайыр іс тындырды.
Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері. КСРО ордендерімен, медальдармен марапатталған.

Ақтөбе қаласындағы университетке, облыстық ғылыми-әмбебап кітапханаға, Алматы қаласындағы бір көшеге, Темір қаласындағы орта мектепке ғалымның есімі берілген.

null 105 жыл бұрын (1912-1992) белгілі кеңестік және ресейлік этнолог, XX ғасырдың көрнекті еуразияшыл ғалымы, тарихшы-этнолог, тарих және география ғылымдарының докторы, ақын, парсы тілінен аудармашы ГУМИЛЕВ Лев Николаевич дүниеге келді.

Ол - Этногенез пассионарлық теориясының авторы. Қазақстанның ежелгі тарихын жетік білген. Ресей жаратылыстану ғылыми академиясының академигі, география және тарих ғылымының докторы, ұлы дала халықтарының тарихын зерттеген маман.

Ресейдегі Царское селосында дүниеге келді. Ақын Николай Гумилев пен ақын Анна Ахматованың ұлы. Балалық шағын Тверь губерниясының Слепнёво атындағы Бежецк уезінде әжесінің қолында өткізген. 1917 - 1929 жылдары аралығында Бежецк қаласында тұрды. Бежецк қаласының №1 мектебінде 1926 жылдан 1929 жылға дейін білім алды. Ал 1930 жылы Ленинградта оқыды. 1930-1934 жылдары Саян, Памирдегі, Қырымдағы экспедицияларда жұмыс істеді. 1934 жылы Гумилев Ленинград университетінің тарих факультетіне түсіп, Батыс пен Шығыстың өздеріне тән әр түрлі мәдениеттерінің бір-бірімен байланысы, сонымен қатар ерте орта ғасырлардағы халықтардың тарихи мәселелері қамтылған алғашқы «Удельно-лестничная система у тюрок в VI - VIII вв.» мақаласын жаза бастайды. Бірінші рет 1935 жылы түрмеге қамалады, бірақ анасының араласуымен көп уақыт өтпей босатылады. 1938 жылы Гумилев қайта түрмеге қамалып, 5 жылға бас бостандығынан айырылады. 1944 жылы өз еркімен майданға кетіп, 1945 ж. Берлин операциясына қатысады. 1945-1948 жылдары университетті жедел (экстерн) түрде бітіріп, «Политическая история первого тюркского каганата (546-656)» атты кандидаттық диссертация қорғады. Тұтқында жүргенде «Хунну» кітабын жазып, ол кітап кейіннен «Степная трилогия» кітабының бір бөлігі болды: «Хунну» (1960), «Древние тюрки» (1967), «Поиски вымышленного царства» (1970). Алғашқы екі кітабында Гумилев ұлы дала этносының тарихын суреттесе, «Поиски вымышленного царства» бөлігінде еуропалықтардың Еуразия даласының тұрғындарына алдын ала жоспар бойынша жасалған қарым-қатынастарының қалай туындағаны көрсетілген. 60-70 жылдарда Гумилевтің ғылыми еңбектерінің тарихи құрылымы жалпылама түрде қабылданған кеңестік тарихи ғылымнан түбегейлі айрықша болды, сондықтан да оның жұмыстары теріс бағаланды. Гумилевтің зерттеу әдістері толық көлемде «Этногенез и биосфера Земли» (1989) мақаласында көрсетілген. Гумилевтің тарих ғылымына қосқан негізгі үлесі «Древняя Русь и Великая степь» (1989) мақаласы болды. Онда IX-XII ғасырлардағы Еуразия этностарының бір-біріне өзара әсерлері қарастырылған. Автордың айтуы бойынша, тарих ұзақ уақыт бойы еуроорталықтандырушылық ұстаныммен бағаланды. Гумилев тарихтың міндеті цивилизацияның («суперэтностармен») ауысуына қатысты, тарихи процестердің мәніне байланысты этностардың дамуын оқып үйрену деп санады. Тарихи зерттеулердегі осы бағыт қазіргі уақытта жүзеге аса бастады. 1991 жылы Ресей жаратылыстану ғылымдарынң акдемигі (РАЕН) болып таңдалды. Зейнетке шыққанға дейін 1986 жылы Ленинград мемлекеттік университетінің география Ғылыми-зерттеу институтында жұмыс істеді. 1992 жылы 15 маусымда Санкт-Петербургте қайтыс болды. 2005 жылы тамызда Қазанда «Санкт-Петербург күндеріне және Қазан қаласының мыңжылдығын тойлауына байланысты» Лев Гумилевке ескерткіш қойылды, онда мынандай сөздер жазылған: «Өмір бойы татарларды жала жабудан қорғаған орыс адамына». Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке бастамасымен 1996 жылы Қазақстан Республикасының елордасы Астанадағы жоғары оқу орындарының бірі Еуразия ұлттық университеті Гумилевтің есімімен аталды. 2002 жылы университет қабырғасында Л. Н. Гумилевтің кабинет-мұражайы құрылды.

null 99 жыл бұрын (1918-1977) қазақстандық ұшқыш, екі мәрте Кеңес Одағының Батыры ЛУГАНСКИЙ Сергей Данилович дүниеге келді.

Алматы қаласында туған. Орынбордағы ұшқыштар мектебін, Мәскеудегі әскери-әуе академиясын бітірген. 1939-1940 жылдары кеңес-фин соғысына қатысты. Ұлы Отан соғысы кезінде 390 рет ұшу сапарына шығып, жаудың 37 ұшағын атып түсірді. Соғыстан кейінгі жылдары КСРО Қарулы Күштерінің әскери әуе күштері саласында әр түрлі жоғары басшылық қызметтерде болды.
«Ленин», «Александр Невский», 2 мәрте «Қызыл Ту», «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.





null 87 жыл бұрын (1930-1995) жазушы САҚАБАЙҰЛЫ Көкей дүниеге келді.
Шығыс Қазақстан облысында туған. Алматы металлургиялық тау-кен институтын бітірген. Жезқазған, Лениногроск (қазіргі Риддер), Өскемен қалаларында мамандығы бойынша инженер болып істеген.
«Өткел ауызында», «Кенші келбеті», «Көктас», «Төлеген Тоқтаров» секілді көркем прозалық және бірнеше очерк кітаптардың авторы.





79 жыл бұрын (1938-1999) техника ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты БЕЙСЕМБАЕВ Болат Балтақайұлы дүниеге келді.

Шығыс Қазақстан облысының Жарма ауданында туған. Қазақ тау-кен металлургия институтын және аспирантурасын бітірген. Ол Қазақстан Ғылым академиясы Металлургия және кен байыту институтының кіші, аға ғылыми қызметкері, зертхана меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры, Қазақстан Ғылым академиясы жер туралы ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. Ғалымның негізгі ғылыми еңбектері түсті және сирек металдар металлургиясын зерттеуге арналған. Ол түсті металдар мен фосфордың баланстан тыс және қиын байытылатын кентастарын кешенді өңдеу процесінің химия-металлургиялық негізін жасады. Сапасы төмен Жаңатас кварциті мен құрамында марганеці бар Шолақтау фосфоритін қайта өңдеу технологиясын өндіріске енгізді. Титан өндіру кезінде ванадийлі қосылыстар алудың жаңа технологиясын, сондай-ақ, қорғасын-мырышты кентастарды жер астында шамалау жобасын жасады. Оның геотехнологиялық тәсілін қолдану нәтижесінде Ақтоғай және Айдарлы мыс кентасы орындарының қоры едәуір арттырылды. Васильков кен орны кентасынан жыл бойы алтын шаймалау технологиясы игерілді.

Ленин, Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.

null 76 жыл бұрын (1941) Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі, дипломат, саясаттану ғылымының докторы СҮЛЕЙМЕНОВ Төлеутай Ысқақұлы дүниеге келді.

Семей қаласында туған. Қарағанды политехникалық институтын, КСРО СІМ Дипломатиялық академиясын бітірген. 1971-1977 жылдары - Қазақстан ЛКЖО Теміртау қалалық комитетінің бірінші хатшысы, қалалық бақылау комитетінің төрағасы, қалалық партия комитетінің екінші хатшысы. 1980-1981 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің бірінші хатшысы. 1981-1985 жылдары - КСРО-ның Ауғанстанның Мазари-Шариф қаласындағы Бас өкілдігінің (консульство) консулы. 1985-1988 жылдары - КСРО СІМ Орта Шығыс елдері бөлімінің кеңесшісі. 1988-1991 жылдары - КСРО-ның Ирандағы Елшілігінің кеңесшісі. 1991-1994 жылдары - ҚР Сыртқы істер министрі. 1994-1996 жылдары - ҚР-дың АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі. 1996-2001 жылдары - ҚР-дың Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Польша, Болгария, Чехия, Словакия және Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарушы. 2001-2003 жылдары - ҚР-дың Бельгиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі, ҚР-дың Люксембург Ұлы герцогтығындағы, Нидерланды Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі және ҚР-дың Еуропалық Одақ және Солтүстік-Атлантикалық шарт ұйымы жанындағы өкілдігі басшысы қызметін қоса атқарушы. 2003-2005 жылдары - ҚР-дың Польшадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды. Дипломатия институтының директоры.

«Құрмет белгісі», Құрмет, Венгрияның Орта Крест, Словакияның Қос крестің ақ орденімен және медальдармен марапатталған.

null 56 жыл бұрын (1961) Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары ВИШНЯК Сергей Викторович дүниеге келген.

Ол Ақтөбе қаласында туған. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе педагогикалық институтын экономика және менеджмент мамандығы бойынша бітірген (1997).

Еңбек жолы: Ақтөбе хром қосындылары зауытында энергоцех слесары, аппаратшы, ауысым шебері, 4-цех бөлімінің бастығы, зауыт қондырғылары бөлімінің бастығы, зауыт комплектациялау бөлімінің жетекші инженері (1978-1998); түрлі коммерциялық ұйымдарда басшы лауазымдарында (1998-2000); «Динар-Электромаш» ЖШС («Энергия» фирмасы) іс басқарушысы (2000 жылдан); Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссияның мүшесі (2016 жылдан).

Қазіргі лауазымында - 2017 жылдың ақпанынан.

«Құрмет» және Қасиетті Князь Даниил Московскийдің ІІІ дәрежелі ордендерімен, «Алғыс», «Қазақстан ұлттық гвардиясына ХХ жыл», «Қазақстан халқы Ассамблеясына 20 жыл» медальдарымен, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға және қайырымдылықты дамытуға қосқан үлесі үшін» алғыс хатымен марапатталған. Ақтөбе облысының «Ел бірлігі», «Жыл адамы» номинациялары бойынша Қазақстан патриоты атағы берілді.

null 55 жыл бұрын (1962) ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі МЫРЗАХМЕТОВ Асқар Исабекұлы дүниеге келді.

Алматы зооветеринарлық институтын (1984); Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын (Мәскеу, 1988); Қазақ менеджмент және маркетинг институтын (Алматы, 1997) бітірген.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты (1988). «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
1988 жылдан - БААШҒЗЗ Шығыс бөлімшесі жүйесінде кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер. 1991 жылдан - «Қазақстан» республикалық биржасы» АҚ вице-президенті. 1994 жылдан - «ТАСМО» инвестициялық коммерциялық орталығының бас директоры. 1995 жылдан - «Агро-Лизинг» АҚ бас директоры. 1999 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық вице-министрі. 2002 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық бірінші вице-министрі - ҚР Ауып шаруашылық министрлігі Орман және аңшылық шаруашылық комитетінің төрағасы. 2005 жылдан - ҚР ауыл шаруашылық министрі.
2006 жылдан - Өзбекстан Республикасындағы ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі. 2007 жылдан - «Оңтүстік» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы. 2009 жылдан - Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі. 2015 жылдан - Нұр Отан партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары. 2016 жылдың мамыр айынан - Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі. 2016 жылдың 14 маусымынан бастап Елбасының Жарлығымен ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі қызметіне тағайындалды.
Орта Азия және Қазақстанның Биржалар қауымдастығына, Қазақстан Кәсіпкерлер форумының кеңесіне басшылық еткен, ҚР Премьер-министрінің штаттан тыс кеңесшісі болған.
6 медалмен марапатталған.

null 54 жыл бұрын (1963) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры БИСЕНҚҰЛОВ Берік Байболұлы дүниеге келді.

Гурьев облысы, Доссор кентінде дүниеге келген. Білімі жоғары. 1985 жылы В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын, 1994 жылы ҚР ІІМ Қарағанды жоғары мектебін бітірген.

Құқық қорғау органдарындағы қызметін 1986 жылы Маңғышлақ облыстық атқару комитеті ІІБ МАИ бөлімінің жол бақылау инженері қызметінен бастады.

1986-2001 жылдары Маңғышлақ облысы атқару комитетінің ІІБ-да, сондай-ақ, Алматы қаласы ІІББ-де түрлі басшылық лауазымдарды атқарды. 2001-2003 жылдары Алматы қаласы ІІББ Жол полициясы басқармасының бастығы. 2003-2007 жылдары Алматы қаласы ІІД бастығының орынбасары. 2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің кеңесшісі. 2009-2010 жылдары Алматы облысы ІІД бастығының орынбасары. 2010-2011 жылдары Көліктегі ІІД бастығының орынбасары. 2011-2013 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы. 2013-2014 жылдары Қазақстан Республикасы ІІМ Көліктегі ІІД бастығы. 2014 жылдың тамызынан бастап қазіргі қызметінде.

null 52 жыл бұрын (1965) Жамбыл облысы Т. Рысқұлов ауданының әкімі ҚЫРЫҚБАЕВ Асқар Санатұлы дүниеге келген.

Жамбыл облысында туған. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын (1988), Т.Рысқұлов атындағы Қазақ басқару академиясын (2000) бітірген, инженер-механик, экономист.

Еңбек жолы: Жамбыл облысы, Луговой ауданы, Құрағаты совхозының егіс бригадасының жұмысшысы (1982); Қазақ ауыл шаруашылығы институтының студенті (1982-88); Алматы қаласындағы орта кәсіптік-техникалық училищенің оқытушысы (1988-89); Алматы облыстық автосервис және сауда кәсіпорнының техника қауіпсіздігі бойынша инженері, шұғыл жөндеу шебері, бастықтың экономика және сауда жөніндегі орынбасары (1989-93); «Ақ-Бұлақ» ЖШС бас директоры (1997-2000); «Тау-Самал» ЖШС бас директоры (2000-02); «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы - «Алматы магистральдық теміржол желісі бөлімшесі» директорының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары (2002-06); «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ атқарушы директоры (2006-08); «Локомотив-Сервис» АҚ атқарушы директоры (2008-12); 2012 жылдың қыркүйек айынын бастап бастап ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің директоры.

Қазіргі лауазымын 2017 жылдың шілдесінен бері атқарып келеді.

null 47 жыл бұрын (1970) Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы ӘБЕНОВ Арман Тарғынұлы дүниеге келген.

Қостанай облысы Наурызым ауданының Қарамайшы селосында туған. 1993 жылы К.А. Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын, 2009 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін және Алматы қаласындағы Халықаралық бизнес университетін ғалым агроном, экономика бакалавры, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі мамандықтары бойынша тәмамдаған. 1987-1988 жылдары Қостанай облысы Наурызым ауданының «Первая семилетка» совхозында өсімдік шаруашылығы жұмысшысы, құрылыс бөлімінің жұмысшысы. 1988-1993 жылдары К.А. Тимирязев атындағы Москва ауыл шаруашылығы академиясының студенті. 1993-2000 жылдары Торғай облысы Октябрь ауданы «Теректі» совхозының өндірістік бөлімі бойынша агроном - бригадир, бас агроном, директордың орынбасары. 2000 - 2003 жылдары Қостанай ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмыстары бөлімінің бас маманы. 2003 - 2004 жылдары Қостанай облысы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және кадрлар жұмыстары бөлімінің бақылау жөніндегі облыс әкімінің бас инспекторы. 2004-2005 жылдары Қостанай облыстық Қостанай ауданы әкімінің орынбасары. 2005-2007 жылдары Қостанай облысы Таран ауданының әкімі. 2007-2008 жылдары Қостанай облысы Жітіқара ауданының әкімі. 2008 - 2010 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы. 2010-2011 жылдары Қостанай облысы әкімінің орынбасары. 2011 жылдың маусым айынан бастап Қостанай облысы әкімі аппаратының басшысы.

null 40 жыл бұрын (1977) ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы ШОЙКИН Ғалым Нұрмағамбетұлы дүниеге келді.

Көкшетау облысында дүниеге келді. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-ді, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет Академиясын бітірген. Саясаттанушы, мемлекеттік қызмет менеджері, саяси ғылымдар кандидаты.

ҚР Мәдениет министрлігінде, ҚР Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің бас сарапшысы, сектор меңгерушісі, 2009 жылдың қыркүйегінен «Нұр Отан» ХДП Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды. 2014-2016 жылдары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы қызметін атқарды.

Қазіргі қызметінде 2016 жылдың қараша айынан бастап жұмыс істеп келеді.

null 152 жыл бұрын (1865-1935) француз композиторы Поль ДЮКА дүниеге келді.











null 136 жыл бұрын (1881-1956) американдық ұшақ жасаушы, авиа жасау компаниясының негізін қалаушы Уильям БОИНГ дүниеге келді.











null 107 жыл бұрын (1910-1956) шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Орталық Азияны мекендеген түркі тілдес халықтардың тарихын зерттеушілердің бірі БЕРНШТАМ Александр Натанович дүниеге келді.
Ресейдің Керчь қаласында туған. Ленинград университетін бітірген. 1936 жылдан бастап жыл сайын ұйымдастырылып, Бернштам басқарған археологиялық экспедициялар солтүстікте Қаратау жоталарынан, оңтүстікте Памир тауларына дейінгі, шығыста Іледен, батыста Зеравшан үстіртіне дейінгі жерлерді зерттеп, Орталық Азия халықтарының көне тарихына қатысты маңызды мәліметтер жинаған. Ол 1930-1940 жылдары қазақ-қырғыз тарихына қатысты тың мәселелер көтеріп, сақ-үйсін, және түркі дәуірін зерттеуге елеулі үлес қосты. Археологиялық материалдарға сүйеніп, Теріскей Қырғыз өлкесінің қола дәуірден XV ғасырға дейінгі тарихын түбегейлі талдайды.

Серіктестер жаңалықтары

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT